Жарнама
Медицина

Айтып  келмейтін  ауру

Бүгінде АИТВ (ВИЧ) инфекциясының алдын алатын вакциналар ойлап табылмағандықтан, індеттен сақтану әр адамның өз қолында. Сол себепті, Дүниежүзілік медициналық ұйымдардың қолдауымен жыл сайын онкүндіктер өткізіліп келеді. АИТВ мәселесіне көңіл аударылып, осы індетпен өмір сүретіндерді қолдау іс-шаралары жоспарлы түрде ұйымдастырылады. Бұл індеттің облыстағы ахуалы жайында білмек болып облыстық  АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Қуаныш Нұрмұхановпен сұхбаттасқан едік.

aitv 1

Қуаныш Құлбайұлы, Дүниежүзілік  жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен (ЖИТС)  күрес күніне орай онкүндік басталды. Мақсаты не?

– ЖИТС-пен күрес күні  әлемде 1988 жылдан бері 35 жыл бойы аталып келеді. Мақсат – әлем жұртшылығының назарын АИТВ  мәселесіне аудару, індет, қиын жағдайда қалғандарды қолдау. Биылғы компания ұраны – «Көшбасшылық қауымдастықтарға!» саяси және құқықтық шектеулер, кейбір жерлерде адам құқықтарының сақталмауы, кейбір кездері қаржының жеткіліксіздігі – мұның бәрі АИТВ инфекциясының алдын алу және емдеу қызметтерін көрсетуге  кедергі келтіреді. Егер бұл кедергілер жойылса, қоғамдастықтар АИТВ-мен күресуге үлкен серпін беріп, ЖИТС-ті жеңуге өз үлесін қосар еді.

ЖИТС-пен күрестің бүкіләлемдік күні – бұл жай ғана қоғамдық жетістіктерді атап өту ғана емес, бұл – қоғамдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, оларды осы күресті  бастауға шақыру.  Биыл елімізде компания  аясында  20 қарашадан 1 желтоқсанға дейін АИТВ (ВИЧ)-инфекциясына қарсы шаралардың онкүндігі өтуде. Шараларға үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысып отыр.

  Атырау облыстық АИТВмен күрес орталығының мамандары жыл сайын акцияның ауқымды өтуіне жағдай жасайды. Сол үрдіс биыл да жалғасын тауып, қаладағы бірнеше оқу орнының студенттері арасында түрлі шаралар өткізіледі. Қоғамдастықтар ЖИТС-ке қарсы күреске белсене атсалысса,  індетті жеңуге болады. Олар қазір қоғамның барлық саласына араласып, біртіндеп адамдардың сеніміне ие болып келеді.

Қазір Атырау облысында осы бағытта 1 үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс жасап отыр. Болашақта қоғамдық ұйымдардың санын арттыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. 

– Атырау облысында АИТВ немесе ЖИТС ауруының алғашқы дерегі қашан тіркелді? Қазір диспансерлік есепте қанша адам тұр?

– АИТВ инфекциясының алғашқы жағдайы Қазақстанда 1987 жылы Теміртау қаласында тіркеліп, кейін еліміздің барлық өңірінде анықтала бастады. Сол кезде емі белгісіз жаңа инфекцияның жедел таралуы тиісті шараларды ұйымдастыруды талап етті. Басты мақсат – халық ішінде, әсіресе әлеуметтік осал топтар арасында АИТВ дерті бар адамдарды  ерте анықтап, оларды   емдеу,  алдын алу шараларын кешенді бағдарламалар арқылы жоғары деңгейде ұйымдастыру күн тәртібінде тұрды.

Көп ұзамай, 1989 жылдың  25 қазанында сол кездегі КССР Денсаулық сақтау вице-министрінің бұйрығымен ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу жөніндегі Республикалық орталық құрылғаны  белгілі. Осыдан кейін еліміздің барлық облысында ЖИТС-пен күресу орталықтары ашылды. Атырау облысында АИТВ инфекциясының алғашқы жағдайы 1993 жылы тіркелді. Бүгінде АИТВмен өмір сүретіндерге толық зертханалық тексеру, арнайы ем тегін жүргізіледі. Оларға инфекционист, фтизиатр, педиатр, гинеколог, дерматовенеролог, нарколог, психолог, провизор мамандары медициналық қызмет көрсетеді. АИТВ-инфекциясының таралуын тоқтату  мақсатында байланысқа дейінгі алдын алу  емі жүргізілуде.

Әлемде бұл әдіс қауіпті індеттің алдын алуда өз нәтижелілігін дәлелдеген. ЖИТС орталығында халықты АИТВ инфекциясына тестілеу, емдеу, диспансерлік динамикалық бақылау, АИТВ-мен өмір сүрушілер және түйінді топтарға қажетті зертханалық талдаулар толығымен тегін жүргізіледі.

– Науқастарға қандай психологиялық көмек көрсетіледі?

– 1990 жылы облыстық Қан орталығында зертханалық бөлімше ретінде  8 адаммен жұмысын бастаған мекемеде 2014 жылға дейін жеке ғимарат болған жоқ. Жаңа типтік ғимараттың салынуы мұндағы мамандардың келушілерге барлық медициналық  қызмет түрін сапалы көрсетуіне толық мүмкіндік берді. Қазір орталықта «Психоәлеуметтік кеңес беру» кабинеті, «Қан алу бөлмесі», «Достастық» кабинеті және «Сенім бекеті», дигностикалық зертхана, профилактикалық, эпидемиологиялық, емдеу-алдын алу бөлімдері жұмыс істейді. АИТВ-мен өмір сүрушілер АРВ препараттармен толық қамтылған. Сонымен бірге, туберкулездің, оппортунистикалық аурулардың алдын алу емдері жүргізіледі.

Жылжымалы және стационарлық сенім бекеттерінде аурудың  алдын алу бағдарламасы жүргізіледі, халық арасында ағарту шаралары ұйымдастырылады. Халыққа, бизнес-құрылымдарға  АИТВ-нің таралу және алдын алу жолдары туралы ақпарат беріліп, түрлі сала мамандары, жалпы орта білім беретін мектептер мен арнайы орта және  жоғары оқу орындарының мұғалімдері, оқушылары  және студенттері оқытылады.

Жыл басынан бері осындай 517  шара ұйымдастырылды.  Ақ халаттылардың алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау  ұйымының стратегиясы бойынша 2030 жылға дейін АИТВ  індетінің таралуын тоқтату мақсаты тұр. Ол үшін вирус  жұқтырғандардың 95%-ын тауып, олардың арнайы еммен қамтып, вирус мөлшерін азайту қажет. Осы межелерді қамтамасыз еткенде ғана індеттің ары қарай таралуын тоқтатуға болады.

– Атырау облысындағы ахуалға тоқталсаңыз?

– Өткен жылмен салыстырғанда биыл облыста АИТВ инфекциясымен ауыратындар саны азайған. 2022 жылдың 10 айы мен  биылғы жылдың 10  айын  салыстырғанда, АИТВ-инфекциясының  анықталуы 16%-ға  төмендеп  отыр. Бұл  алдын алу жұмыстарының жанданып, кәсіпорын, мекемелерде түсіндіру іс-шараларының жүйелі жолға қойылуының нәтижесі.

ХХ ғасырда АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласып,  дүние жүзінде  көптеген  жанға қасірет әкелсе, қазіргі уақытта заманауи дәрі-дәрмектердің арқасында дертті уақытында анықтап, емдеуге мүмкіндік туып отыр. Ал, үздіксіз ем науқастың өміріне төнген қауіпті сейілтеді, соның нәтижесінде сапалы әрі ұзақ өмір сүруге болады.    

– АИТВ жұқпасы анадан балаға берілетіні белгілі. Баланың денсаулығын сақтау мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– АИТВ-инфекциясының ана-дан балаға берілуінің алдын алу мақсатында барлық жүкті әйелдер АИТВ-ға екі мәрте тестілеуден  өтеді.  АИТВмен өмір сүретін 4 жүкті әйел мен перинаталдық байланыстағы  11 бала  қазір дәрігерлердің бақылауында.  

1 1

АИТВ – онымен күресуді және алғашқы сатысында-ақ алдын алу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін ауру. Онымен ауыратын адамдар күнделікті ем алудың нәтижесінде толыққанды өмір сүріп, дені сау ұрпақты дүниеге әкелуіне мүмкіндіктері бар. Сондықтан, орталық мамандарының басты мақсат-міндеті – АИТВ-ның таралуының алдын алу, науқастарды уақытылы анықтап, әрі қарай қоғамнан шеттетілмей өмір сүруіне жағдай жасау.                

– Облыстық АИТВ орталығының материалдық-техникалық базасы туралы да айта отырсаңыз.

– Орталықтың ғимараты 2014 жылы демеушілік көмекпен салынып, пайдалануға берілген болатын. Бұл – республика бойынша жалғыз типтік ғимарат.  АИТВ инфекциясы бар адамдарға  қажетті барлық зерттеулер заманауи жабдықталған зертханада жүргізіледі. АИТВ-ны анықтауға арналған  автоматты  зерттеу құрылғысы биоматериалды сапалы тез арада  талдауға мүмкіндік береді.

2023 жылы біздің зертхана  аккредитациядан өтіп,  СТ РК ISO 15189-2015 ж. сертификатын алды. Орталықта медицина  қызметкерлерінің  халыққа сапалы кәсіби қызмет көрсетуі үшін  және халықтың көрсетілген қызметті алуы үшін  барлық жағдай жасалған.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Нұргүл Ысмағұлова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button