АҚ ХАЛАТТЫ АНА
ОНЫҢ СЫРТҚЫ КЕЛБЕТІНЕ ҚАРАП, ОСЫНША ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДА ЖҮР ДЕП АЙТА АЛМАЙСЫЗ. ЖАН-ЖАҒЫНА КҮЛІМДЕЙ ҚАРАҒАН КӨЗҚАРАСЫНАН ЖАН ЖЫЛУЫ СЕЗІЛІП-АҚ ТҰР. ЖЕДЕЛ КӨМЕК КҮТКЕН ТҰРҒЫНДАРДАН ҚАНША ҚОҢЫРАУ ТҮСІП ЖАТСА ДА ҚАБАҚ ШЫТПАЙ, ШАРШАҢҚЫ КҮЙ КЕШКЕНІН БАЙҚАТПАДЫ. ИӘ, ӨЙТКЕНІ ОЛ ӨЗ ІСІНІҢ МАМАНЫ. ҚАРБАЛАС ҚЫЗМЕТ ЖҮГІ, ОТБАСЫ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТІН ДЕ АБЫРОЙЛЫ АТҚАРЫП КЕЛЕДІ. ӨМІРДІҢ ҚИЫН СӘТТЕРІНДЕ «ӘЙЕЛМІН» ДЕП ӘЛСІЗДІК ТАНЫТЫП, СЫР БЕРГЕН ДЕ ЕМЕС. КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ КҮШЕЙІП, АДАМДАР АБЫР-САБЫР КҮЙГЕ ТҮСКЕН КЕЗДЕ ҚАУІПТІ ІНДЕТ ОШАҒЫНДА БОЛҒАН «АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ» ШЖҚ КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ №4 ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯНЫҢ АҒА ФЕЛЬДШЕРІ АЙНҰР СӘРСЕНОВАНЫҢ ЕҢБЕГІНЕ ЕЛІ ТӘНТІ.
«Өліп-тірілген әже»
Кейіпкеріміз туралы көп нəрсе айтуға болады. Ең маңыздысы оның қарапайым қызметте жүріп адал еңбегімен елге танылуында. «Өз ісімнің қиындығына төзімді болуымның сыры, мамандығымды жаныммен жақсы көруімде» деді бізбен əңгімесінде ол. Өзі қалаған мамандығы бойынша Атырау жоғары медициналық колледжін 1999 жылы бітіріп шыққан Айнұр Боранбайқызы бірден облыстық жедел жəрдем станциясына қызметке орналасады. Оның бұл таңдауы өміріндегі ең маңызды шешім болатын. Өйткені, жедел жəрдемде қызмет ету əйел заты түгілі, ер азамат үшін де оңай емес. Түндерде ұйқысыз жүріп оқыс жағдайлардағы шақыртуларға барып, науқастарға алғашқы көмек көрсету кезкелгеннің қолынан келе бермейтін іс. Ал, отбасылы нəзік жандар үшін бұл оңай жол емес. Дегенмен, өзінің арманынан бас тартпаған Айнұр бұл соқпақтың қиын боларын білсе де мақсатынан айнымады.
– Қызметке келгенімде тұрмыста болатынмын. Үйдің үлкендері «үй көрмейсің, сен алдымен отбасыңа, балаларыңа қажетсің. Бұл жұмыс саған қол емес» деп қарсылық та танытты. Бірақ, ол кісілерге түсіндіре келе арада келісім орнады. Бастапқы алты жыл өткен соң жолдасым да қызмет бабымен түнгі ауысымдағы жұмысқа орналасып, менің жағдайымды түсіне бастады. Міне, биыл бұл қызметте жүргеніме 24 жылдан асып барады. Жұмысымыздың қиындығы да, қызығы да көп. Жедел жəрдемде еңбек еткендіктен үнемі көлікте, əркез тез жүріп, тез əрекет етуге машықтанып алдым. Өйткені, біз үнемдеген əр минут адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Осы еңбек жолымда есімде қалған мынадай бір жағдай бар. Қателеспесем, 2009 жылы Еркінқала ауылдық округіне қарасты Ракуша елді мекенінен шақырту түсіп, дереу мекен-жайға аттандық. Көліктен түскен бойда сол үйдің адамдары бір-нəрсеге əзірленіп, өзара абыр-сабыр күй кешіп жатқандай көрінді. Аулада қазан ошақтар құрылып, қақпа сыртында көліктер тұрды. Бізге «науқас өмірден өткен-ау» деген ой келді. Есіктен кіре бере алдымнан кезіккен адамнан «бұл похорон болған үй ме?» деп сұрақ қойдым. Ал, ол «əжеміз екі күннен бері хал үстінде жатыр. Сол кісіге ағайын-тума болып жиналып, мешіттен имам шақыртып, дем салдырып жатырмыз» деп жауап қайырды. Сөйтіп, əженің жанына келдім. Комада жатыр екен. Жанындағы туыстарынан сұрастыра келе оның қант диабетімен ауыратынын білдім. Сол жерде қант көрсеткішін өлшеп, оның мөлшері түсіп кеткеніне көз жеткіздім. Содан «глюкоза» салып, қант деңгейін көтеріп, əжейді орнынан тұрғызып кеттім. Осы сəтте туыстары «біз əжейді «ана ауылдың адамы» деп дайындалып жатқан едік» деп таңданысты. Содан күтпеген қуанышқа мəре-сəре болып, күліп жатты, — деді бізбен əңгімесінде Айнұр.
Қажырлы қызметтің нәтижесі
Кейіпкеріміз кейде науқастың ауруханаға жете алмай орта жолда демі үзіліп, моральдық тұрғыда қиын жағдайға тап болатындарын айтып көзіне жас алды. «Кейде медициналық көмек пен жылы сөзімнің де шипасы болмай жатады» деп көз жанарын төмен салып, көңілсіз күйге енді. Кейіпкеріміздің айтуынша, əсіресе коронавирус күшейген уақытта мұндай жағдайлар жиі кездескен. Күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты облыста 2020-2021 жылдары тəулігіне 1500 шақырту түскен күндер де болған. Шақыртулардың 85-90 пайызы ковидқа немесе ковидтік пневмонияға шалдыққан науқастар. Өз өмірлерін қатерге тігіп, мыңдаған шақыртуларға барған жедел жəрдем қызметінің ерен еңбегі айтпасақ та ұғынықты. Сол соғыссыз майданға теңелген коронавируспен күресте алдыңғы шепте болғандардың бірі – осы Айнұр. Оның өткен жылы кеудесіне тағылған «Үздік қызметкер» төсбелгісі осындай қым-қуыт сəтте қиындықтан тайсалмай, өз ісін шебер атқарған қажырлы қызметінің жемісі. Бұл сондайақ, кəсіби маман жəне елдің алғысына бөленіп жүрген үлкен адамгершілік иесі екендігінің айқын белгісі деп білеміз. Иə, ол күн-түн демей вирустың «қызыл» ошағында жүрді. Аталған қосалқы станцияға Айнұрмен əңгімелесуге арнайы барған кезде ол түнгі ауысымнан шығып отыр екен. «Қызметіміз осындай, қарбалас. Бүгін де түнгі ауысымда болдым. Əдеттегіше шақыртулар көп. Дегенмен, коронавирус күшейген жыл басындағы кездегідей емес, біраз саябырсыды» деген кейіпкеріміз коронавируспен күрестегі күндерін еске алды.
–Дене қызуының көтеріліп, ентігіп тұрған, сатурациясы (өкпенің оттегімен қамтылуы) төмендеген, жалпы, əлсіздік күйдегі науқастар өте көп кездесті. Солардың ішінен оттегіне тəуелді науқастарды ауруханаға тасымалдадық. Ол сəттерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бəріміз сыналған, сындарлы кез болды. Əсіресе, бұл ауруды ентікпесі бар адамдар аса ауыр өткерді. 30 жыл медицина саласында еңбек еткен, ковидтік бригадада жұмыс жасаған Алмагүл есімді əріптесіміз де осы індеттен көз жұмды. Соны білгендіктен үстімізде қорғаныш құралдары болса да əр шақырту сайын бойымызды үнемі қорқыныш пен үрей билейтін. Ата-анамызды, бала-шағамызды ойлап, алаңдадық.
Ауру айтып келмейді
Өткен жылдың жаз айы. Нағыз эпидахуал күшейген уақыт болатын. Шақыртумен көрсетілген мекен-жайға жеттік. Барғанымызда науқастың кардио орталықта бірнеше жыл медбике қызметін атқарған əйел адам екенін білдік. Өзі ентікпе (астма) дертімен ауыратынын айтты. Алайда, сатурациясын қарай отыра оның ковидтік пневмонияға шалдыққанын білдім. Өзіне де түсіндіріп айттым. Дегенмен, ол «дене қызуым жоқ» деп, ковидке шалдыққанына аса сеніңкіремеді. Біз дене қызуын өлшегенде ғана, қызуының жоғары екендігін бір-ақ білді. Десе де, ауруханаға жатқызуды жөн деп тауып, жолшыбай көлікте əңгімесін де айта отырды. Ауруханаға өз аяғымен кірді. Содан соң 2-3 күн өтісімен бір салада қызмет ететіндіктен жағдайын білейін деп ауруханаға хабарласып көрдім. Ал, ондағылар апайдың қайтыс болғанын айтты. Бұл хабар маған біреу төбемнен мұздай су құя салғандай əсер етті. Содан соң біразға дейін өзіме өзім келе алмадым. «Ауру айтып келмейді» деген осы болса керек. Ол кісіге жұққан індет аса байқатпаған екен. Компьютерлік томографияға түсірген кезде ғана өкпенің көп мөлшерде зақымданғаны анықталған, — деді сұхбаттасушымыз. Кейде ақ халаттылар адам жанына араша түсуге қанша ұмтылғанымен ажал аузынан құтқара алмай жатады. Мүмкін, ол сол адамның пешенесіне жазылған ғұмырының аяқталып, дəм-тұзының таусылған сəті болар. Кім білсін?!. Ал, сондай қиын сəттерге куə болып жүрген медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңіл дей алмаймыз. Біз əңгімелеп отырған аға фельдшер Айнұр да сондай сəттердің талай мəрте куəгері болған. Сондықтан болар, «адамдар өз денсаулығына мұқият қараса екен» дейді. Соның ішінде бала қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Өйткені, 103 нөміріне келіп түсетін қоңыраулардың көпшілігі балаларға қатысты болады екен. Балалардың тұрмыстық химиялық сұйықтықтарды ішіп қоюы немесе күйіп қалуы секілді оқыс оқиғалар көбейген. Сондықтан, балаға аса сақ болу қажет. Əр адамға алғашқы медициналық көмек көрсете білу де аса маңызды.
ТҮЙІН:
Әйел затының өзгелерден ерекшелігі осында болса керек. Оның сырт келбетіне қарап, атан түйе жүгін арқалап жүргенін көре алмайсыз. Бұл нәзік жандарға тән құпия. Әйел заты жауапкершілік жүгі қанша ауыр болса да нәзіктігін жойған емес. Қым-қуыт қызметте жүрсе де көпбалалы ана атанған Айнұр да сұлулықтың символындай көрінді бізге. Себебі, ол науқастардың дертіне шипа берер ақ халатты жан ғана емес, айналасына, балаларына шексіз мейірім сыйлап жүрген аяулы ана. Ал, ана мейірімі – әлемді әлдилейді…
Мəлике ҚУАНЫШЕВА
Суреттерді түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ