Жарнама
МәдениетСаясат

Жаяулатып шыққан екеу: Өтей батыр жүріп өткен 1200 шақырымды еңсеруге аз қалды

Торғай жерінен шыққан қос азамат жаяулап жүріп Ақтөбе облысына жетті. Ауылдарды басып өтіп, бүгінде Қарабұтақ ауылына келді. Ауылдағы мектептің оқушыларымен кездесіп, сапарларын әрі қарай жалғастыруға дайындық үстінде. Қарабұтақтан Қандыағашқа жетер екі жол бар. Бірі — тікесінен төтелей жүру, екіншісі алшақтау. Қазір олар ауыл адамдарымен жолдың жағдайын біліп, жолға шығуға әзірленуде.  

Жалпы жолаушылар неше күннен бері жол үстінде. Жаяу жүріп, күздің қоңыр суығында далаға түнеу оңай емес. Сәттібек Исмайловпен интернет байланысы бола қалғанда әңгімелесудің реті түседі.

Осы жолы, «Whatsapp» арқылы әңгімемізді сол қалпында беруді жөн көрдік.

-Аға, қайдасыздар?

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сарат ауылынан  шыққан соң «Қыз» деген қыстаққа соқтық. Сол жерде Фархат Ықыласбаев деген азаматтың үйінде болдық. Көңілдерін қимай бір шай ішіп, ары қарай 7-8 шақырым жердегі ауылға шығып кеттік. Ауылға жеткенде біздерді ауыл әкімі күтіп алды. Демалып алған соң Ақкөлге аттандық.

-Ол жақта қалай екен?

-Бұл жақта саманнан салынған үйлер көп екен. Ауылдың жағдайы жаман емес. Әр үйге су келіп тұр, ауылға газ тартылып жатыр. Ауыл іші әдемі. Бұрын Ақтөбе жерінде болғанмын. Бірақ дәл осылай мидай даламен жүріп көрген емеспін. Бұрындары осылай жүрсем деп карта сызатынмын. Сол ойым жүзеге асқанына қуаныштымын. Далада жүріп келе жатқанда тамаша бір сезімде боласың. Бір байқағанымыз дала өрті көп болған. Көлдер тартылып қалған. Жолда киік көп. Осындай экологиялық өзгерістерді байқадық.

-Сіздерді кездескен жанның бәрі дәмін тосып, жылы шыраймен қарсы алып жататынын байқадым. Қайдан жүрген жан деп өгейсімей ме?

3194cfb3 e400 485f 992e 2c5650880fd3

-Рас, өзім соған таңқаламын. Қазақтың қазақшылығы ғой. Сол баяғы дарқан көңіл, кеңпейілділік. Біз алыстан жаяулап келе жатырмыз. Алдымыздан қойшы ауылдар кездессе күтіп алып жатады. Біздің кім екенімізді білмейді. Соған қарамастан барларын тосып, төрлеріне шығарады. Қазақтың кеңдігі. Бізден «ағалар, көліктеріңіз сынып қалды ма, әлде көліктен қалып қойдыңыздар ма?» деп сұрап жатады. Не мақсатпен жүргенімізді білмейді. Біз барлығын түсіндіріп, қанша шақырымды артқа тастап жайяу келе жатқанымызды айтқанда таң қалып жатады. Біздің әңгімемізді тыңдағанда бастарын шайқап, «бұларыңыз ерлік екен» деп жатады.

-Қонақжай халықпыз ғой. Жолда тоқтап, тамақтанатын боласыздар. Айдалада түнеу де қорқынышты болар. Қасқыр не болмаса басқа аң-құс келіп қалар деп қорықпайсыздар ма?

-Жоға ондай қорқыныш жоқ. Ойымызға алмаған соң ба қорықққан емеспіз. Түнегенде де от жақпаймыз. Себебі даланы өртеп аламыз ба деп қауіптенеміз. Өзімізбен бірге жол азығы ретінде үш-ақ тағам алып шықтық. Ол, тұздап пісірілген қойдың құйрығы, шамалы қара нан мен су. Соны жол бойы талғажу етеміз. Жол азығымыз осы. Ал от жағып, тамақ пісірмейміз. Түнегенде де от жаққан емеспіз. Тамақ ішпеуге бейімделіп алдық. Тек су ішеміз. «Ер азығы жолда» дейді. Жолда кездескен, дәмін ұсынған азаматтардан дәм татамыз. Ал негізгі мақсатымыз елді, жерді таныту. Жолда келе жатып бір-бірімізге жанашыр болып, қарайласып жүреміз. Өзім осы жолға шығарда тобығымды шығарып алған едім. Сол жазылар-жазылмас жолға шығып кетттім. Шыққан аяғым елу шақырымнан артық жүрсем ісіп кетеді. Сол себепті сәл кідіріп келеміз. Қазір сол шыққан аяғым шамалы жазылып келе жатқан сияқты.

9dc74011 8abd 40f6 9b9a 1d3b2d5cb985

-Осындай алыс сапарға шығуыңызға отбасыңыз қалай қарады. Қанша дегенмен жақын жер емес дегендей.

-Бұл менің бұрыннан ойлап жүрген арманымның бірі еді. Бабаларымыз жүріп өткен жермен мен де жүрсем деп ойлайтынмын. Менің бастамамды отбасым қолдап, тілекші болды. Жоба жайлы ел ағаларына айтқанда бірден қолдады. Алғашында осы сапарға жалғыз шығамын деп жоспарладым. Сосын ақылдаса келе көпшілік «Өтей деген қалың ел, сен жалғыз жүрме» деп ақыл қосты. Үш ай бойы өзіме серік іздедім. Бірде қасымдағы жолсерігім Ерлан хабарласып, бірге жолға шығатын болып келістік. Ерлан да Өтей батырдың үшінші баласынан тарайтын ұрпағы. Мен де Өтей батырдың алты ұлының ең үлкен баласынан тараймын. Жүрген жерімізде Өтей батыр туралы айтып жүрміз. Саяхатымыздың басты мақсаты да – осы. Бізге демеушілік жасап отырған ел ағалары қаржылай қолдау білдірді. Онымен қоса «Терең тамыр» кітабын Атырауға, Қостанайға тегін таратып жатырмыз.

45598969 f0ea 4d0a bf5b 457b29d1dd37

-Сапарларыңыз сәтті болсын.  Тағы да хабар күтеміз.   

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button