Атырауда көкжөтел ауруының 46 жағдайы тіркелді
Атырау облысында соңғы жеті айда көкжөтел ауруының 46 жағдайы тіркелді. Бұл 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 6,6%-ды құрайды, деп хабарлайды atr.kz Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева баспасөз брифингіндеоблыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақсыз деп бағалады. Айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық 23 есеге жоғары. Бұған коронавирус пандемиясынан кейін көкжөтелге қарсы вакцинациялаудың төмендеуі себеп болып отыр.
«Күні бүгінге дейін 7 ай көлемінде облыста көкжөтелдің 46 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, Атырау қаласы бойынша – 41 жағдай, Құрманғазы ауданы бойынша – 3, Махамбет ауданында — 2 жағдай тіркелген. Аурудың 98%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Оның 92%-ы – көкжөтелге қарсы профилактикалық екпе алмаған балалар. Көкжөтел инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцинопрофилактика. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 2, 3, 4, 18 айлық жаста, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі. Вакцинация — тегін. Оны жергілікті мекенжай бойынша емханада алуға болады», — деді Айнагүл Сәрсенғалиева.
Айта кетейік, көкжөтел бұл – жіті респираторлы, тек антропонозды немесе тек адамда тіркелетін, екпемен басқарылатын, ауа тамшы арқылы берілетін бактериалық инфекция. Инфекция қоздырғышы – «Бордетелла пертуссис» бактериясы.
Нұргүл Насыр