
«Журналист мамандығын таңдасаңыз…» (+ФОТО)
29 сәуір күні Атырау облыстық балалар кітапханасының 5-9 сынып оқырмандарын кітаппен қамту бөлімі «Журналист мамандығын таңдасаңыз…» атты кездесу кешін ұйымдастырды.
Мақсаты – мектеп бітіруші түлектерді журналистика мамандығы жайлы ақпараттармен қамтамасыз ете отырып, дұрыс таңдау жасауға бағыт-бағдар беру. Кештің басты қонағы – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚР журналистер одағының лауреаты, ҚР журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Еуразия Телевидение және Радио академиясының Академигі, Халел Досмухамедов атындағы Атырау университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мұқашева Мәншүк Тынышқалиқызы болды.
Шараға журналистика кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтік ғалымдар магистрі Анархан Жұмабаева, «Atr.kz» сайтының редакторы Амандық Сағынтайұлы, журналистика факультетінің орыс тобының 4 курс студенттері және қазақ тобының 1 курс студенттері де атсалысты.
Кездесу кеші барысында журналистика мамандығының қыр-сырын игерген Маншук Тынышқалиқызы осы мамандықтың қиындығы мен қызығы жайлы, болашақ журналистерді дайындау, бүгінгі қазақ журналистикасындағы дәстүр мен жаңашылдығы, жетістіктері мен қол жеткен биіктері туралы әңгімеледі. Х Досмухамедов атындағы Атырау университеті журналистика кафедрасының жеткен жетістігі, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ұстазының ұлағатын бойына сіңіре білген шәкірті Амандық Абдол оқырмандармен мамандықтың өзіндік қызығы мен шышығы жайлы қызықты мәліметтерімен қоса, естен кетпес естеліктерімен бөлісті.
Кеш соңы пікір алмасуға ұласып, Абай атындағы №15 орта мектептің 11 сынып оқушылары көкейтесті сұрақтарына жауаптарын алды.Осылайша, үлкен таңдау мен жауапты шешімнің алдында тұрған түлектеріміздің журналист мамандығының әлеміне жасаған кішігірім саяхаты аяқталып, болашаққа қадам жасар алдында мамандық жайлы толық мағлұматтар ала отырып, көкейге көп нәрсе түйіп, шат-шадыман көңілмен тарасты.
«Атырау облыстық балалар кітапханасы»


















