Атыраулық дәрігерлер республикалық спартакиадаға қатысады
Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған спартакиада 22-23 қыркүйекте Шымкент қаласының «Алма Тау» демалыс аймағында өтеді. Жарысқа еліміздің барлық өңірлеріндегі жедел жәрдем бригадалары қатысады. Ал Атырау облысынан жедел медициналық жәрдем станциясының директоры А.Ерболов, кардиолог дәрігер З.Кеңесбекова, фельдшерлер Е.Дощаков пен М.Құрмашева барады деп күтілуде.
-Мұндай жарыстарды өткізу тәжірибесі Еуропаның жедел медициналық қызметтерінен алынды. Онда мұндай чемпионаттар бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Аталған дода бригадалардың біліктілігін арттырып қана қоймай, қызметкерлердің командалық жұмыс жасау ептілігін байқатады, сондай-ақ жүктелген тапсырманың маңыздылығын көрсетеді. Сондықтан әріптестерімізді жарысқа дайындап жатырмыз. Оларға сәттілік тілейміз, деді А.Байдуәлиев.
Айта кетейік, жарыс Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Жедел медициналық көмек қауымдастығының және «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» ШЖҚ РМК қолдауымен ұйымдастырылып отыр.