Жарнама
Мәдениет

Атырау аспанында арман орындалды

«Жастар театры академиялық театрдың көлеңкесінде қалып қоймай ма? Оған бөлек ғимарат керек емес пе?» деген сауалды осыдан тура екі жыл бұрын «Атырау жастар театры» өнер отауының жетекшісі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әміржан Нұрланұлына қойған едік. Бұл сұраққа театр директоры Махамбет атындағы академиялық театр жас ұжымның шыңдалып, жетілуіне зор септігін тигізіп, үлгі болатынын, сондықтан алғыстан басқа айтары жоқ екенін аңғартқан.

«Қазақта «Үй ішінен үй тікпе» деген терең мағынаға ие сөз бар. Біз соны ұстанамыз. Әрине, біз де өз еншімізді алып, бөлек ғимаратта жұмыс жасағымыз келеді. Сол үшін өз мәселемізді айтып жүрміз. Бірақ бірден түйінді істер шешіле қоймайды ғой. Облыс әкімдігі, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ ақсақалдар кеңесі секілді құзырлы органдар осы бағытта бастама көтерсе екен деген үлкен арманымыз бар. Себебі Атырау жастар театры қысқа уақытта өзін дәлелдеп, жетістіктерге жетті. Сондықтан өнер жанашырлары тарапынан қолдаудың қажет екенін жасырмаймын. Облыста екі театр қатар жұмыс істесе, өзара бәсекелестік туып, жұмыс ілгерілеп, даму қарқыны күшейер еді. Қазіргіден де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, биік белестерді бірге бағындырар едік» деп жауап берген еді.

Сол үміт бүгінде ақиқатқа айналды. 2024 жылы Атырау өнерінің аспанында жаңа жұлдыз жарқырап, Жастар театры жаңаша бағытта жұмысын бастады. Академиялық театрдың қоластында шыңдалып, өз орнын тапқан өнер ұжымы енді бөлек ғимаратқа ие болып, жаңа шығармашылық белестерге жол тартты. Жаңа ғимаратқа қол жеткізу – өнердің өміршеңдігін дәлелдеп, жас дарындарға қанат бітіретін жаңа дәуірдің бастауы. Биыл театр мекеме ретіндегі дербес жылнамасын сәтті аяқтап отыр.

Осыған орай театр директоры Әміржан Нұрланұлымен тағы бір мәрте сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Қандай құрылымның да қалыптасу жолы оңай болмайтыны белгілі. Атырау жастар театры да осындай жолдан өтіп келеді. Ұжым үшін биыл қандай жетістігімен есте қалды?

– Биыл біздің театр үшін нағыз тарихи белес болды. Ең басты жетістігіміз – Атырау жастар театрының жеке шаңырақ көтеруі. Бұл – ұжымның ғана емес, бүкіл өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Батыс Қазақстан аймағында жастарға арналған осындай тұңғыш дербес театрдың ашылуы – өнерге деген құрметтің, ұлттық рухтың өркендеуінің айқын дәлелі. «Театр – халықтың рухани айнасы» дейді ғой, енді біз осы айнаға жаңа леп, жаңа бояу қосуға талпынып жатырмыз.

– Қай спектакль сіздің жеке жүрегіңізге ерекше жақын?

– Бұл тек жаңа театр емес, Атырау өңіріндегі өнердің тың тынысы, жас ұрпақтың арманымен үндескен жаңашылдықтың жаршысы деп білемін. Жастар театры алғашқы қадамын Бернард Шоудың «Клеопатрасымен» бастап, көрермен жүрегін баурап алды. Ал жыл бойы ұсынылған «Жәннат», «Менің атым Қожа», «Үйлену оңай» сынды спектакльдер көрерменге терең ой салып, рухани тұрғыда санасын байытты.

Мен үшін әр қойылым ерекше, әрқайсысының өзіндік орны бар. Әрбір қойылымның өз ерекшелігі мен көрерменге ұсынар дүниесі бар. Біз әрқашан сахнаға жаңа идеялар мен жанрлар әкелуге барлық күш-жігерімізді саламыз.

– Театр гастрольге шығып, аудандағы көрерменмен байланыс орнатуы ұжымға қаншалықты әсер етті?

– Қай кезде де гастроль шығармашылық ұжым үшін зор тәжірибе, бізге де солай болды. Тек Атырау облысында емес, басқа облыстарда да театрсүйер қауыммен жүздесу бізге жаңа серпін берді. Астана, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қойылған спектакльдеріміз аншлагпен өтті. Мақат ауданы да бізді тағы да шақырып, ыстық ықылас білдірді.

Әр аймақтың көрермені біздің өнерімізді жоғары бағалап, жылы шыраймен қабылдады. Бұл біз үшін зор жетістік. Актер осындай сапарларда шыңдалып, әр өңірдің көрерменімен жүздесу арқылы шығармашылық шабытқа кенеледі. Сондықтан мұндай іссапардың ұжым үшін берері мол. Сондықтан халықтың қошеметі мен оң бағасын алды деп толық айта аламын. Алдағы жылы Алматы, Түркістан облыстарына гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отырмыз.

– Театрдағы біліктілікті арттыру курстары мен тәжірибе алмасу жайлы айтыңызшы. Қазақ Ұлттық өнер университетінде өткен курстар қалай өтті? Асхат Маемировтың тәжірибесі ұжымға жаңа серпін бере алды ма?

– Жастар театры өз дамуын тоқтатпай, үнемі ізденіс үстінде болады. Өнерде кідіріс болып, шығармашылық тоқырауға ұшырамас үшін ұжым үнемі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылып келеді.

2025 жылы білім алу, тәжірибе жинақтау және шығармашылық ізденіс біздің басты мақсатымыз болмақ. Осы бағытта театрға қолдау көрсетіп, мол тәжірибе жинап жүрген бірегей маман Асхат Максимұлы Маемировтың кәсіби шеберлігі біздің ұжым үшін ерекше маңызға ие, себебі ол әр актердің біліктілігін арттыруда зор үлес қосып келеді.

Театрдағы коллаборация ұғымы біз үшін жаңа деңгейге көтерілді. Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» ұжымымен бір апта бірге дайындық жасап, сахна қозғалысынан хор сабақтарына дейінгі түрлі өнер бағыты бойынша тәжірибе алмастық. Бұл жаңа идеялар мен шабыттың оянуына себеп болды. Осындай бірлескен жұмыстың арқасында біздің театр актерлерінің музыкалық бағытына деген сұраныс артты. Ұжымның талантты мүшелері оркестрмен ән айтатын деңгейге жетіп, шығармашылықтың жаңа қырын ашты. Бұл – актерлердің кәсіби өсуінің айқын дәлелі.

– «Музыкалық жас көрермен театрымен» серіктестік орнату сіздер үшін қандай артықшылықтар әкелді?

– Музыкалық жас көрермен театрымен ынтымақтастық бізге жаңа мүмкіндіктер берді. Болашақта мұнда үлкен өзгерістер мен жаңа бастамалар орын алмақ.

Жыл басында Асхат Максимұлы Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» қойылымын Атырау жастар театрының сахнасында қоюды жоспарлап отыр. Бұл тек жаңа шығармашылық жобаның бастамасына көтерілмейміз, сондай-ақ өнерде жаңа белеске қадам басарымызға сенімдімін. Қойылымда тағы да «Музыкалық жас көрермен театрымен» бірлесіп жұмыс істейміз. Әріптес ұжымның хор жетекшілері мен хореографтары біздің актерлерге арнайы дәріс өткізіп, олардың сахнадағы шеберлігін арттыруға зор үлес қосады. Ал Асхат Максимұлы режиссер ретінде шығармашылық жолымызды жаңа деңгейге көтеріп, қойылымның әрбір қадамын жоғары деңгейде бағыттамақшы.

– Театр жаңа мамандармен толықты. Бұл өзгерістер ұжымға өзгеше леп әкелді ме?

– Жаңа актер – жаңа леп, шабыт және бастама. Олардың келуі әрқашан шығармашылық ұжымға жаңа бағыт пен көзқарас әкеледі. Ал театр ұжымы үшін әрбір жаңа өнерпаз – маңызды қадам.

Биыл Атырау режиссурасы білікті маман Гауһар Адаймен толығып, біздің ұжымға жаңа серпін мен тың идеялар әкелді. Гауһар Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Мұқанғали Томановтың ұсынысымен кезекші режиссер ретінде тағайындалып, ұжымның шығармашылық әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам жасалды. Танымал режиссер, өз ісінің шебері Гауһардың режиссурасымен сахналанған «Хансұлу» перформансы атыраулықтарды жаңа жанрмен таныстырып, ерекше әсер қалдырды. Оның жаңа идеялары мен кәсіби шеберлігі ұжымның жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік беріп, Атырау жастар театрының дамуына осындай жаңа серпін беріп келеді.

Жаңа актерлердің қосылуы ұжым үшін жаңаша серпін әкелетінін айттым ғой. Ал қазір біздің актерлер оркестрмен де ән айта алатын деңгейге жетті.

– 2025 жылы театрды қандай жаңалықтар күтіп тұр? Шетелдік фестивальдерге қатысу жоспарда бар ма?

– Келер жылғы жоспарда көрерменді жаңа алты премьерамен қуантуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біз бұрын шетелдік фестивальдерге тұрақты қатысып келдік.

Биыл жаңа ғимаратқа қоныс аударған соң, әуелі ішкі ұйымдастыру жұмыстарын реттеп, халықпен байланысымызды нығайтып, мекен-тұрағымызды қалыптастырып алуды жөн санадық. Бірақ жыл бойына бос жатпай, 2025 жылға арналған жоспарларды пысықтап, қазірдің өзінде фестивальдерді іздеуге кірістік. Тапқан фестивальдерге қойылымның видео нұсқасы да жіберілді. Егер қабылданса, бұл біздің үлкен шығармашылық сапарымыздың бастамасы болар еді.

Біздің ұжымның басты арманы – ғимаратты заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіп, актерлер мен шығармашылық топ үшін ең қолайлы жағдай жасау. Сахнадағы жетістіктерімізді жаңа деңгейге көтеріп, өнерді өз шыңына орнықтыру үшін кәсіби тұрғыдан жарақтандырылған ғимараттың маңызы өте зор.

– Бұл армандарыңыздың да сәтті орындалатынына сенімдіміз және тілекшіміз. Ал жергілікті театр көрермендерінің мәдениеті қалай дамып келеді?

– Мойындау керек, соңғы уақытта театр көрермендері, әсіресе жастардың қатары айтарлықтай артты. Олардың театрға деген көзқарасы өзгеріп, өнердің осы түріне қызығушылық өсіп келеді. Жастардың театрға дайындықпен келуі – ерекше құбылыс.

Қуанарлық жайт, олар алдын ала қойылым туралы кітаптан немесе әлеуметтік желіден оқып келіп, спектакльдің тереңдігін түсіну мен талқылауға дайын тұрады. Демек көрерменнің театр өнеріне деген білім деңгейі артты деген сөз.

Жастар арасындағы өзара пікір алмасу, талқылау және ой қозғау – біздің ең үлкен жетістіктеріміздің бірі. Бұл тек театрға деген қызығушылықты емес, ішкі мәдениеттің де жан-жақты өсіп келе жатқанын аңғартады. Осы сөзімізге тағы бір айқын дәлел – қойылым билеттерінің сатылымға шыққан бір-екі күнде өтіп кетуі. Бұл жас аудиторияның белсенділігіне және театрға деген сұраныстың өскеніне бұлтартпас айғақ.

– Еркін әңгімеңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Шығармашылық биіктеріңіз асқақтай берсін!

Сұхбаттасқан Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button