Атырау облыстық Кардиология орталығына жаңа директор тағайындалды
Облыстық Кардиология орталығының директоры қызметіне жоғары санатты дәрігер, қоғамдық денсаулық сақтау менеджері және іскерлік әкімшілік магистрі Сандуғаш Жұмағалиева тағайындалды.
Сандуғаш Борисқызы 1968 жылы бұрынғы Гурьев қаласында дүниеге келген. Ол 1985 жылы №16 мектепті аяқтап, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында педиатрия мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1991-1993 жылдары Гурьев қаласындағы облыстық перзентханада интернатурадан өтіп, бастады. 1993-2003 жылдары Орал қаласындағы «Жас дәурен» балаларды оңалту кешенінде педиатр және бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарды.
Одан кейінгі жылдары Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасында облыстың бас педиатры, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің меңгерушісі, емдеу-профилактикалық бөлімшесінің меңгерушісі сияқты маңызды қызметтерде еңбек етті. 2009 жылдан бастап осы күнге дейін Атырау облыстық Кардиология орталығы директорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі ұзақ жылғы еңбегі мен жетістіктері үшін Сандуғаш Жұмағалиева көптеген марапатқа ие болды, оның ішінде «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Халық алғысы», Х.Доспанованың медалі және «Алтын дәрігер» төсбелгілері бар.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ