450 грамм салмақпен дүниеге келген Қасиет қазір – 10 жаста

whatsapp image 2021 11 22 at 10.09.31 1 Медицина

Жарық дүниеге асығып, мерзімінен бұрын өмірге келген «шалабайлар» туралы жиі естиміз. Әсіресе, жүктіліктің жетінші, сегізінші айларында дүниеге келген сәбилерге бұрын таңдана қарайтынбыз. Қазір одан да бұрын дүниеге келген «батыр» бөбектер де бар. Осыдан он жыл бұрын республикадағы «ең кішкентай» шақалақ Атырауда туған еді. 450 грамм салмақпен туған 24 сантиметрлік Қасиет есімді қыздың саулығы жөнінде жарыса жазғанбыз.

Қазір Қасиет қайда жүр? Ол өзі құрбыларымен бірге өсті ме? Дүниеге келмей жатып танылған ерекше қызды іздеп тауып, сөйлескен едік.

Сәл шегінсек, Қасиет есімді қыз бала Атыраудағы перинаталдық орталықта дүниеге келді. Анасы сол кезде қырық жастағы Ләззат сәбиін жүктілігінің алтыншы айында, яғни 2011 жылдың 1 сәуірінде дүниеге әкелген еді. Сәбидің көрер жарығы бар екен. Дәрігерлер де «оның жетіліп, өз-өзіне келуі екіталай» деген күмән айтты. Ләззат Сағиева жүктілік кезінде өзі дәрігерге жиі тексеріліп тұрғанын, денсаулығында кінәрат болмағанын айтады. Ойда жоқта ауырып, Құрманғазы аудандық перзентханасына барады. Аудан дәрігерлері оның жағдайына көмек көрсете алмай, дереу қалаға жіберген.

– Дәрігерлер баламның мерзімінен бұрын дүниеге келетінін айтты. Тірі туғанымен, оның жетіліп кететініне сенімсіздік білдірді. Тек психологиялық жағынан қолдау көрсетті, – дейді ол.

Ал, анаға мұндай сөзді есту қиын еді. Бірақ, ол сәбиі үшін бәріне дайын болды. Дәрігерлер қимылы шамалы, жылай да алмайтын шақалақты арнайы инкубатор-кювезде ғана ұстаған. Онда дене температурасы бірқалыпты сақталып тұрады, түтікшелермен тамақтанады.

whatsapp image 2021 11 22 at 10.12.59

– Сәбиіңді көре тұра, оны құшағыңа ала алмаудан қиын ештеңе жоқ шығар. Әйнектің бер жағында тұрып, бақылаумен ғана болдым. Бар тілеуім – жетіліп, үйге аман-есен шықсақ деген арман еді. Қасиетті бала болсын деп, есімін де Қасиет қойдық, – дейді Ләззат.

Мамандардың пікірінше, ондай жағдайда нәресте денінің сап-сау болуы да өте сирек кездесетін жағдай. Ресми ақпарат бойынша, әлемдегі «шалабайлардың» 40 пайызының көруі нашар, құлағы мүкіс, бүйрегінде, жүрегінде немесе жүйке тамырларында кінәраты болады екен. Ал, атыраулық Қасиеттің бойынан дәрігерлер ешқандай патологиялық ауру таппаған. Сәби сегіз айға толғанда ғана ет жинап, қимылы ширапты. Салмағы 1 кг 500 грамға жеткен соң ғана үйге шығарған. Кішкентай қарындасын әкесімен бірге үйінде екі ағасы мен үш апасы асыға күтіп отырыпты. Бұл отбасы кішкентай Қасиеттің ауырмай-сырқамай, қатарға қосылғанына қуанғанын әлі күнге дейін ерекше ықыласпен әңгімелейді.

Ол заманауи құрал-жабдықтың көмегімен, орталық дәрігерлерінің тәулік бойы қас қақпай ем-домын жасап, үлкен біліктілік танытуының арқасында аман қалды. Бүгінде Қасиет есімді бүлдіршіннің жасы оннан асқан.

ҚАБІЛЕТТІ ҚАСИЕТ

Тірі қаларына дәрігерлердің өзі күмәнмен қараған Қасиетіміз қазір қатарластарының алды десек артық емес. Сыныптағы ең бойшаң, сымбатты қыздардың бірі. Құрманғазы ауданының Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектебінің V сыныбында оқиды. Дене шынықтыру сабағында да сапта бірінші болып тұрады. Тіпті, есте сақтау қабілеті және зеректігімен өз құрбыларынан озып тұр. Талғаммен киінгенді, сурет салғанды, қолөнер бұйымдарын жасағанды ұнатады, анасына арналған жыр шумақтарын да көп жаттаған. Сүйікті пәні – қазақ әдебиеті. Бірақ, болашақта суретшілікті таңдағысы келеді. Түрлі сайыстарға да қатысып, жүлделі орын алып жүр.

Біз де оның бүкіл арман-мақсаты жүзеге асып кетсін, болашақта мықты суретші, атақты дизайнерлердің қатарынан көрейік деп тіледік.

ДАРЫНДЫ БАЛА: ОЛ – КІМ?

Статистикалық деректерге жүгінсек, әлемде жыл сайын

15 миллион сәби, яғни, дүниеге келген әрбір оныншы бала шала туады екен. Бірақ бұл «физиологиялық жағынан шала туған бала үлкейгенде де әлжуаз, ойы төмен» дегенді білдірмесе керек. Олардың арасында Қасиет секілді құрбыларының арасында ұшқыр ойымен ерекшеленіп жүргендері де аз емес.

Әлемді ілім-ғылыммен мойындатқан Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн, француз императоры Наполеон Бонапарт та шала туған көрінеді. Сондықтан, оларды бөле-жара қарауға еш негіз жоқ. Ең бастысы – түрлі үйірмелерге қатыстырып, бір бағытқа баулыған абзал.

Дарынсыз бала болмайды. Оның талантын анықтау да оңай шаруа емес. Бірінің дарынын анық аңғарсаңыз, енді бірі булығып өсуі де мүмкін. Ендеше, ата-анасы оның ертеңіне үмітпен қарап, белгілі бір өнер саласына бейімделуіне жағдай жасап, бас-көз болғаны абзал.

«АУЫРМАСЫНШЫ БАЛАЛАР…»

Сәбиді аман алып қалуды міндет деп білетін дәрігер-неонатологтардың да жұмысы жеңіл емес. Перинаталдық орталықта Қасиет секілді қанша бала жатыр? Демек бұл жерде күн сайын өмірге деген құштарлықты сезінуге болады. Өйткені, облыстық перинаталдық орталықта жүкті әйелдермен қоса, шала туған шақалақтарға да ем-дом жасалады, оңалту жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Қазір орталықта Қасиет секілді 15 нәресте бар. Олардың әрқайсысына дәрігерлер қолдан келген ем-домын жасап бағуда.

Орталық бас дәрігерінің медициналық қызмет көрсетудің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Асқар Кенжеғалиевтің айтуынша, мұнда түрлі акушерлік патологиясы бар жүкті әйелдер де ауыр жағдайда келеді. Оларға жан-жақты медициналық көмектерге қоса, барлық жағдай қарастырылған.

Осыдан ширек ғасырдай бұрын екі жарым грамдық «шалабайларға» көмек көрсететін маман-дәрігерлер жоқ еді. Қазір оның бәрі артта қалып, шала туған баланы адам қатарына қосуға маман да, құрал-жабдық та жеткілікті. Тіпті, 500-900 грамм аралығында дүниеге келген сәбилердің де өмірін сақтап қалуға болады.

– Шала туған балалардың күтіміне байланысты әдіс-тәсілдер жеткілікті. Олар кювездер мен термо кереуеттерге жатқызылып, күні толғанға дейін күтім жасалады. Бір балаға ем-дом жасап, дәрігерлік көмек көрсетуге шамамен 3 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылындағы жеткен жетістігіміз, отандық медицинаның қарыштап дамығаны. Мысалы, 725 грамм салмақта дүниеге келген сәби мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында 103 күнде 2,125 килограмм салмаққа жетті. Бұл – біз үшін зор жеңіс. Соңғы жылы облыста мерзімінен бұрын туған сәбидің саны артса да, олардың аман қалу көрсеткіші 33 пайызға дейін өсіп отыр, – деді Асқар Тілекқабылұлы.

whatsapp image 2021 11 22 at 10.09.31

Ұлт келешегі – дені сау ұрпақ

Айы-күні жетпей туудың да себеп-салдары көп. Мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі себептерге сыртқы факторлар, жүкті әйелдің қауіпті аймақта жұмыс жасауы, түрлі инфекциялық, эндокриндік сырқаттардың асқынуы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс жатады. Әлемде қалыптасқан қазіргі ахуалға байланысты бұған тағы бір фактор қосылған.

– Бұрынғы заманда ата-бабамыздың көкірегі ояу болғанмен, сауаты болмады. Бірақ, түрлі жұқпалы кеселдерден жүкті әйелді де, баланы да қорғап қалғаны анық. Әрине, мүлде надан адамдар ғана медицинаның мүмкіндіктеріне шошына қарады. Сол ескінің сарқыншағы әлі де жалғасып келе жатқаны өкінішті. Кейбір әйелдерге: «Коронавирус пандемиясына қарсы екпе алу керек» – дегенді айтсақ, «ата-бабамыз екпе алған жоқ қой» – дейді. Қазір заман өзгерді, жағдай басқа. Оны түсініп жатқан жоқ. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Алайда, жүкті әйелдер екпе алудан үзілді-кесілді бас тартып жатыр. Осындай салғырттықтан, өз саулығымызға немқұрайлы қарағандықтан аурулары асқынып, бала туу жасындағы әйелдердің денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – дәлелденген дәйек. Қалай болғанда да, әйелдер дүниеге әкелген перзентінің сау болуы үшін өзінше шешім қабылдамай, әрқашан дәрігер кеңесіне жүгінгені абзал, маман кеңесіне құлақ асқаны дұрыс деп есептеймін. Әр әйел-ана ең алдымен өз саулығына баса мән беруі тиіс. Тек әйел ғана емес, отағасы да тәні мен жанын таза ұстағаны дұрыс. Сол кезде олардан ауру немесе шала бала дүниеге келмейді. Ұлттың келешегі де дені сау ұрпақпен байланысты. Біз, дәрігерлер, қай кезде де балалар үшін барлық күш-жігерімізді арнаймыз, – дейді тәжірибелі маман.

ТҮЙІН

Адамзаттың бүгіні де, болашағы да – ананың қолында. Ана – қашан да мейірімнің бастауы, қайырымдылықтың қайнары. Сондықтан, қоғамның негізгі міндеті – елдегі демографиялық ахуалды жақсарту. Ана мен балаға жағдай жасау.

Күн сайын Қазақстанда 1 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашса, жылдық көрсеткіш 400 мыңға жетеді екен. Республика бойынша табиғи өсім соңғы 10 жылда 1,5 есеге артқан. Ал, тәуелсіздік жылдарында елімізде 7 миллионнан астам бала дүниеге келген. Тәжірибе көрсеткендей, олардың дені сау болуына дәрігерлердің ықпалы – 10 пайыз ғана, қалған 90 пайызы – ата-аналардың мойнында.

Ендеше, перзентіңіздің обалына қалмаңыз!..

Нұргүл  НАСЫР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз