Ақ маржан тіс арман ба?
Тіс емдету неге қымбат? Бұл бізді ғана емес, бүкіл қоғамның көкейіндегі басты сұрақ. Қазір бір тісті суыртудың өзі 30-40 мыңнан басталса, оны емдетудің бағасы 100 мыңға дейін жетеді. Ал, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы кез-келген адам тісін емдете алмайды. Тіпті өмірге бірнеше ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген ананың өзі де тісін емдетемін деп бұл қорға арқа сүйемейді.
Иә, ақ маржан тіс қазір әркімге арман болғандай. Шындығы осы, көрші Ташкентке барып тісін емдетіп жүрген қазақтардың саны қазір айтарлықтай көбейген. Өйткені, ол жақта 32 тісіңді 500-600 мың теңге айналасындағы қаражатқа емдетіп қайтасыз. Ал, біздің елде тіс емдету неге қымбат? Мәжіліс қабырғасында көпбалалы аналардың тісін тегін емдетуге қатысты нендей ұсыныс айтылды?
«Несие алып, емделіп жүрміз»
«Сау тіс сұлулықтың ғана емес, денсаулықтың да кепілі. Мен мұны аузымдағы тістерім сирегенде бір-ақ түсіндім. Не дұрыс тамақтанудан, не емін-еркін сөйлеп, күлуден қалдым. Жас кезімде тіс сәл ауыра қалса оны емдетіп, сақтап қалудың орнына бірден жұлдыртып тастайтынмын. Дәрігерлер де оның дұрыс еместігін айтып, түсіндірмейтін. Тұрмысқа шығып, дүниеге үш сәбиім келді. Сол сәттерде де тістерімнің сапасы нашарлай берді. Осылай бас-аяғы он жыл уақыт аралығында санаулы тіспен қалдым. Емдету ақшасын қымбат көріп жүргенімде, жасанды тіс (имплант) салдырудың тіптен қолжетімсіз екенін білмеппін. Ақыры соңында 8 имплант, өзге тістеріме салынатын тіс қаптамалар (коронка) мен емдету жұмысы барлығы 1 850 000 теңгеге шықты. Ең қиыны, мұны айлығым аз болғандықтан банктен несие алып жасаттым».
Бұл ай сайын 145 000 теңге жалақы алатын мемлекеттік мекеме қызметкері Эльмира Базарбаеваның сөзі. Жалақысы аз болғандықтан артық қаржысы жоқ. Зейнетақы қорындағы жинағы да мардымсыз ол «тіс салдырып, емдетемін» деп енді бес жыл айына 45 000-нан несие төлеп жүр. «Өйтпеске амалым қалмады» деп ағынан жарылған кейіпкер тіс емдетудің осыншалықты қымбат тұратынын айтып мәселе көтерді.
– Несін жасырайын, осылай несие алдым. Бұл бағасын орташа есеппен шығарған жеке тіс емхананың құны. Бағаны көре тұра, шешімді бірден қабылдағаным жоқ. Бір жыл уақыттай ойланып барып, басқа амалымның жоқтығынан бардым. Сапалы емдейтінін естіп, өзгелеріне де жолығып көрдім. Бұл-бұл ма, өзім қалаған тіс емханасы 4 500 000 теңгеге шығатынын айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Әр істі басыңа түскенде білесің. Ем-шара ұзаққа созылып, алдымен тіс шегелерін ғана орнатып, кейін әбден орнығып кеткенше екі жылға жуық уақыт кетті. Қазір қарапайым қызметкер ретінде бұл қаражатты өтеудің өзі оңай тиіп жатқан жоқ, — деді ол.
Кейіпкер сөзінің жаны бар. Арамызда тіс емдетудің әлегімен жүргендер жетіп артылады. Тұрғындардың сөзінше, тіс емдетудің құны расымен де шарықтап тұр. Сондықтан Эльмира секілді жандарды қаржыға сауатты адамдар «қит етсе несие алады» деп кінәлай да алмас. Адамдардың несиені ермек үшін емес, осылай қиналғаннан алатынын осыдан-ақ көруге болар. Ендеше, бұдан басқа тіс емдетудің қандай тиімді жолы бар? Ал, әу баста «адамдардың емделу құнын өтейді» деп құрылған медициналық сақтандыру қоры арқылы жеке емханалардан тісті тегін емдетуге бола ма?
Емді кімдер тегін алады?
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, стоматологиялық көмек алу үшін МӘМС бойынша қызмет көрсететін стоматологиялық клиникаға жүгіну қажет. Ол тізім әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында көрсетілген. Бұл үшін емханадан жолдама алу да міндетті болып табылмайды.
– МӘМС жүйесіндегі немесе ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер ғана ала алады. Қатты ауырсыну кезінде азаматтардың 10 санаты, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, оның ішінде мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және басқалар шұғыл көмек ала алады, — деді ол.
Белгілі болғандай, МӘМС арқылы стоматологиялық көмек көрсету процесінде келісім-шартқа отыру әдісі, яғни шарт жасасу жағы өзгерген.
Бұған дейін стоматологиялық клиникалар өзара шартқа отыру арқылы қосалқы мердігер ретінде медициналық қызмет көрсетсе, қазір қор көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасау үшін тікелей осы клиникалармен шартқа отырады. Демек, енді стоматологиялық клиникалар өздерінің қанша қызмет көрсеткенін және қормен келісім-шарт бойынша қанша қызмет көрсететінін өз бетінше қадағалап отыруы керек. Бұрын мұнымен артылған жүктемеге қарамастан пациенттің тіркелген емханасы айналысып келді. Салдарынан пациент алмаған медициналық қызметті алды деп жазатын жағдайлар кездесті. Қор сарапшылары мұны мониторинг жасаған кезде медициналық құжаттардан анықтады, — деді А.Ғазизов.
Сондай-ақ ол стоматологиялық қызметтерді алу үшін емханадан жолдама алу міндетті еместігін атап өтті. Ең бастысы, пациент МӘМС немесе ТМККК аясында стоматологиялық көмек алушылардың санаттарының біріне кірсе және медициналық көрсеткіштері болса болғаны.
– Негізі көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі ауқымды. Кәсіби тілмен айтқанда, стоматологиялық клиникалар амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Мұнда пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтерін алуға болады. МӘМС аясында жақ-бет аймағының туабіткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады. Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына және Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетілетін болады, — деді аталған қор филиалының директоры.
Протез бен имплант
Түсінгеніміздей, медициналық сақтандыру қоры арқылы белгілі-бір санаттағы адамдар ғана тіс емханаларына тегін қаралады. Қызметтің бұл түрі кез-келген адам үшін қолжетімсіз. Десек те бүгінгі уақытта тіс емдетудің тағы бір тиімді жолы бар. Ол – зейнетақы жинағы арқылы емделу. Бұл ретте де тек екі қызмет түрі ғана қолжетімді. Ол – тісті протездеу және имплантациялау.
Статистикаға сүйенсек, зейнетақы қорынан емге деп алынған ақшаның басым бөлігі стоматологиялық клиникалардың шотына аударылған екен. Атыраулықтар стоматологтың бір қабылдауына орта есеппен 40 мың теңгеге жуық қаражат жұмсайды. Басым бөлігі кариесті емдетеді. Тіске брекет орнатудың құны 80 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта. Соңғы жылдары танымал бола бастаған винирлердің құны да қымбат. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін тісті протездеу аса қажетті. Мұның құны да сапасына қарай 60 мың теңгеден жоғары аса береді.
Қаладағы жеке емханалардың қызмет құнын саралай отыра, баға дәрігерге, дәрігердің имиджі мен клиниканың өзіне байланысты өзгеріп отыратынына көз жеткіздік. Ал, соңғы жылдардағы қазақстандықтардың зейнетақы қорынан емделуге жұмсаған қаржысы миллиартарды құрайды. Оның 80 пайыздан астамы стоматологиялық клиникалардың шотына түскен.
Зейнетақы жинағы арқылы тісін емдеткен атыраулықтардың бірі – Күләш Жолдиева. Ұзақ жыл медицина саласында қызмет атқарған ол жинақтағы шекті сомадан асқан қаржысын жеке клиникаға аудартып, протез жасатқан.
– Бұл бір пайдалы іс болды. Зейнетақы жинағы арқылы тіс емдету көптеген адамның кәдесіне жарады. Тіс салдыру қомақты қаржыны құрайтындықтан, оны кез-келгеннің жағдайы көтере бермейді. Сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Қалтамнан ешқандай қаражат шыққан жоқ. Барлығын да зейнетақы қорындағы жинағым арқылы төледім. Ақ маржан тіс ажарың ғой, қазір еш қымсынбай сөйлеп, асымды да еш уайымсыз ішіп жүрмін, — деді ол.
Көпбалалы аналарға қолдау қажет
Бүгінде елімізде шамамен 550 мыңға жуық көпбалалы ана бар. Олардың ортақ проблемасы – тістің түсуі. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауалын жолдаған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров халықтың мұңын билікке жеткізіп, аналардың тісін бір рет тегін емдеуді ұсынған болатын. Оның айтуынша, экономиканы дамытатын басты қайнар көз – адам. Сол адамды дүниеге әкелетін – әйелдер. Сондықтан мемлекет оларға қамқорлық жасауға міндетті.
Елімізде әйел босанғаннан кейін денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған? Бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1-3 балаға 140 мың теңге, төрт және одан көп балаға 232 мың теңге қарастырылған. Шындығын айтсақ, бұл әйелге емес, баланың күтіміне берілетін сома, — деді халық қалаулысы.
Ол Ресейде бала күтіміне берілетін сома бұдан айтарлықтай жоғары екенін атап өтті. Мысалы, онда ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль (3 млн. 195 мың теңге), екінші балаға 883 мың рубль (7 млн. теңге) қарастырылған. Сондықтан Қазақстанға да әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетіп отыр.
«Елімізде ұзақ мерзімді демографияны дамыту стратегиясының басты аспектісі – лайықты ана капиталын қалыптастыру. Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальциді көп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны медициналық факт. 543 мың көпбалалы әйелдің барлығының басында бар өзекті проблема – тістің түсуі» деді депутат.
Осыған байланысты Ерлан Саиров көпбалалы аналардың тісін бір рет тегін емдеп беруді ұсынды. «Қазақстандағы стоматология бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы аналарға тісін емдеу үшін бір реттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет. Бала тапқан әйелдердің денсаулығын сақтау үшін мемлекеттік стандарттар керек» деді ол.
«Арнайы бағдарлама керек»
Тіс емдеу медициналық қызмет түрлерінің арасындағы ең қымбаты саналады. Әсіресе, тістің ерте жастан бұзылуы қоғамдағы басты мәселенің біріне айналып барады. Ал, мамандар «ең дұрысы, бала кезден тіске дұрыс күтім жасау керек» деп дабыл қағуда.
Облыстық балалар стоматологиялық емханасының директоры, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас стоматологы Нұргүл Намазғалиева адамдардың тіс емдетуде қиындыққа тап болу себебін тіс күтіміне салғырт қарауымен байланыстырады.
– Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологі Н.Бектұрғанова стоматологиялық аурулардың алдын алу бағдарламасы керектігін үлкен мәселе ретінде көтеруде. Сонымен қатар ауыз қуысы гигиенасына баланы жастай үйретуіміз керектігі айдан анық. Ал, жалпы ауыз қуысы ауруларының алдын-алуды анасының жүктілігі кезінде қолға алған жөн. Көпшілік тіс күтімі деп жатады, ауыз қуысының күтімі дегеніміз дұрыс болар. Оны жаңа туған сәби кезінен бастаған дұрыс. Ол үшін арнайы саусаққа киерлермен (напаличники), болмаған жағдайда сұқ саусаққа дәкі байлап, сүртіп алғанның пайдасы зор, — деді Н.Сатанқызы.
Дәрігердің айтуынша, облыстық балалар стоматологиялық емханасында жылына 70 мыңға жуық бала стоматологиялық қызмет түрлерін алады. Соның 80 пайыздан асқаны тісжегісінің асқынған түріне шалдыққан.
ТҮЙІН:
Тіс емдетуге миллиондар жұмсағысы келмесе әр адам тіс күтіміне ертерек қамдануы керек. Себебі, жиған-тергеніңді біреуге беруіңізге немесе несие алуыңызға тура келеді. Ал, тіс емдеу мен салудың қымбаттығын мамандар оған кететін материалдың құнымен байланыстырады. Сондай-ақ, төзімділік пен дәлдікті, шеберлікті талап ететін жұмыстың қиындығы тағы бар.
Тіспен бүкіл денсаулықтың байланысты екендігін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Оның саулығының маңыздылығы да осында. Оған күтім жасамасаңыз, денсаулығыңызға қауіп төнуі мүмкін. Иә, «тісі саудың – дені сау»…
Мәлике ҚУАНЫШЕВА