Атырауда дәрі бағасы қымбаттағаны рас па?

img 20210210 wa0087 Медицина

            Дәрі-дәрмектің шекті бағасына байланысты жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, Атыраудағы дәріханаларға қоғамдық бақылау жүргізілді.

Оған  Атырау облысы бойынша фармацевтикалық бақылау комитеті мен сыбайлас жемқорлықққа қарсы агенттіктің жанынан құрылған «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері қатысып, арнайы құрылған мониторингтік топ қаладағы бірқатар дәріханаларды аралады. Басты мақсат – дәрілік препараттардың құнын негізсіз өсіруге жол бермеу.

Соңғы екі аптада жобалық кеңсенің бастауымен қаланың әр жерінде орналасқан 15-тен астам дәріханаларға қоғамдық бақылау жүргізілген еді. Мониторинг нәтижесінде қаланың «Атырау» м/а, «Стройконтора», «Балықшы» мөлтек аудандарында орналасқан дәріханаларда коронавирустық инфекциямен күрестегі дәрілердің бекітілген тізімі бойынша кардиомагнил, Тромбо АСС, гепарин (мазь), Ксераллто дәрілерінің сатылымда жоқ екені белгілі болды. Дәріхана иелерінің айтуынша, бірер апта бұрын берілген тапсырыс уақытылы келмей жатыр.

Бақылау барысында дәрі-дәрмек бағасы зерделеніп, 12 дәріханада короновирус инфекциясына қарсы күресте пайдаланатын дәрілер бағасында өсім байқалмады. Бәрі де Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бағамен сатылып жатыр. Өсім тек Балықшы м/а орналасқан үш дәріханада анықталды. Атап айтар болсақ, Құнанбаев көшесі, 22-үйде орналасқан «Мирас» ЖШС-нің дәріханасында Кардиомагнил (300 Мг) 1220 теңгеге сатылып жатыр, ал бекітілген шекті бағасы 1001 тг-ден аспауы керек. Оған қоса, бекітілген шекті бағасы 902 теңгеден аспауға тиіс балаларға арналған «Панадол» 120 мг/5 мл, 100 мл-ғы «Жауыров» ЖК-нің дәріханасында 1800 теңгеге, Ибуфеннің 100 мг/5 мл, 120 мл-ғы 1300 тг-ден тұрады, ал бекітілген шекті бағасы бойынша 1080 теңгеден аспауы керек.

            Тексеріс барысында кейбір дәріханаларда дәрілерді сатып алу кезінде чек берілмейтіндігі де анықталды. Дегенмен, облыстағы дәріханалардың басым көпшілігі дәрі-дәрмек бағасын Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағадан асырмаған.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсе басшысы Альфия Адиеваның сөзінше, облыста әзірше дәрі-дәрмек бағасын өрескел өсірудің дерегі тіркелген жоқ.

Биылғы 21 қаңтарда енгізілген дәрі бағасына қатысты өзгерістерге сәйкес, бірнеше дәріханаларды араладық. Әзірге бағаны шамадан тыс өсіріп жатқан дәріхана кездеспеді. Өсім тек Балықшы м/а орналасқан үш дәріханада кездесті. Бірақ қоғамдық бақылау екі аптадан бері жалғасып жатыр. Тексеріс мұнымен тоқтамайды. Байқағанымыздай, дәрілердің бағасы қаладағы кейбір ірі дәріханаларда бекітілген бағадан да арзан сатылып жатса, кейбір шағын дәріханаларда 10-15 теңгеге қымбатқа сатылған жайттар орын алды. Тұтынушылар тарапынан чек берілмейтіндігі туралы шағым да келіп түсті. Сондықтан, дәріхана иелеріне ескерту жасадық,-дейді аталған қоғамдық бақылаудың құрамында болған ол.

Сондай-ақ, дәрі-дәрмек бағасын негізсізөсіру фактілері тіркеліп, ескертулері ескерусіз қалып жатса, қоғамдық бақылау өкілдері тиісті мемлекеттік органдарға шағымданатынын айтады.

Сонымен қатар, әр дәріханаға өткен жылы «Атырау адалдық алаңы» жобасы аясында дәрілердің нақты бағасын көрсететін QR-коды бар ақпараттық қағаздар ілінген. Бұл арқылы кез келген тұтынушы дәрі-дәрмек бағасына қатысты күмәнданып жатса, ұялы телефон арқылы dari.kz сайтына өтіп, нақты бағаларды білуіне мүмкіндік бар.

Алтынбек Мерсадық

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз