Атырауда 18 медициналық нысан салынады

ff8d4948 0074 4207 bfb6 afd4a90329f3 Медицина

Бұрын науқастанған адам өзінің жергілікті учаскелік дәрігері жолдама бермесе, аудандық  немесе қалалық емханаларға қарай аттап баса алмайтын еді. Енді бұл кедергі жойылды.

Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығымен науқас жан бұдан  былай 9 бағыт бойынша орталықтағы емдеу орнындағы өзі қалаған дәрігеріне тікелей барып, кеңес алуына немесе ем қабылдауына әбден болады. Бұл жөнінде Атырауға жұмыс сапары барысында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  баспасөз брифингінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті.

Бұл – министрлік басшыларының пандемиядан кейін еліміздің 17 өңірін аралап, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдап, талқылағаннан кейін қабылданған шешім.  Соның нәтижесінде қарапайым халықтан түскен өзге де көптеген ұсыныс-пікірлер ескеріліп, соған сәйкес тиісті іс-шаралар қолға алынған. Соның бірі – пациенттерді қорғау қызметі. Аталған  қызмет емдеу орнындағы халықтан түскен арыз-шағымдарды сол жерде тексеріп, мәселенің түйінін тарқатуға арналған.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден келген журналистердің сауалдарына жауап берген Ажар Ғиниятқызы екі жылға созылған пандемиядан кейін елімізде өлім-жітім көрсеткішінің  төмендеп, кейбір онкологиялық аурулардың азайғанын атап көрсетті.  

Ұлттық жобалар аясында еліміздің денсаулық сақтау саласында, соның ішінде Атырау өңірінде атқарылатын жұмыстар жөнінде де баяндады. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта аймақта 18 медициналық нысанның құрылысы басталады.  Олардың басым бөлігі Құрманғазы ауданында бой көтермек.  Ондағы аудандық орталық аурухана ғимараты қайта жаңғыртылып, жергілікті халыққа қызмет көрсететін қосымша бес медициналық орталық салынатын болады. Аталған нысандар аудандағы дәрігерлік қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған.  Қазіргі таңда,  жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау мақсатында дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Парламентте медицина қызметкерлерін қорғау жөнінде заң жобасы қаралып жатқанын мәлім еткен Ажар Ғиниятқызы алға қарай шағын қалалардағы ауруханаларда  «Жедел жәрдем»  бөлімшесінің қызметі қайта жолға қойылатынын хабарлады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғындар санына қарай шалғайдағы шағын ауылдар да тиісті деңгейдегі дәрігерлік қызметпен қамтылатынын мәлім етті. 

Брифингте министр Ажар Ғиниятқызы медициналық қызметті қаржыландыру, ел азаматтарының  шетелде емделуіне квота бөлу, осы саладағы отандық  өнім өндірушілерді қолдау, дәрігер мамандардың  жетіспеуі секілді өзге де мәселелер бойынша туындаған сауалдарға жауап берді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз