«Денсаулық фестивалі-2013» акциясы

салауатты өмір салтын насихаттауға арналды

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өткен сенбі күні қаладағы Қ.Смағұлов алаңында, «Денсаулығым керемет - жаттығуға көп рахмет!» ұранымен «Денсаулық фестивалі - 2013» кең көлемді акциясы болып өтті.
Денсаулық фестиваліне мектеп оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, емдеу орындарының, мәдениет, білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ басқа ниет білдірушілер қатысты.

Акцияға қатысушыларды облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлнәр Мамбетова, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Гүлжамал Қаленова құттықтап, жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. 
Фестиваль шеңберінде «Президенттік миль» тапсырмасы бойынша жалпы халықтық жүгіру эстафетасы өткізіліп, орталық алаңда «Денсаулық қалашығы» ұйымдастырылды.
Шара барысында дене жаттығулары жасалып, каратэ, армрестлинг, футбол, күрес, вележарыс секілді басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Дәрігер – мамандар ақыл-кеңестер беріп, ұсыныстарын айтты. Денсаулық фестиваліне қатысушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың барлық аспектілері бойынша ақпараттық-білімдік әдебиеттер таратылды.
Денсаулық фестиваліне мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар облыстың барлық аудандарында да денсаулық фестивалі болып, түрлі жарыстар өткізілді. Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз