Балалар ауруханасына құрал-жабдықтар тарту етілді
Атырау облыстық балалар ауруханасына медициналық құрал-жабдықтар тарту етілді. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асқан қайырымдылық іс-шарасына «TengizTransGroup» компаниясы қолдау танытты. Бүгінгі таңда балалар ауруханасында 67 дәрігер, 150-ден астам орта медициналық қызметкер еңбек етеді. Соның ішінде биыл 5 жас дәрігер-маман жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастаған.
Мамандардың айтуынш, облыстық балалар ауруханасына түсетін науқастар саны жыл санап артуда. Ауруханадан жылына 7 мыңға жуық бала емделіп шығады. Бүгінде мұнда 700-ге жуық бала ем алып жатыр. Ал, науқастардың 70 пайызы асқынған жағдайда ауруханаға түседі. Оларға жедел және алғашқы оперативті хирургиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық көмек көрсетіледі. Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұхамбетов демеушілік танытқан компанияға алғысын білдірді.
– Аурухана «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында салынған болатын. Балалар ауруханасы қашан да демеушілікті қажет ететіні белгілі. Жекелеген жомарт жандар да қолұшын созып жатады. Медицина саласы дамып отыратын салалардың қатарында. Ауруханаға жас та білікті мамандардың келуімен бұрын-соңды жасалмаған оталар жасалып, емдеу тәсілдері өзгеріп жатыр.
Аппараттарымыздың тозығы жеткендігі рас. Сондықтан медициналық құрал-жабдықтарды ауыстырып отыруды қажет. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қаражат бөлінгенімен әлі де болса қажеттілік туындап жатады. Биылдың өзінде 250 млн-нан астам қаражатқа медициналық құрал-жабдықтар алынды. Демеуші компанияға ұжым атынан зор ризашылығымды білдіремін. Халықтың, балалардың денсаулығының жақсаруына қолдау танытып, алғыс арқалай беріңіздер, — деді Нұрқабыл Әбуұлы.
Өз кезегінде компания өкілі Рүстем Қасымхан теміржол, мұнай салаларымен айналысатын компанияның әлеуметтік, қайырымдылық іс-шараларға жиі атсалысып жүргендігін, медицина қызметкерлерінің асыл мамандық иелері екендігін айтты.
Аурухана ұжымы сыйға тартылған сыйлықтардың көмегі орасан зор екендігін айтады. Әсіресе, заманауи құрал-жабдықтардың келуімен аз да болса да жұмыстың оң арнаға бағыт алғандығын жеткізді.
Компанияның көмегімен ауруханаға мүгедектігі бар адамдарға арналған қоларба, медициналық үстел, науқастарды тасымалдауға арналған арба, электрлі хирургиялық сорғыш, жаңа туған нәрестеге арналған автоматты тамақтандырғыш электрондық таразы, II классты биологиялық қауіпсіздік ламинарлы бөлме, 16 литрлік озондаушы тазартқыш, жалпы саны 26 дана медициналық құрал-жабдықтар табысталды.
Сонымен қатар, мамандар ауруханаға емдеу аппараттары қажеттігін, хирургиялық бөлімнің заманауи стандартқа сәйкес келмеуі де үлкен мәселе болып отырғандығын айтады.
Алмас ҚАБДОЛОВ
суреттер автордікі