ҚҰЛАҚҚА КҮРДЕЛІ ОТА

енді Атырауда да жасалады

Cоңғы жылдары облыстық аурухананың хирург-дәрігерлері күрделі оталар жасауға қол жеткізуде. Осы орайда өткен күзде құлақ, мұрын, тамақ аурулары бөлімшесінде алғашқы рет құлаққа күрделі оталар жасалынды. Бұл орайда бөлімше құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдеп, ота жасауға арналған заманауи германиялық медициналық құрылғылармен жабдықталған болатын. Бөлімше дәрігерлері шетелдік клиникалардың іс-тәжірибелерімен танысып, отоларингологияның жаңа тәсілдерін жете меңгерді. Осындай дайындықтың нәтижесінде аталмыш бөлімшеде шетелдік ғалым-дәрігерлердің қатысуымен құлақ, мұрын, тамақ аурулары бөлімшесінің меңгерушісі, тәжірибелі хирург Маннап Мұханбетов бастаған дәрігерлер жасаған оталар сәтті шықты. Күні бүгінге дейін бөлімшеде көптеген науқасқа ота жасалып, есту түйсігі қалпына келтірілді.

 Жақында аурухана басшылығының шақыруы бойынша Алматы қалалық №5 клиникалық аурухананың құлақ, тамақ, мұрын бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург-дәрігер Әуелбаев Марат Жақсыбекұлы аталмыш бөлімшеде жергілікті хирургтермен бірлесіп, науқастарға құлақ жарғағының есту қабілетін арттыратын пластикалық протездеу отасын жасады. Мұнда бір аптадай болған алматылық хирург бөлімше дәрігерлеріне құлақ, мұрын, тамақ ауруларына қатысты күрделі оталар жасаудың қыр-сырын үйретті.

– Бұрын мұндай күрделі оталар Астана, Алматы қалаларында жасалса, енді Атырауда іске аспақ, – дейді алматылық хирург дәрігер. Қазақстанда балалар арасында құлақтың нашар естуі өте жиі ұшырасады. Осыдан 4-5 жыл бұрын олар отаны шет мемлекеттерде 35-40 мың еуроға жасатуға мәжбүр болса, енді өз елінде тегін жасатуға қол жетіп отыр.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз