Жарнама
МедицинаСарапTime

Атырауда онкологияны емдеуге бола ма?

ОНКОЛОГИЯ – МЕДИЦИНАДА ІСІК АУРУЛАРЫНЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІН, ДАМУ ЖОЛДАРЫН, КЛИНИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІН АНЫҚТАЙТЫН, СОҒАН САЙ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫН ЗЕРТТЕЙТІН САЛА. БҰЛ АУРУДЫ ЕЛ АРАСЫНДА «АТЫ ЖАМАН АУРУ» ДЕЙДІ. ӨКІНІШТІСІ, ҚАЗІРГІ КҮНДЕ ОСЫ КЕСЕЛМЕН ЖАС ТА, ЖАСАМЫС ТА АУЫРАДЫ.

Қазір жер бетінде онкоауруға шалдыққандардың қатары көбеюде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауру жылма-жыл өршіп барады. Біздің елімізде де диагностика тәсілдері жақсы жолға қойылғандықтан, дерт уақытында анықталып, ем-дом кешікпей берілсе, бұл қиындықтан да шығуға болады екен. Ең қиыны, бұл кеселдің бастапқы белгісі болмайды. Сол себепті оны көп адам өзінің дертке шалдыққанын сезбейді. Әлсіздік пайда болып, тамаққа деген тәбеттің төмендеуі, сәл-пәл жүдеуі мүмкін. Тиімді жол, әрине, скрининг. Ол ауру белгі бермей тұрған сәтте диагноз қоюға жәрдемдеседі. Мамандардың түсіндіруінше, егер дерт бірінші, екінші сатысында анықталса, ауырған адамға да, емдеуші дәрігерге де жеңілірек болады. Қандай салада болмасын, жан-жақтағы білікті мамандардың өзара іскерлік байланыс орнатып, тәжірибе алмасуының маңызы зор. Қазақстандық онкодәрігерлер де Еуропада, Израильде, Ресейде, Оңтүстік Кореяда білімдерін жетілдіруде.

Ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындылары көрсеткендей, обыр дертіне шалдығуға темекі түтінінің құрамындағы зиянды заттардың әсері, адамның дұрыс тамақтанбауы, артық салмақ қосуы, ащы, қуырылған, майлы тағамдарды көп тұтынуы себеп болуы мүмкін. Айталық, Жапония мен Оңтүстік Корея тұрғындары ащыны молырақ пайдалануынан асқазан обырына жиі шалдығады екен. Иммунотерапия Күнделікті теледидар каналдарын қосып немесе мерзімдік басылым беттерін ашсаңыз, әлеуметтік желілерді қарасаңыз, кішкене сәбиінің еміне қаржылай көмек сұраған жарнамадан көз сүрінеді. Шетелдерде күрделі ота жасатуға бел буған ата-ананы қолдап, көпшілік бар қолда бар қаржысын ұсынып жатады. Осы кезге дейін онкологиялық ауру химиотерапия жолымен емделіп келсе, соңғы жылдары иммунотерапия деген жаңа әдіс пайда болды. Бұл жайында Атырауға арнайы келген ресейлік ғалым-дәрігерлер кеңінен түсінік берді.

– Адамда ауру – рак клеткалары пайда болғанда, оның ойы сан-саққа кетеді. Қайсыбір кісі өмірден түңіліп, өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Өмірде мұндай жағдайлар да кездеседі. Осындай қиын сәтте ауру адаммен жылы сөйлесіп, екі жақтап дертті жеңіп шығуға деген сенімді қалыптастыру – емдеуші дәрігердің басты міндеті. Онкоауруларды емдеу ісі өте күрделі болғандықтан біз елелді аралап, осындай семинар-тренингтер өткізуді жолға қойдық. Мақсат – біріміздің білмегенімізді бірімізге үйрету, — дейді академик Н.Бурденко атындағы Ресей бас әскери клиникалық госпитальдың радиология орталығының басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Алексей Смолин.

Ресейлік ғалым-дәрігерлер өткізген семинар барысында иммуно онкология, өкпе рагын емдеудің халықаралық стандарты, меланоманы емдеудің терапиясы, бас және мойын обырын емдеудегі ерекшеліктер, бүйрек жасушалы карциномасы деген тақырыптарда баяндамалар оқылып, екі жақты талқылаулар болды. Атырау облыстық онкологиялық диспансердің радиология бөлімінің меңгерушісі Жарас Мәжитов, онкохирург Мейрамгүл Игібаева, басқа да медицина мамандары «мұндай жүздесулердің пайдасы мол» дейді.

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button