
«Дем ал, бөбек»: Атырауда сәбилер денсаулығына жасалған жаңа қадам
AYALA қайырымдылық қоры мен INPEX North Caspian Sea, Ltd. компаниясы Атырау облыстық перинаталдық орталығына фототерапия шамдары мен билирубин өлшегіш құрылғыларды табыстады. Бұл жаңа жабдық неонаталдық сарыауруды уақытында анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. Бұл – күрделі асқыну кезінде мүгедектікке әкелуі мүмкін қауіпті жағдай.
«Біздің орталықта жыл сайын 10 мыңға жуық сәби дүниеге келеді, – дейді перинаталдық орталық директоры Қазбек Ермағамбетов. – Бұл құрылғылардың көмегімен біз ауыр сарыауру түрлерін тез анықтап, емдеуді кезек күтпестен бастай аламыз».
Фототерапия – қауіпсіз әрі тиімді емдеу әдісі. Жаңа туған нәрестенің қанындағы улы билирубинді көк жарық ыдыратып, ағзадан табиғи жолмен шығуына сеп болады. Алайда бұл жабдықтарға сұраныс жоғары және жиі тапшылық туындайды.
INPEX компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры Шоджиро Сето:
«Біз аймақтағы ең кішкентай тұрғындардың денсаулығына инвестиция салудамыз. Бұл – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің бір бөлігі», – деді.
Жоба AYALA қоры жүзеге асырып келе жатқан «Дем ал, бөбек» бағдарламасы аясында іске асты. 2011 жылдан бері Атырау облысында неонаталдық медицинаны дамытуға 189 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған. 18 жыл ішінде қор бүкіл ел бойынша перзентханаларға 140-тан астам фототерапия шамын тапсырды.
«Серіктестерімізбен бірлесе отырып, біз мемлекетке нәресте өлімін және балалар арасындағы мүгедектікті азайтуға көмектесіп келеміз», – деп атап өтті AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменова.