ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

«Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан Өтепқалиев, облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Байтулла Ғазизов және дәріхана басшылары келіп, журналистермен брифинг өткізді. Бұл жолғы әңгіме дәрі-дәрмектің бағасына қатысты болды. Яғни, тегін кепілді дәрігерлік көмектен өзге, 152 дәрі-дәрмек түрінің бағасы өспейтіндігі айтылды.

Құрамында медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Нұр Отан» партиясы, СҚ «Фармация», тағы басқа орталықтардың мамандарынан тұратын штаб құрылған болатын. 

Ал, 14 ақпанда облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен фармацевтика нарығындағы құрылым басшыларымен арада меморандумға қол қойылды. Ол 152 дәрі-дәрмек түрінің (тегін дәрігерлік көмектен өзге) бағасын өсірмеу мақсатында жүзеге асып отыр. Облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Байтулла Ғазизовтың айтуынша, дәрілік заттардың бәсі облыс көлеміндегі көтерме және бөлшек саудадағы бағамен салыстыру арқылы алынды. Меморандумға енген дәрілік заттардың тізімі барлық дәріханаларда ілінген. Департамент мамандары оның жайын күнделікті тексеріп, қадағалап отырады. «Бүгінгі күні бағаның өсімі байқалған жоқ» департамент басшысы.

Арнайы тізімге енген 152 дәрі-дәрмектің 125-і Қазақстанда шығады. Ал, қалғаны өзге елдерден тасымалданады екен. Дегенмен, тізімде жоқ дәрілердің құны 5-7 пайыз көлемінде өсуі мүмкін. Тағы бір тоқталары, аталған тізім тек көрсетілген көлемде шектеліп қалмайды. Оны 200-ге дейін өсіруге мүмкіндік бар. 

-Егер дәріханаларда баға өсуі байқалса, тұрғындардың 27-19-69 телефонына хабарласуына болады, – деді Б.Ғазизов.

Айта кетейік, бүгінде облыста дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымында фармацевтикалық қызмет көрсететін 332 нысан тіркелген. Олардың арасында шприц шығаратын «Brando» ЖШС-нің зауыты, 267 дәріхана (186-ы қалада), 22 дәріханалық бекеттер мен дүңгіршектер бар. Дәрілік заттарды көтерме саудада өткізетін 4 дәріхана қоймасы жұмыс жасайды. Аталған нысандардың дені «Медицина», «Фармация» АҚ-дарына тиесілі. 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз