
Бүгін — медицина қызметкері күні
Бүгін Қазақстанның медицина саласының өкілдері кәсіби меркелерін атап өтеді. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленді.

Осыған орай Ақордада Мемлекет басшысы еліміздің медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Президенттің Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды, — деп хабарлайды kazinform.kz.
– Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. «Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей». Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әр маманның еңбегі орасан зор. Ұлт саулығын сақтауға бүкіл өмірін арнаған тұтас әулеттер бар.

Жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін арнайы келеді. Бұл еліміздегі дәрігерлік көмектің сапасы жоғары екенін көрсетеді.
Айта кетейік, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Медициналық нысандар қатары көбейіп, техникалық базасы нығайтылып жатыр.
-Бес жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны, яғни көптеген емхана мен аурухана салынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, мемлекет алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыта береді. Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады. Елімізде ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынады. Аудандық ауруханалар заманға сай құралдармен жабдықталып жатыр, – деді Президент.
Президенттің тапсырмасымен былтырдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады. Бұл – медицина қызметкерлеріне деген айрықша құрметтің белгісі. Осы орайда Абай Байгенжин елімізде алғаш болып «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды.