
Балалар мектеп асханасының тамағынан уланды
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл оқиға Маңғыстау өңірінде орын алған. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Манаш жалпы білім беретін мектебінің 12 оқушысының арасында тамақтан болатын топтық инфекциялық ауру фактісі бойынша тексеру жұмыстары басталып, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар өткізу туралы қаулы шығарылды, әкімдіктің жанынан штаб құрылды.
Балалардың улануына байланысты Бейнеу аудандық полиция басқармасына, Маңғыстау облыстық полиция департаментіне, білім басқармасына, аудандық және облыстық прокуратураға хаттар жіберілді. Бейнеу аудандық полиция басқармасы хабарламасының негізінде мектептің асханасы жабылды.
Тергеу шеңберінде сала мамандары тамақ өнімдерінің, судың, шайындылардың, дезқұралдардың сынамаларын іріктеп, ішек инфекциясын тасымалдауға қатысты қызметкерлер арасында да зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазір сынамалардың нәтижелері талданып жатыр.
–Уланған балалар амбулаториялық емделуде, медицина қызметкерлерінің бақылауында. Қабылдау бөлмесіне түскен кезде олар құсу, жалпы әлсіздік, іштің өтуі, іштің ауыруы, жағдайының қанағаттанарлық екені туралы шағымданды. Сауалнамаға қатысқан мектеп оқушыларының ата-аналары ауруды мектептің асханасындағы сапасыз тамақпен байланыстырады, онда бастауыш сыныптардың 417 оқушысы ыстық тамақпен қамтылған, — делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кету керек, бұған дейін 460 бала зардап шеккен Мұнайлы ауданында балалардың жаппай улануына байланысты мектеп асханасын жалға алушыға қатысты қылмыстық іс аяқталып, материалдар сот органдарына берілген.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ