Жарнама
Медицина

АДАМДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАҒАН, БАР ӨМІРІН ІЗГІЛІККЕ АРНАҒАН

 

— Ғазиз Қаламұлы, мемлекеттің ең басты байлығы  халық десек, олардың денсаулығын сақтауда медицина қызметкерлеріне жүктелер міндеттің зор екенін жақсы білеміз. Әңгімені осыдан бастасақ.

   — Аймақтағы барлық емдеу мекемелері сияқты, біздің №7 қалалық емхана ұжымы да  «Саламатты  Қазақстан» бағдарламасы негізінде халық денсаулығын сақтау ісінде біршама игі істерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, емхананың материалдық-техникалық базасы жыл санап жақсаруда. Емдеу орталығы қалалық балалар емханасын біріктіру жолымен қайта құрылды. Қазіргі заманғы озық медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, ауысымына 500 адам қаралатын жаңа жобадағы емхана базасында дүниежүзілік стандартқа сай «ОЛИМП» зертханасы жұмыс істейді. Емхана өзінің бекітілген тұрғындарына қоса, қосымша келісім-шартпен Еркінқала, Дамбы, Теңдік, Томарлы, Геолог, Бесікті елді мекендерінің тұрғындарына да жоғары талапқа сай медициналық көмек көрсетеді. Оның үстіне қаланың кейбір ықшамаудандарынан қалаған дәрігерлеріне келіп қаралатындар да баршылық.

Қазіргі кезде емханада 70 керуеттік күндізгі аурухана емделушілердің  мүддесіне қызмет етеді. Сондай-ақ, сауықтыру орталығына келіп, сырқатынан айығып кетіп жатқандар да аз емес. Ал, учаскелік дәрігерлер жүріп-тұруы қиын қарт адамдардың үйлеріне барып, олардың емделуіне жағдай жасайды.

Емделушілер емханада электрондық жүйеде, телефон арқылы алдын ала кезекке жазылып, қалаған мезгілінде дәрігерге қаралады. Бүгінде емханада барлық қызмет түрлері компьютерленген, электронды құжат  айналымы енгізіліп, емделушілер туралы барлық мәліметтер сақталады. Сонымен қатар, емхананың арнаулы жеке сайты бар.

Емхана ұжымы ынтымақты еңбек етудің нәтижесінде өткен жылдың аяғында медициналық мекемелер арасында халыққа сапалы қызмет көрсеткені үшін республикада рейтинг көрсеткіші бойынша  үшінші орынға ие болды.

— Сіздерде мамандардың біліктілігін арттыру бағытында нендей шаралар алынуда?

— Емхана басшылығы дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарының біліктіліктерін арттыруға аса мән береді. Жылма-жыл ондаған дәрігерлер Алматы, Астана, Ақтөбе қалалары мен жақын шетелдердегі клиникаларда, білімін жетілдіру институттарында іс-тәжірибеден өтсе, орта буын медицина қызметкерлері Атырау медицина колледжінде болып, білімдерін жетілдіреді. Олардың қай-қайсысы да осы заманғы медициналық емдеудің жаңа жүйесін жете меңгеріп, жемісті еңбек етуде.

— Емханада емделушілердің скринингтік тексеру жайы қалай?

— Қазір ұлттық скринингтік тексеру шаралары туралы білмейтін жан кемде-кем.  Бүгінде емхана есебінде тұратындар скринингтік тексеруден өтуге мүдделі. Бұл тексеру – балалар мен ересектерді қан айналымы жүйелері ауруларын, жатыр мойыны, сүт бездері обырын бастапқы кезеңінде айқындаудың тиімді түрі.

Скринингтік тексерудің түрлері көп. Мәселен, әртүрлі жастағы адамдар қанындағы холестерин мен  глюкозаның деңгейін анықтау үшін арнайы тексеріліп, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог мамандардың қабылдауына жіберіледі. Мұндай  зерттеулер жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабеті, глаукоманы және оның қауіпті формаларын, сондай-ақ гепатит пен  инсульт,  инфаркт, цирроз, бауыр обырын асқындырмай анықтауға мүмкіндік береді. Бізде осындай  тексеру жолымен кезінде бірнеше жүздеген адамның түрлі аурушаңдыққа шалдыққаны анықталып, олардың емделуіне жағдай жасалды. Алайда, кейбір тұрғындар арасында скринингтік тексеруден өтпейтіндер де жоқ емес. Осы ретте дәрігерлер үйлеріне арнайы барып, шақыруға мәжбүр болады. Мұның өзі тұрғындардың уақытылы медициналық тексеруден өтпей, өз денсаулығына  жауапсыз қарауынан аурушаңдыққа душар болатынын ескере бермейтіні өкінішті. Айта кеткен жөн, адамдардың аурушаңдығы тек қана  медицинаға байланысты  деп ойлау қате пікір. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық ұйымының дерегі бойынша адам денсаулығының 50-55 пайызы қоршаған ортаға, 20-25 пайызы тұқым қуалауға, яғни, кейбір аурулардың қан арқылы ұрпақтарына берілетіні  ғылымда  дәлелденсе,  8-10 пайызы дәрігерге, қалғаны әрбір адамның өзіне байланысты екен.

 — Ғазиз Қаламұлы, денсаулықтың мықты болуы үшін адам өзін қандай қалыпты жағдайда ұстауы керек және спорттың саулығымызға әсері жөнінде маман ретінде не айтар едіңіз?

  — Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол  ізде» деген нақыл сөз бар. Ендеше, әр адам өз-өзіне дұрыс  қарауы керек. Яғни, мерзімінде  тамақтанып, уақытылы демалып, ішімдікке және басқа да жағымсыз әдеттерге әуес болмаған жанның саулығы түзу болмақ. Сонымен қатар, адам қай жері  ауырса да, бірден дәрігерге көрінгені жөн. Әйтпесе, ауруын асқындырып алады. Бұл жөнінен американдықтардан үлгі алу керек. Себебі, олар бір жері ауыра қалса оның  өте қымбатқа түсетінін біледі. Сондықтан әрдайым аурудың алдын алуды қарастырады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, көп жылдар бойы біздегі тегін емдеу өзіміздің денсаулығымызға салғырт қарауға ұрындырды. Ал, спорттың денсаулыққа әсеріне келетін болсақ, ол да өз  мәнімен болса ғана. Шыныққан деген осы екен деп қалыптан артық күш жұмсаса денсаулықтың бұзылуына әсер етуі мүмкін. Жас кезде білінбегеннен кейін зардабын көреді. Алайда, әрбір адам ертеңгілік ерте тұрып бір-екі шақырым жай жүгірсе немесе дененің құрыс-тырысын жазып отырса және оны әдетке  айналдырса денсаулыққа оң әсері болмақ.

— Ал, мереке күні үздік әріптестеріңіздің  қатарында Сіз кімдердің есімдерін атар едіңіз?

— Әрине, дәрігердің барлығы өз  мамандығының үздігі болуы тиіс.  Ешкімді ешкімнен бөлгім келмейді. Бүгінде емханада 66 жоғары білімді дәрігер, 200-ге жуық орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Олардың үштен екісінен астамы жоғары және бірінші санаттағы мамандар.  Осы ретте емі дауа, қолы шипалы болып жүрген Венера Құрманғалиева, Күләш Мұқамбетова, Машура Жамалова, Дархан Шабдиров, Райса Ғилыманова, Нұрғаным Үмбетқалиева, Айман Нұрышева, Гүлфара Демесінова тағы басқа әріптестерімнің еңбегі ерекше. Өз мамандықтарының  білгірі  деп атауға болатын бұлар жинаған бай  тәжірибелерін кейінгі жастарға үйретуден де еш жалықпайды.

Аталып өткелі отырған медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні барша әріптестеріме зор денсаулық,  отбасыларына амандық тілеймін. Еліміздің денсаулық сақтау саласында  еңбек ететін абзал мамандық  иелеріне әрдайым  бірінші байлық – денсаулығының  қырағы сақшысы бола беріңіздер демекпін.

— Әңгімеңізге  рахмет. Халық денсаулығы жолында жасап жатқан  жұмыстарыңыз жемісін берсін!

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button