«Жібек жолының» биігі көп

b89f0b04 9380 4cda 8cbd f7437a195cd2 Мәдениет

«Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады…» Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған міндеттердің бірі.

Расымен де, әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, өнерлі, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Бүгінде Атырау қаласындағы «Жібек жолы» өнер мектебі осы мақсат-мүддені алға қойып, жас ұрпақтың өнерлі де әдемі, сау болып өсуіне айрықша үлес қосып келеді.

6ff61593 3d08 468a 9853 b16afdec6030

Осыдан жеті жыл бұрын жұмысын бастаған орталық бүгінде мыңдаған шәкіртті өнер жолында тәрбиелеп шығарды.

-Біле білсеңіздер, би өнері талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайды. Сондықтан да біз музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы мың бұралған сан түрлі бейнелерді  көрсетеміз. Бізде үлкен, ортаңғы және кіші топтар құралған балалар бар. Оларға би өнерін дамытуға сүбелі үлес қосып келеміз. Бірнеше мәрте қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі конкурстардың жүлдегеріміз. Қайырымдылық кештерге де ұдайы қатысып жүрміз. Ұжымның жетекші хореграфтары үнемі білімдерін шыңдап отырады, – деді өнер мектебінің жетекшісі Меруерт Хұсайынова.

0bb9365e 9091 454d 984e 0c2152c6de56

Өнер қарлығаштарының жеткен жетістері өте көп. Былтыр Қазақстан Республикасының халық әртісі Гүлжан Талпақованың әлемдік ұлттар биінен ашық қалалық конкурс фестивалінде І және ІІІ орындарды жеңіп алды. Сондай-ақ, «Жұлдызды қадам» халықаралық байқауының бас жүлде, «Звездный час» республикалық өнер сайысының бірінші орын иегері.

c98431ab de0e 47af be0c 8215b1c8a38c

Жуырда «Жібек жолы» би ансамлі облыстық әкімдік алдында ашық аспан астында концерттік бағдарлама қойды. Қазақтың мың бұралған биін насихаттап жүрген өнер иелерінің ұлттық нақыштағы киім үлгілерінің өзі ерекше көз тартарлық. Сонымен қатар, олар халқымыздың бұл өнерін Еуропаның сахнасында жаңғыртуды мақсат етіп, қазір келесі жылы Испанияда өтетін халықаралық би додасына қызу дайындық үстінде.  

Бүгінде ансамблдің репертуарында 40-тан астам би бар. Ал, ұжымда барлығы 450-ге жуық бала өнер, би бағытында тәлім алуда.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз