
Жүректен шыққан туындылар
Қазақ халқы «Шебердің қолы ортақ, өнердің жолы – ұлтқа мұра» деген. Бүгінде осы даналықты жүрегімен сезініп, тұрмыстық қалдықтан сән мен мағынаға толы туынды жасап жүрген өнер иесі – Жазира Төреғалиева. Бала күнінен бойына сіңген бейнелеу өнеріне деген сүйіспеншілік пен әкесінің қылқалам ізімен келген шабыт, өмірлік тәжірибемен сабақтаса келе, оны шынайы өнер жолына әкелді. Тұрмыстық қалдыққа жан бітіріп, табиғат пен шығармашылықты жарасымды үндестіре отырып, ол өнерге тың тыныс, жаңа өріс берді. Біз де табиғатқа жанашырлықты ту еткен осы бір нәзік жүректі, терең дүниетанымды өнер иесімен жүздесіп, сырлы әлеміне үңіліп, шығармашылық жолының қыр-сырына қаныққан едік…

– Жазира Марсқызы, оқырман өзіңіз туралы білгісі келеді?
– Оның еш құпиясы жоқ, осы киелі өлкеде дүниеге келіп, қарапайым отбасында өстім. Әкем суретші еді, алайда ол өз өнерін еш жерде жариялап, көпшілікке танытқан емес. Үйде отырып-ақ майлы бояумен сурет салып, мата мен қағаз қиындысынан түрлі бұйымдар жасайтын. Оның қолынан шыққан әр зат – мен үшін бір тылсым дүние болатын.
Сол сәттерде әкемнің жанында отырып, оның әрбір ісіне қызыға қарап, тамсанып отырушы едім. Бала күнімнен-ақ қолыма түскен қағаз бен матадан қиып, түрлі бұйымдар жасап, өзгеше дүниелер құрастырып кететінмін.
Өзіме дарыған бұл өнерді әкемнен берілген табиғи қабілет деп білемін. Әкемнің өнері сырт көзге көрінбесе де, менің жан дүниемді қалыптастырды, болмысыма терең із қалдырды деп ойлаймын.
– Бұл жолға қашан, қалай келдіңіз?
– Мектепті тәмамдап, үлкен өмірге аяқ басар сәтте жүрек пен сана арасында ұзақ тартыс болды. «Тек өнермен күн көру қиын, ал экономика – сұранысқа ие сала» деген пікірлерге елітіп, өз жүрек қалауымды ысырып қойып, экономика мамандығына түсіп кеттім.
Бірақ сол кезден-ақ шығармашылыққа деген ішкі талпынысым басым тұратын. Үйге келе салысымен ойыма әлдебір бейне, көрініс елестей қалса, бар шаруаны ысырып қойып, соны жасап көруге кірісетінмін. Қағаз қиып, матадан жапсырып, бос тұрған бөтелке, қорап сияқты заттардан декоративті заттар құрастырамын. Осылайша жоғары оқу орнын экономика мамандығы бойынша аяқтап, саланың тәжірибелік кезеңінен өткенімде бұл жолда бірдеңе тындыра қоймайтыныма көзім анық жетті.
Ал шынайы шығармашылыққа қайта бет бұрыс жасауыма түрткі болған бала күтіміне байланысты алған ұзақ мерзімді үзіліс еді. Алты жылда демалған жоқпын, қайта рухани жаңғыруға талпынып, жүрегімді, ішкі дауысымды тыңдаған ерекше шақ болды. Бала тәрбиесімен үйде отырсам да, қолым босаған сәтте қолөнермен шұғылданып, қиялыммен сырласушы едім. Қағаз бен матадан ұсақ-түйек композициялар құрап, бұрын ұмыт бола жаздаған шығармашылық әлеміме қайта қадам бастым. Бұл – мен үшін жан тыныштығы мен шабыттың бастауы болды.
– Демек, шығармашылық жолына қайта оралуыңыздың бастауы бала күтімімен өткен жылдар болды ғой. Қолөнермен нақты айналыса бастаған кезеңді қалай сипаттар едіңіз?
– Иә, дәл сол кезең – шығармашылыққа қайта оралуымның бастауы. Әлеуметтік желілерден көп нәрсе үйреніп, түрлі шеберлердің жұмыстарын қарап, өзім де үздіксіз ізденіп жүрдім. Жеке парақшамды ұқыппен жүргізіп, жасаған бұйымдарымды әдемілеп салып отырдым. Сол жұмыстар арқылы мені танитындар көбейіп, қызығушылық танытқандар мен жылы лебіз білдіргендер саны артты.

Бір күні әлеуметтік желідегі жасаған жұмыстарымды көріп, заманауи өнердің негізін қалаушы Кенжебек Айтқожин тікелей хабарласты. Ол қолөнерге деген құлшынысымды байқап: «Бізге дәл сен сияқты өнерге құмар, шығармашылық қабілеті бар жан керек. Балалар мен жастарға өнер арқылы рухани азық беретін жобалар жасайық», — деген ұсыныс айтты. Мен үшін бұл үлкен мәртебе әрі жаңа белеске шығуға себеп болды. Шығармашылық жолға бет бұрғанымда, бәрі өз арнасын тауып, жолым өзінен-өзі ашылғандай әсерде болдым.
Қазақстандағы заманауи өнердің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан, алты жылдан астам тарихы бар «Ait Gallery» галереясының негізін қалаушы Кенжебек Айтқожин – өнерді терең түсініп, жас ұрпақ санасына сіңіруді өмірлік міндетіне айналдырған жан. Оның шынайы қолдауының арқасында мен Атырау қаласындағы Ait галереяда шығармашылық кино көрсетілімдері мен түрлі арт-жобаларға белсенді түрде араласа бастадым. Кенжебек, Ozimculture цифрлық кеңістігінің негізін қалаушы Вероника Гервилия мен Абдукарим Хамбаловтың бастамасымен мамыр айында Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және өнер музейінде экологиялық көрме өтті. Солардың шақыртуымен осы көрмеге қатысып, шағын шеберлік сағатымды өткіздім. Балалармен бірге тұрмыстық қалдықтардан ойыншықтар жасап, оларды боядық.
– Көрмеде «Мыңның ішіндегі жалғыз» атты туындыңыз көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Туындының идеясы мен мағынасы туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
– Рақмет, бұл еңбегімнің мәні өзіндік ішкі дүниеден туындаған терең ойға негізделген. «Кішкентай ханзада» ертегісінен шабыт алғанмын. Әрбір гүл адам жанының нәзік, бірегей сезімін, арманы мен үмітін бейнелейді. Жұлдыздарға шашылған раушандар – әркімнің өзіндік «жалғызын», яғни ерекше арманы мен мақсатын табуына деген сенім мен үміттің символы. Өмірде көп нәрсе бұлыңғыр, көп адам арасында бірегейлікті сақтау қиын, бірақ әркім – өз ғаламының ханзадасы. Сондықтан бұл туынды – ішкі рухани сапарға, өз жүрегіміздегі сол жалғыз гүлді іздеуге арналған үндеу.
Бұл арқылы адамдарға өздерінің ерекше қасиеттерін табуға және сол арқылы өмірді мәнді әрі мағыналы өткізуге шабыт бергім келеді.
– Көркем туынды жасауға тұрмыстық қалдықты қолдану идеясы қайдан туындады?
– Біз тұтынушы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Күн сайын қаншама зат жарамсыз болып, қоқысқа кетеді. Бірақ соның өзі екінші тынысқа ие бола алады. Мен тұрмыстық қалдықтардан балаларға арналған ойыншықтар, үйге арналған декорациялар, сәндік сөрелер, қол сөмкелер жасаймын.
Бұл тек үнемдеу емес, бұл – табиғатқа деген құрмет. Табиғатты өз үйіңдей көру керек. Мен балаларға да осыны үйреткім келеді. Өз балаларыма да «қоқысты лақтырма, оны керегіңе жарат» деп үнемі айтып отырамын.
– Сіз бүгінде балабақшада бейнелеу өнерінің мұғалімі ретінде балалармен жұмыс жасап жүрсіз. Осы бағыттағы жұмыстар балабақшада жалғасын тауып жатыр ма? Бүлдіршіндермен шығармашылық бағытта жұмыс істеу сізді қанағаттандыра ма?
– Иә, бүгінде мен «Samal kids» балабақшасында бейнелеу өнерінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Бұл жұмыс – жанымның қалауы, жүрегіме ең жақын іс. Себебі бүлдіршіндердің кіршіксіз ниеті, шексіз қиялы мен таңдана білетін қабілеті ерекше шабыт береді. Шеберлік сағаттарында тұрмыстық қалдықтардан түрлі бұйымдар жасап, оларды бояп, көркемдеп шығарамыз. Бұл процесте бала тек қолөнермен айналыспайды, ойлайды, бейнелейді. Олардың салған суреттерін қабырғаға іліп қоямын, өйткені өз қолымен жасаған жұмысы бағаланғанын сезінген балада сенім пайда болады, ал сенім оның шығармашылыққа деген құлшынысын арттырады.
– Сіздің әңгімеңізден бұл іске жүрекпен кірісіп, әр бүлдіршіннің ішкі әлеміне терең бойлай білетіндігіңіз анық аңғарылып тұр. Жас ұрпақтың экологиялық тұрғыда сауатты, шығармашылыққа бейім, сұлулықты сезіне алатын жан болып өсуіне сіз секілді педагогтардың үлесі зор. Қазіргі қоғамда экологиялық мәдениетке көзқарас қандай деп ойлайсыз?
– Меніңше, Қазақстанда экологиялық мәдениет – енді ғана тамыр жайып келе жатқан құбылыс. Бұл бағыттың әлі де жан-жақты дамуға мұқтаж тұстары жетерлік. Көпшілік қалдықты сұрыптауды, қайта өңдеуді артық жұмыс, қосымша ауыртпалық ретінде қабылдайды. Алайда, өз тәжірибем көрсеткендей, баланың санасына бұл ұғымды сәби шағынан бастап сіңірсек, болашақта өскелең ұрпақ экологияға деген көзқарасты табиғи қажеттілік ретінде қабылдайтын болады. Мәселен, Қытай, Жапония, Корея секілді елдерде бұл мәдениет терең қалыптасқан. Олар үшін табиғатты қорғау — өмір сүру салтына айналған, білім беру жүйесіндегі басты бағыттардың бірі. Бізде де осы деңгейге жетуі әбден мүмкін. Ол үшін қажетті іс-әрекет әуелі отбасынан басталуы тиіс. Ана баласына тазалықты ғана емес, табиғатқа деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті де үйреткені жөн. Бұл тәрбие балабақшада сіңіріліп, мектеп қабырғасында жалғасын тапса, нәтижесі әлдеқайда тиімді болады. Қолөнер арқылы осы ойды балаларға жеңіл әрі қызықты жолмен жеткізгім келеді.
Тұрмыстық қалдықты кәдеге жарата отырып, одан ертегі кейіпкерлерін, ойыншықтар мен көркем дүниелер жасап шығару баланың ой-қиялын дамытып қоймай, қоршаған ортаға деген құрметті де үйретеді. Бұл баланың табиғатты сүюіне, оның қадірін білуіне бастайтын алғашқы қадам.
– Расында да, өте орынды пікір. Болашаққа іске асырсам деген жоспарларыңыз да бар шығар?
– Қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде сурет мамандығы бойынша жоғары білім алып жатырмын. Бұл – кәсіби шыңдалуыма ғана емес, шығармашылық ізденісімді тереңдетуге, өнерге көзқарасымды ғылыми негізде бекіте түсуге мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Өнер – тоқтаусыз өсу мен ізденісті талап ететін шексіз әлем. Ал ең үлкен арманым – экологиялық өнер мен арт-терапия бағытында жұмыс істейтін шығармашылық студиямды ашу. Студияны тек қана сурет салып, қолөнермен айналысатын орын емес, экология мен өнер тоғысқан, рухани тыныс алатын кеңістік ретінде қалыптастыруды ойлаймын. Балалар мен жастар осында келіп, табиғатпен үндесуді, жан дүниесін тыңдауды, ішкі әлемін өнер арқылы сөйлетуді үйренсе деймін.
Егер ойым іске асса, орталықтың басты мұраты – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені өнер мен табиғат – адамның жүрегін тәрбиелейтін қос құндылық. Егер балаға экологияны бояу, мүсін, қылқалам арқылы түсіндіре алсақ, ол бұл ұғымды өмір бойы жүрегінде сақтайды. Сол себепті болашақ студиямда шеберлік сабақтары, арт-терапиялық тренингтер, шығармашылық көрмелер ұйымдастырып, экологиялық мәдениетті дамытатын орталыққа айналдыру – өмірлік миссиям.
– Жас суретшілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – жүрекке ден қою керек. Шынайы өнер жүректен басталады. Егер бойда ұшқын болса, соны сөндіріп алмауға тырысқан жөн.
Өзімнің де тәжірибем аз. Үйренетінім, ізденетінім, көкірегіме тоқитыным әлі де көп. Өнерді айдын шалқар теңіз деп алсақ, біз сол тереңге жаңа ғана жүзуді бастаған жандармыз. Бірақ ақиқат – біреу: адам шын ықыласпен, адал көңілмен, таза ниетпен істесе, сол іс міндетті түрде өз орнын табады. Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан!» деген сөзі мен үшін тек ұстаным емес, күнделікті өмірімнің шамшырағы іспетті. Әр адам өз орнын табуы үшін әуелі өзін танып, бойындағы талантты шын пейілмен дамытуы керек.
Болашақ суретшілерге айтарым: ізденуден жалықпай, еңбекті сүю керек. Сонда ғана өнер өмірдің шынайы өрнегіне айналады.
– Жазира, ашық сұхбатыңыз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ізденіс пен шабытқа толы жолыңыз әрдайым жарқын болсын!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Тоғжан ЕРМЕК