Атырауда дәрігер беделі неге төмендеп барады?
Атырау жұртының облыс медицинасы қызметінің сапасына көңілі толмайды. Бұған бірнеше факті де бар. Тоғыз ай он күн құрсағында көтеріп, айы-күні енді толып, сәби сүйемін бе деген жас ананың дәрігердің көз алдында жантәсілім болуы немесе құлағы ауырып емханадан екпе салдырған орта жастағы әйелдің орта жолда демінің үзілуі, іші ауырып ауруханада ота жасалған 14 жасар жасөспірімнің біраз күннен соң ауруы асқынып көз жұмуы – өңірдегі денсаулық сақтау саласының сын көтермейтінінің айқын көрінісі емей немене?! Көпке жала жаппаймыз, десек те жанына шипа іздеп ақ халатты жандарды сауғалаған бұл адамдардың обалы кімге?! Ақ желеңділер олардың үмітін неге ақтай алмады? Аяқтай жүрген адамдардың бұлай ажал құшуына кінәлі кімдер? Атыраулық дәрігерлер антына неге адал болмай жүр?
Бізді де, бұқараны да мазалайтын сауал көп. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» дегеннің түсіндірмесі осы болса керек. Айналдырған бір айдың көлемінде ажал құшқан адамдардың туған-туысы бүгінде әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр. Мұны естіген ел «бұл дәрігерлер адам өлтіреді» деп ашынғанымен, жаны күйген жандардай емес, жайбарақат тірлігінен аса қоймайды. Әрине, уақыт өтіп, бұл қайғының да орны толар, бірақ оның тағы қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені денсаулық саласы саласы білікті маманға өте зәру.
Тіршіліктің заңы: туу хақ, өлу хақ. Жасы келіп, ақ төсегінде аруланған қариялардың жөні бір бөлек, қыршын кеткен жастардың өлімі кімнің болса да өзегін өртеп, өкініші жүрегін күйдіреді. Ал қысылтаяң сәтте өзінен көмек сұрай барған науқастың алдында дәрігерлер неге дәрменсіз? Ақпараттық технология дамыған, қажетті құралдары сайма-сай шақта олар неге қырық сылтау айтады?
Дәл қазіргі мәселеден маман тапшы деп те сытыла алмайтын секілдіміз. Өйткені бұл – жылдарға созылып келе жатқан жауыр проблема. Оған жұртшылықтың еті де үйренген. Халықтың салаға деген сенімсіздігі азайғандықтан жағдайы тартатындары сырт жақтан, алды Анталия, Өзбекстан мен Үндістанда, арты көршілес Ақтөбе мен Астраханнан тұрақты ем алып жүр. Бұл ақша көптіктен емес, жан сақтаудың амалы. Ал шет елдерде емделуге жағдайы жетпей, халықтан көмек сұраған науқас балалардың санында шек жоқ…
Желтоқсан айындағы Атырау қалалық №1 емханада жан тапсырған 51 жастағы әйелдің өлімін жұртшылық әлі ұмытқан жоқ. Айдың күннің аманында ақ халаттылардан дертіне дауа іздей барған адамның ажал құшуы атыраулықтардың төбесінен жай түсіргендей болды. Мәселенің мән-жайын кейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне емхана басшысының орынбасары Дина Кәмелова баяндап берді.
– Бұл оқиға 14 желтоқсан күні орын алды. 13-і күні құлағындағы кейбір ақаулар бойынша жеке сурдолог дәрігерден ем алады. Ал келесі күні емханаға келіп, дәрігерлерден жолдама алып, екпе бөлмесіне барады. Ол жерде тамырына дәрі егілгеннен кейін науқас 1-2 минут аралығында құлап қалады. Дереу дәрігерлерді шақыртып, алғашқы медициналық көмекті, оның ішінде жасанды тыныс алу, жүрек тұсына массаж жасалып, тамырынан адреналин салынады. Қосымша «жедел жәрдем» де шақыртылады. Алайда алғашқы көмектен ешқандай нәтиже болмай, пациент айналдырған 5 минуттың ішінде көз жұмған. Қазіргі кезде жағдайдың анық-қанығын білу үшін сот-медициналық тексеру жүргізілуде. Науқастың нақты өлім себебі содан соң белгілі болады. Алдын ала өлімнің себебін дәрілік препаратқа аллергиялық реакция, яғни анафилактикалық шоктан болуы мүмкін деген болжам бар, — деп түсіндірді ол.
Бір түсінбейтін жайт, аты дардай емханада науқасқа екпе салмас бұрын, алдын ала сынама неге жасалмаған? Бұл үй жағдайында емес, емханада, медицина қызметкерлерінің қолымен салынған екпе ғой… Алайда Дина Базарбайқызының түсіндіруінше аталған дәріге проба жасалмайтын көрінеді.
«Бұл дәріге алдын ала проба жасалмайды. Біз оны көбінесе антибиотиктерге жасаймыз. Айта кетерлік жайт, анафилактикалық шок соңғы кездері жиі кездеспесе де 100 мың халық арасынан 50 жағдай тіркелген. Халықтың 4-5 пайызы анафилактикалық шокқа бейім. Өкініштісі сол, жылдан-жылға мұның да көрсеткіші өсуде. Тағы бір ескерерлігі, егер науқас антибиотикті осы айда алған болса алдағы екі айда қайталап алуына тура келген жағдайда міндетті түрде алдын ала проба жасатуы тиіс. Себебі дәрілер әртүрлі елден, түрлі өндірушіден келуде», — деді тәжірибелі дәрігер.
Иә, халықтың өз бетінше ем-дом алуы қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыратынын дәрігерлер айтудан кенде емес, ал бұл әйелдің емханадағы екпеден ажал құшқанын қалай түсінеміз? Қалай жалтарғанмен, бұл жағдайда да қызметтік шикіліктің «иісі аңқып» тұр. Оқыс оқиғадан кейін емхана дәрігері мен медбикеге байланысты әкімшілік шара қолданылып, медбике тіркеу бөліміне, ал дәрігер эпидемиологиялық ахуалға байланысты №2 Атырау облыстық аурухананың кезекшілік бөліміне ауыстырылған. Ал нақты шешім сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін ғана қабылданатын көрінеді. Ең бастысы, қайғылы жағдайдың ақ-қарасы ажыратылып, әділ шешім шығып, кінәлілер жазасыз қалмауы тиіс. Өйткені «бас жарылса, бөрік ішінде» деп бұғып жүре берсек, мамандардың салғырттығы әлі талай адамдардың ажалына апарып соқтырары сөзсіз.
Саладағы кадр тапшылығы мен мамандар біліктілігінің төмендігі медицинаны сыннан арылтпай қойды. Жергілікті жерде, тіпті, қарапайым медициналық қызметтер порталына салудың өзін оқсата алмай, науқас жандарды әуре-сарсаңға салып қоятын емханалардың барын да жасырып-бүркеуге болмайды. Осындай келеңсіздікке үнемі тап болып жүрген атыраулық зейнеткер Атауолла Нығметов өзінің басынан өткен мән-жайды айтып берді.
– Жүрегіме ота жасалғанына оншақты жыл болды. Ота Астана қаласында жасалғандықтан сол жақтағы дәрігеріме жылына екі мәрте тексеріліп тұрамын. Ол үшін өзім тіркелген Еркінқала ауылындағы емханада барар алдында қан талдауларын тапсырып, жолдама алып, порталға салдырамын. Айтайын дегенім, үнемі мұндағы мамандардың салғырттығынан әбігерге түсемін. Ұзақ жол жүріп Астанаға барсам, әйтеуір бір құжатым дұрыс болмай шығады. Бұл жалғыз менің басымнан өткен жағдай емес, сырқаты бар жандардың көпшілігі осындай кедергілерге жиі ұшырап жатады, — деді ол.
Өз міндетіне салғырттықтан талай жанның жапа шегіп жүргені жасырын емес. Мемлекет тарапынан жыл сайын салаға қомақты қаржы құйылып, жалақысы көбейгенімен дәрігерлердің қызметтегі жауапкершілігі үлкен мәселеге айналып барады.
Жалақы демекші, 2022 жылы елімізде дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңге болса, былтыр 561 мың теңгеге жеткен. Жыл сайын 20-30 пайызға жалақыға қоса, былтыр облыс дәрігерлерін баспанамен қамту бағытында тиімді пайызбен жаңа бағдарлама да қолға алынды. Бұл – жергілікті әкімдік пен «Отбасы банктің» ортақ жобасы.
– Медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша 2020-2023 жылдары әр жыл сайын дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға өсірілді. Былтырғы III тоқсанда дәрігердің орташа жалақысы 643933 теңге, орташа медициналық қызметкерлер жалақысы 359951 теңге, басқа қызметкерлердің орташа жалақысы 213479 теңге болды, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Басқарманың мәліметінше, қазір облыстың медицина саласында жұмыс істейтін 1300 маманның ішіндегі 400-ге жуық дәрігердің әлі күнге дейін өз баспанасы жоқ екен. Тұрғын үй бағдарламасының шарты бойынша дәрігер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Атырау облысында жұмыс істеуі тиіс.
– Бағдарламаға тек жас мамандар емес, тәжірбиелі мамандар да қатыса алады. Енгізілген балдық жүйеге сай ұпай саны бірдей болса, тәжірибесі есепке алынады, — дейді Қайсар Қайратұлы.
Бүгінде осы мақсатқа жергілікті бюджеттен «Отбасы банкіне» бөлінген 1 миллиард теңге кемінде 40-қа жуық отбасын баспанамен қамтуға жеткілікті. Бастапқы жарнасыз әрі несие мөлшерлемесі – 5 пайыз, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2 пайыз. Несиенің ең жоғары сомасы – 25 миллион теңге.
Саланы дамытып, дәрігерлерді қолдауға бағытталған маңызды шаралар облыста мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен жергілікті мәслихат пен атқарушы биліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылға жіберілген жас және шақыртылған маманның әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төленді. Ал былтырдан бастап оның да мөлшері көбейіпті. Қазір қаладағы емдеу-сауықтыру мекемесіне келген маманға 3, ал ауылдардағы медициналық мекемеге барғандарға 5 миллион теңге көлемінде бір жолғы қаражат төленеді.
Түйін:
Қаншама қаржы бөлініп, мамандарға қолдау көрсетіліп жатса да, саланың жұмысы әлі ақсап тұр. Біз жоғарыда келтірген мысалдар – келеңсіздіктердің бір бөлігі ғана. Ал диагноздың қате қойылып, дұрыс ем тағайындалмауы да саладағы жиі жолығатын олқылықтарға жатады. Тізе берсек, мәселе шаш-етектен…
Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Дұрыс берілген ем-домның арқасында дертіне дауа тауып, құлантаза айығып жатқан жандар да аз емес. Алайда соңғы уақытта орын алған оқиғалар мен дәрігерге деген әлеуметтік желілердегі түрлі жағымсыз пікірлер бұқара халықтың сенімі азайып, күмән-күдігін көбейткендей әсер қалдырады. Әрине, халық айтса, қалт айтпайды. Ал бізге өзгелер қателіктен сабақ алуы үшін ақиқатты айту парыз. Өйткені ақиқатты айту – ардың ісі.
Мәлике МӘЛІК
* Сіз не дейсіз?
Алмагүл ӘБІЛОВА,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Негізгі себеп – маман тапшылығы
– Былтыр сала қызметіне байланысты жағымсыз пікірлер айтылды. №1 Атырау қалалық емханасы мен Құрманғазы ауданындағы адам өлімін ашық айтқан жөн. Бірақ медициналық сапалы қызмет көрсетілді ме, жоқ па, оны медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіндегі тәуелсіз эксперттер талдап, нақты қорытындысын шығарады. Ал оған қанағаттанбаса, істі әрі қарай құзырлы органдар қарайды. Мұндай жағдайда ісіне салғырт қараған медицина қызметкерлеріне қатысты тәртіптік немесе құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар қаралады.
Жергілікті медицинадағы маманның тапшылығы тек биыл көтеріліп отырған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс әкімі 2023 жылдың 5 мамырында облысқа медициналық қызметкерлерді тартуды көздейтін 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Соның негізінде өңір медицинасы биыл 118 жас маманмен толығады. Оның 103-і – жалпы практикалық дәрігер, 15-і – қоғамдық денсаулық сақтау мамандары. Дәл қазір облысқа 165 дәрігер қажет.
Былтыр облыста «Отбасы банкі» АҚ арқылы дәрігерлерді жеңілдетілген несиемен тұрғын үймен қамту бағдарламасы қолға алынды. Қазір бағдарламаның арнайы критерийлеріне сай келетін мамандар қолжетімді баспана алу үшін құжаттарын тапсырып жатыр.
Дәрігерлердің біліктілігін арттыру – біздің жұмысымыздың басым бағытының бірі. Осы мақсатта жоғары медициналық мекемелері мен ғылыми орталық мамандары шеберлік сағаттарын өткізіп келеді. Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасының білікті қызметкерлері бейінді тақырыптар бойынша 432 маманды жергілікті медициналық мекемелерге келіп оқытты, Астанадағы орталыққа барып шеберлік сағаттарынан өтіп келгендер де бар. Іс-шаралар жоспары негізінде алдағы уақытта медициналық қызмет сапасын арттыру жолында жұмыстар жалғаса береді.
Гүлнәфис ТАҢБАЕВА,
№7 Атырау қалалық емханасының директоры,
қалалық мәслихаттың депутаты:
Қызмет сапасына ден қойылуы тиіс
– Жергілікті жерде жасалып жатқан жұмыс аз емес. Әсіресе, кадр тапшылығын жою мақсатында былтыр облыс әкімінің қолдауымен ел аумағындағы медициналық жоғары оқу орындары мен республикалық орталықтарға түлектер жәрмеңкесіне бардық. Өңірге жұмысқа келген мамандарға берілетін әлеуметтік көмектер мен қолдаулар туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бірақ одан еш нәтиже болмады. Енді биылғы түлектерден үмітіміз мол.
Бүгінге дейін мәслихат депутаттары өңірдегі өзекті мәселелер жөнінде депутаттық сауалдар жасап, ұсыныстарын министрлік өкілдеріне жолдап жүр. Олардың ішінде облыс медицинасындағы кадр тапшылығын азайту үшін ауылға жіберілген жас және шақыртылған мамандарға берілетін әлеуметтік қолдау көлемін көбейту туралы ұсынысым да бар.
Атырау облыстық мәслихатының «Атырау облысының ауылдық жерлерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін айқындау туралы» шешіміне облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 3 тамыздағы шешімімен өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде облыстық мәслихат пен әкімдіктің қолдауы арқылы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері және «AMANAT» партиясы мүшелерінен арнайы комиссия құрылып, әлеуметтік қолдауды жүзеге асыру қағидасына сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асты.
Жергілікті медицинаның әлеуетін, әсіресе қызмет сапасын арттыруды көздейтін жұмыстар әрдайым басты назарда болмақ.
Нұрқабыл АЙТМҰХАМБЕТОВ,
Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры:
Бала кардиологы – басты проблема
– Әрине денсаулық сақтау саласы соңғы мезгілде көптеген сынға ұшырап жүр. Солардың бірі – дәрігердің қабылдауын ұзақ күтуі, балаларға медициналық көмек көрсететін мекемелердің материалдық-техникалық базасының нашарлығы. Жылдан-жылға бала саны көбейіп жатқанымен біздің мекемеден басқа облыста балаларға арналған аурухана немесе диагностикалық бөлімше жоқ. Облыстағы барлық науқас балалар бір жерге шоғырланған соң үлкен қолайсыздық туғызатыны рас. Сондықтан облысқа жаңа типтік емханалар, тіпті дербес қалалық аурухана аса қажет.
Ал маман жетіспеушілігі – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Тиісті органдар жас мамандарды жұмысқа тарту үшін барлық мүмкіндікті жасап отырғанымен, олардың әзірлігі төмен деңгейде екенін жасыра алмаймыз. Бір мезгілде «педиатр мамандығы керек емес» деп, медициналық оқу орындарындағы факультетті жауып, жалпы тәжірибелік дәрігерлер балаға да, ересек адамға да қызмет көрсетті. Алайда республикадағы денсаулық сақтау жүйесі ондай реформаға әзір емес екені байқалды.
Қазір біздің ауруханаға кардиолог ауадай қажет. Күні бүгінге дейін ауруханадағы 3 бала кардиологының 2-еуі жүктілігіне байланысты демалысқа шықса, бір дәрігер сырқаттанып қалды. Сонда аяқ астынан кардиологиялық тұрғыда кеңес беретін маманның проблемасы туындады. Егер шынына келсек, бүкіл облыс бойынша бала кардиологы мүлдем жоқ деуге болады. Осыған байланысты өз тарапымыздан мамандарды басқа облыстардан шақырту шараларын ұйымдастырғаннан өзге амалымыз жоқ.
Аурухана дәрігерлерінің көмегіне 2021 жылы 6206, 2022 жылы 6743, былтыр 7534 пациент жүгінді. Өткен жылмен салыстырғанда ауруханаға түскен аурудың саны 20 пайызға өсті. Қазір мекемедегі статистика бойынша бала өлімі азайып келеді. 2022 жылы 51, былтыр 40 бала шетінеген. Есесіне соңғы кезде паллиативті көмекті қажет ететін науқастардың үлесі көбейіп отыр.