Жарнама
Медицина

ДӘРІГЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ РЕНІШ КӨБЕЙДІ

«Дөңгелек үстел» барысында облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысы Өмірзақ Зинуллин қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдары болып қайта құрылғандығы туралы және негізгі жұмыс бағытын түсіндірді.

Халыққа медициналық қызмет көрсету  әлі талап деңгейінде  болмай отырғандығы жөнінде  өкпе- реніштер аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, жоспарлы ауруханаға жатқызу, емханалардағы кезек күттіру, жедел жәрдем көлігінің науқасқа уақтылы  жетпеуі, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде және басқа көкейтесті мәселелер  аз емес.

«Дөңгелек үстелде»  оларды болдырмаудың жолдары сөз болды.

— Статистикалық мәліметке жүгінсек,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Байдолла Ғазизов, — биылғы жылдың өткен кезеңі ішінде 40 арыз-шағым түсіп, оның екеуі – дәлелді, 15-і – жартылай дәлелді, ал 23  арыз дәлелсіз екендігі анықталды. Былтырғы жылмен салыстырғанда медициналық қызметке арыз-шағым түсуі 12,9 пайызға өскен.

Ауруханаға жатқызудағы проблеманың бірі – портал мәселесі. Осы тұрғыда  Денсаулық сақтау министрлігінің медицинаға ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Балкенже Барсаева портал туралы халық арасында түсініктің төмен екендігіне назар аударды. Облыстық  аурухананың дәрігері Ислам Нуфтиев көп жағдайда портал арқылы ауруханаға жатқызылатын науқастарға берілетін жолдамалар заңға сәйкес толтырылмайтынын, амалсыз науқасты қайта жіберіп, жолдаманың дұрыс толтыруын айтқан кезде олардың тарапынан  реніштер  туып  жататынын айтты. 

№7 қалалық емхананың бас дәрігері Ғазиз Есқалидың айтуынша, дәрігерлер емханаға келген емделушінің құжатын толтыруға көп уақытын кетіретін көрінеді.

Исатай аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы басшысы  «алдын ала дәрігерге жазылып қою немесе бір күнге берілетін талонның  шектеулі екендігі заң шеңберінде дұрыс па?» деген сауалды алға тартты. Немесе облыстық балалар невропатологына қаралып, екі айдан кейін қайта келуіне екінші рет жазылу жөн бе?  Бұл жағдайда облыстан 80 шақырым қашықтықта жатқан аудан тұрғындары үшін  бірінің қалтасы көтерсе, бірінікі көтермейтіні айтылды. Бұл сауалға облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбек Орынбасарұлы бүгінгі таңда балалар невропатологы әр ауданға науқастарды қабылдау кестесі бойынша іссапарға шығып тұратынын, алайда сол жердегі балаларды келген маманға қарату үшін аудандағы бас дәрігелер тарапынан тиісті қамқорлық  жоқ деген уәжін білдірді.

Жасыратыны жоқ, тұрғындардың жедел жәрдемнің көмегіне реніштері де аз емес. Қалалық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Мақсот Есеевтің дәйектемесіне қарағанда,  қазіргі уақытта қала тұрғындарына 23 бригада, оның ішінде бір кардиологиялық бригада қызмет көрсетеді. Алайда, қала халқы үшін 28 бригада қажет көрінеді. Бас дәрігер жедел жәрдемге соғылатын әр қоңырау диктафонға жазылатынын халықтың бірі білсе, бірі біле бермейтінін қаперге  берді.

«Дөңгелек үстелге» қатысқан «Нұр Отан» партиясы мүшесі, облыстық  мәслихаттың депутаты Айбек Ғабдуллин халыққа ақылы зертханалық медициналық қызмет көрсету «Нұр Отан» партиясында толығырақ зерделеніп, анықталатынын ескертті.

Басқосуда халыққа медициналық қызмет көрсетуде кездесіп отырған проблемалардың бірі – маман тапшылығына да  байланысты екендігі  кеңінен  сөз болды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button