Цифрлық технология медицинаға не береді?

o SURGERY facebook Жаңалықтар

Цифрлық технология қазір медицинаға да дендеп енуде. Біздің өңірде бұл бағытта көптеген жаңалық енгізілуде. Жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева кеңінен айтып берді.

Low angle view of four surgeons bending over the patient during operation

Мәншүк Құдайбергенқызы, соңғы кезде өңірдің денсаулық сақтау саласына  «KazMedinform» ақпараттық жүйесі қолданысқа енгелі отыр. Бұл жоба арқылы неге қол жеткіземіз? Мүмкіндіктеріне тоқталып өтсеңіз…

– «KazMedinform» ақпараттық жүйесі – веб-технология бойынша қызмет көрсететін мамандандырылған медициналық бағдарлама. Бірыңғай аймақтық медициналық орталықта орнатылады. Оған барлық дәрігер өздерінің жұмыс компьютерімен интернет арқылы байланысқа шығады. Мұның дәрігерлер біліктілігін арттыруда, жұмыс уақытын тиімді пайдалануда мүмкіндігі зор. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де бұл технологияның артықшылығы басым.

– Оның қандай артықшылығы бар?

– Медициналық ақпараттық жүйе – барлық емдеудің ашық әрі жариялы түрде өтуін көрсететін басқару құралы. Бұл дегеніміз – тұрғындардың денсаулығын онлайн-режимде бақылау. Бір рет те ем алуға келмеген тұрғындардың да санын шығарып отырады. Олар туралы мәлімет береді. Яғни, дәрігердің жұмыс барысында неше емделушіні қарағанын немесе қабылдамай жібергенін бақылап отыруға болады. Қызмет көрсетпей жалақы алғанын да осы жүйе анықтап отырады. Дәрігердің жұмысына осылай бақылау жүргізу саланың сапалы қызметін қамтамасыз етуге жол ашады. Сөйтіп, дәрігерлер арасында бәсекелестік қалыптасады. Сондай-ақ, медициналық ақпараттық жүйе арқылы онлайн-тіркелу, интернет арқылы дәрігерді, медициналық қызметті таңдау мүмкіндіктеріне қол жеткізуге болады.

– Толықтай технологиялық, ақпараттық жүйеге көшкенен кейін, медициналық емдеу үрдісінде қандай өзгерістер орны алады? Болжамыңыз қалай?

– Бәрімізге таныс бір мәселе – дәрігердің қабылдауындағы кезек. Негізгі себебі, маманның тапшылығы. Бірақ, бұл бір жылда шешілетін мәселе емес. Дәрігерлермен толық қамту үшін бірнеше жылғы жұмыстың жемісі керек. Сондықтан, маман тапшылығын жойғанша, бізге цифрлық жүйе көмекке келеді. Тұрғындар онлайн арқылы дәрігер қабылдауына жазылып, уақытылы емделе алады. Ол үш медицина қызметкерлерінің бірыңғай жұмыс кестесін жасап алу керек. Сөйтіп, бас дәрігер қызметкерлерін онлайн арқылы басқарып, қадағалап отырады.  «KazMedinform» жүйесін енгізген кезде орталық ауруханадағы дәрігер ауылдағы тұрғынды да компьютер арқылы көріп емдейді. Бұл ауылдағы ағайынның өз денсаулығына көңіл бөлуіне, олардың үнемі дәрігер бақылауында болуына ықпал етеді.

Электронды тіркелу, кезекке тұру, дәрігер таңдау дегенді білеміз.  Ал, денсаулықтың электронды төлқұжаты деген не? Төлқұжатпен қалай жұмыс жасаймыз?

– Бұл ақ халаттылардың кәдімгі қағазбастылықтан арылуына алып келеді. Олар бұрынғыдай хаттама толтырып, ауру тарихын жазып отырмайды. Бәрі электронды түрде сол кісінің аты-жөнін жазғанда шығып тұрады. Дәрігер компьютердің пернетақтасы арқылы түртіп, иә немесе жоқ белгісін ғана қойып отырады. Барлық дерек сіздің электронды паспортыңызға жинақталып, келесі дәрігер ашқанда көрінеді. Енді дәрігердің науқастарды қарайтын уақыты көп болады. Емделуші бұрынғыдай медициналық картасын емханаға, ауруханаға өзімен бірге алып жүрмейді. Аты-жөнін айтса, сол кісі туралы толық мәлімет дәрігердің алдындағы компьютер мониторында көрініп тұрады.

– Бір қарағанда, мұндай жаңалыққа бірден сену қиын.  Айтыңызшы, цифрлық технологияға көшу үшін материалдық-техникалық жабдықтарыңыз жеткілікті ме? Әлде кедергілер бар ма?

– Біз бұл процеске көшкенде уақытты үнемдеумен қатар, денсаулық саласындағы материалдық шығындырды да азайтатын боламыз. Дәрілік заттарға кететін шығандар 30 пайызға азаяды. Бұрынғыдай емделуші бірнеше қайта анализ тапсырып әуреге түспейді. Бір базаға енгізілгеннен кейін емдеу де оңтайлы болады. Телемедициналық технологиялардың мүмкіндіктері артады. Науқас дәрігерді үйге шақырта алады. Жалпылама тұрғындар денсаулығына қатысты онлайн-мониторинг жүргізіліп отырады.

Біріншіден, барлық емдеу мекемесі интернет желісіне қосылған болуы керек. Сол үшін компьютермен жабдықтап, интернетке қосуды жеделдетудеміз. Екіншіден, дәрігер компьютерді сауатты қолдана білуі керек. Мәселен, емделушінің бір диагнозына белгі қойылмай қалса, қалған емі нәтижесіз болуы мүмкін. Сондықтан, дәрігер барынша мұқият, сауатты болғаны абзал. Үшіншіден, әрбір дәрігердің өзінің осындай жаңалыққа жаны құмартып тұруы қажет. Қиын демей, керісінше, жаңа технологияның мүмкіндіктерін меңгеруге кіріскені  жөн. Өйткені, заманның талабы сол. Бұл ретте бас дәрігерлердің, директорлардың да жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз