ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ДУМАН

2022 07 04 2207040035042971f Мәдениет

Атыраудағы Достық үйінің өнерпаздары Жайық жағалауында домбыра күніне орай мерекелік шара ұйымдастырды. Онда түрлі этнос өкілдері ән әуелетіп, күй күмбірлетті.

Қазақ әндері мен халық композиторларының шығармаларын шебер орындай білген жастар көпшіліктің қошеметіне бөленді.  Ағайынды Вязниковцевтер қазақтың ұлттық муызкалық аспабын ешкімнің көмегінсіз-ақ өз құлшыныстарымен үйреніп алған. Аталған әулеттің қызы Фаина «Құрбым-ай» әнін, ал, інісі Михаил «Той бастар» мен «Адай» күйін жоғары деңгейде орындап шықты.

Атырауда қазақ өнерін насихаттап жүрген Олег Атанасов «Орыс Адай» дыбыс жазу студиясын ашып, өзінің ұлын да домбыра шертуге баулып келеді.

«Қазақ әндері жүрек қылын шертердей ерекше әсерге бөлейді. Ал, қос ішекті домбыраның ғажап үнін басқа ешқандай аспаптан ести алмайсың. Сондықтан, қазақтың ән-күйіне бала кезімнен ғашықпын. Содан да болар, домбыраны үйреніп алу қиынға соқпады. Күй тартсам, шабытым оянып, әндеткім келіп тұрады» дейді Олег. 

Осылайша, орыс жігіті халық әні «Еркем-ай» мен Естайдың әні «Құсни Қорланды» тамылжыта орындап берді.

«Шілденің алғашқы жексенбісінде ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Осыған орай, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, көптің назарын домбыраның құдіретіне аударуды мақсат еттік» дейді ұйымдастырушылар. Соңы тұрғындарға қойылған викториналық сұрақтарға ұласты.

Амандық АБДОЛ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз