Медицина

«Мені әбден қинады» деген атыраулық жүкті әйел қайтыс болды

Атырауда 37 жастағы әйелдің өліміне қатысты модульді аурухана дәрігерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оның туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлер кінәлі деп нық сеніммен айтып отыр. Ал сәби аман-сау дүниеге келген. 

Марқұм Гүлдана Сарөзенова ата-анасының жалғыз қызы, төртінші баласын дүниеге әкелу керек еді. Отбасы мүшелерінің айтуынша, босанардан бір апта бұрын дәрігерлер оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан. Кейін оған үйде емделуге кеңес беріпті. 17 қаңтарда толғақ қысып, модульді ауруханаға жеткізілген. 

– Қызым босанар кезде ішін қатты басқаны сонша, көкбауыры жарылып кеткен. Оның ұйқы безі де жарылған. Адамның барлық мүшесі бір-бірімен байланысты ғой. Олар қанның қайдан шыққанын білмеген. Дәрігерлер бәрін түсінген кезде, кеш қалып, қызым қайтыс болды, – дейді марқұмның анасы Светлана САРӨЗЕНОВА. 

Ауыр жағдайда болған пациент 18 қаңтарда қайтыс болды. Қазір сәби үш айлық, оны нағашы ата-әжесі бағып жатыр. Денсаулығы жақсы. Бұл сәбиден бөлек Гүлдана Сарөзенованың артында тағы үш ұл қалды. 

– Мен ол тіркелген емханаға бардым. Анализдері денсаулығында еш кінәрат болмағанын көрсетіп отыр. УЗИ де еш ауытқушылық анықтамаған. Не болғанын және кім кінәлі екенін білмеймін. Денсаулығы жақсы еді. Кесарь тілігін жасауға болмас па еді? Ауыр жағдайда жатқанда күйеуі барғанда, ол: «Мені әбден қинады» деп айтып үлгеріпті, – дейді С.Сарөзенова. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен модульді аурухананың өзінен осы жағдайды білуге тырысқанымыздан нәтиже шықпады. Ал Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТ қылмыстық іс қозғалғанын айтты: 

  • Қазір бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-тармағы («Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша тергеу жүріп жатыр. 

Дереккөз: azh.kz

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button