АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ ЕДІҢ…

Белгілі  азамат  Орынтай  Кенжетайұлына соңғы  тілек-арнау

 

Орекең – бір ғана Орекең ғой!..

Қайран, азамат! Асыл да, алғаусыз таза едің-ау!..

Облыстық дәрежедегі қандай ортада болмасын, өз орның бола тұра, жас баладай елпең қағып, әр іске жаның қалмай шауып жүретінсің. Аудандық комсомол комитетінен – аудан әкімі, облыстық басқарма басшылығына дейінгі өмір жолыңда аппақ арыңа сызат түсерлік бірде-бір жарасымсыз қылығың байқалмады.

Зымыраған уақыт, жүйткіген жылдар пендесін сынағандай жан-жаққа шашып жіберіп, бір сәтте кері жинап алатын кездері болады. Басыңнан ондай кездер де өтті. Оған іштей мазасызданғанмен, тым сыпайылық қалпыңнан таймадың…

Қазақта «Алаштың азаматы» деген кіршіксіз ұғым бар. Ол кез келген кісіге айтылмайды. Өзіндік пікірі орнықты, қоғамда орны байсалды, талғампаз да білімдар адамға арналса керек.

Кеше ғана 61 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан дүние салған Орынтай Кенжетаев осындай азамат-тұғын!..

Ол ешқашан қызмет-лауазым сұрамады. Билік пен байлыққа таласпады. Тіпті, ұмтылысы да болған жоқ. Орекең атқарған биік сатылы қызметтік лауазымдар оған өзі іздеп келді. Өкіметке қажет болғанда жұмсады – бұл жасады. Және қандай жұмысты да шыңына шығарып, адал атқарды.

Орынтай Кенжетайұлы мамандығы бойынша экономист болғанмен, оның жаны нәзік, жүрегі сезімтал еді. Көп алдында суырыла сөйлеп, шешендікке баспаса да, шағын орталардағы әңгіме арасында ол Абайдан бастап, кешегі Мұқағали, Жұмекен, Төлегендердің жыр шумақтарын жатқа соғып, отырған ортасына өзгеше леп беріп, демдеп отыратын.

Жазу өнерінде де оның қаламы ұшқыр, тілі жатық, тіпті кейде жекелеген қалам ұстағандардан әлдеқайда озық дүниелерді туғызып отыратынын көп байқадық.

Ол қандай әрекетті де мұқият, тап-тұйнақтай бітіруші еді. Тіпті, уақыттың тығыздығына салып, асығыстау жасалған істің өзінде:

– Жоқ, ол ұят болады!.. – деп, тоқтатып алып, шешімін де өзі айтатын. – Бұл істі былай жасаған дұрыс сияқты, соны қарап көрейікші…

Оның әр сөзінде нысанасына дөп тиетін өте дәлдік, қимылында салмақты ой мен дара ақыл тұнып тұратын. Бұл – фәниден бақиға кеше ғана көшкен бауырды әсіре мақтау емес, сағына жоқтау!..

Амал не, Жаратқанның бұйрығы сол болар, Орекең бізге өзі жөнінде өткен шақта әңгіме айтуды ғана аманаттап кетті.

Достыққа адалдық, ағайынға бауырмалдық, үлкенге ізет-ілтипат, кішіге ағалық ақыл-кеңес – мұның бәрі сенің аппақ арың мен тал бойыңа топтастыра білген дара қасиеттерің еді ғой. Соның бәрі бүгінде жоқ!..

Піл сауырлы қара жер қарамады, асыл бауырымды өзінің суық құшағына алды. Содан бері сенің орның үңірейіп бос қалып тұр, бауырым!..

Тойымсыз тажал тоқтар емес. Кеше ғана аңқылдай келіп құшақтап, ағалық мейір-махаббатымен ақыл айтып, бағдар берер ағаны ортамыздан суырып әкетті. Қайраным жоқ, ағатай!..

Жанға медеу, көңілге демеу болары – алтын асықтай ұрпағың бар артыңда. Жан жарың шаңырағыңның отын өшірмейді. Елің сыйлайды, дос-құрбың ұмытпайды. Әрқашан жадымыздасың!..

 

Кәдірғали Таңқиев,

Назарбек Қосшиев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз