«ЖАДЫРА, ЖАС ДАРЫН»
— Дарынды балалар өте көп, — дейді фестиваль ұйымдастырушысы Сара Жаманбайқызы. — Бірақ, бәрінің бірдей байқауларға қатысуға мүмкіндіктері бола бермейді. Мұндай сайыстар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, сахна мәдениетіне үйретуге, өнерлерін жетілдіруге септік етеді. Фестивальді жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы бірінші байқауымыздың өзіне жүзге жуық бала қатысты. Олардың өнеріне қарап сүйсіндік.
Фестиваль қорытындысымен ұлт аспаптар ансамбльдері бойынша бас жүлдені Атырау қаласы Құрманғазы балалар музыка мектебінің «Құлан саз» домбырашылар тобы иеленді. «Домбыра-тенор» аспабы бойынша бас жүлде Арман Ақбасов, Алтынбек Тоқтабай, Ануар Зинеденовтерге берілді. «Үздік қобызшы» деп Әділет Меңдібаев, Дәурен Намазғалиев, Қолғанат Бақсиықтар танылды.
Сырнай аспабы бойынша Жұлдызай Серікова, Бекзат Сәрсембиев, Арайлым Қадекешова алдына жан салмады. Үрмелі аспаптарда орындаудан Айнель Турағалиева, Денис Трушкин, фортепианодан Надин Шустов жүлдегер атанды. «Халық әнін» орындау шеберлігінде Әйгерім Серікқалиева, «эстрадалық вокалда» Лаура Михаил бас жүлдені еншіледі.
«Мәнерлеп оқу» сайысында Тілекқабыл Қазим мен Диляра Мүтағалиеваның есімдері ерекше аталды.
Бақытгүл БАБАШ.