Жарнама
Мәдениет

Жәдігер жерде жатпауы тиіс

«Ел арасынан мәлімет жинау барысында көптеген дүниеге қанық болып, ой түйдік. Біз байқаған бір дүние – көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениеттердің айырмашылығы көзге көрінді. Мәселен, көптеген өңірде той-томалақтан соң тамақ салып алу әдеті бар. Кейбір жерлерде ондай әдет қалыптаспағаны кездеседі. Әсіресе Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік, Балқұдық ауылдарының тұрғындарында тамақ салып әкету деген әдет мүлдем қалыптаспаған. Бұрынғы дәстүрде де бұл болмаған. Тек той иесі тойға келе алмаған адамға сыбаға салып беретін болған.

Қазіргі заманда «салып алып кету» деген дәстүрдің шығу тарихы тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі жоқшылық, қиыншылықтан туған нәрсе деп ойлаймыз. Ал, екінші себебі – қазір той-томалақты үйде емес, мейрамхана, кафе секілді қоғамдық орындарда атқаратын болдық. Сол жерге апарған тағам түрлерін келімді-кетімді адамдардың ысырап болмауы үшін алып кеткені дұрыс деп есептеуге болады. Бұл мәселелер ұсақ-түйек дүние болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, қазір біздің қоғамда әркелкілік көп те, біркелкілік жоқ. Осы кемшіліктерді сіз бен біз болып ортақ нормаға сәйкес қалпына келтіруіміз керек» — деді облыстың Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарына ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияның қорытынды жиынында сөз алған экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатран.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған бұл экспедиция былтырғы экспедицияның жалғасы іспетті. Сапар барысында 50-ден астам көне зат табылған. Алты адамнан құралған топ өткенін саралап, бүгінін талдап, ертеңін болжау үшін жасалып жатқан зерттеудің болашақ үшін ерекше орны бар екенін айтты.

– Негізгі мақсатымыз мұражай қорын толықтыру болды. Этнографиялық экспедиция болғандықтан ауыл тұрғындарынан мәлімет алуды көздедік. Бұл тұрғыда аздаған қиындықтар болғанмен, «ел іші – өнер кеніші» ғой, көп дүние жиналды. Шолан, сарайда шаң басып, тот басып жатқан жерінен алынған заттар бар. Соның бірі – төрт құлақты қазан, оның екеуін де бір үйден алдық. Ерекшелігі сол, мұны қазақы ортада қолданған.    Әсіресе, Сүйіндік, Балқұдық ауылдарынан өзімізге қажетті көп мәліметке қанық болдық. Бұл музей тарапынан жинақ ретінде басылып шығады деп есептеймін. Әрине, қай ауылға барып, мәлімет алсақ та жергілікті тұрғындар бұдан 20-25 жыл бұрын көнекөз қарттардың көзі тірісінде келу керек еді дегенді айтып жатты. Дейтұрғанмен, сол үлкендердің көзін көрген, әңгімесін естіген адамдардан діттеген мақсат-сауалымызға жауап таптық деп ойлаймын, — деді Д.Қатран.

Музей қызметкерлерімен ортақ тіл табысып, бірнеше күн сапарлас болған экспедицияның қатарында былтырғы экспедицияның жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат та бар. Жас мамандарға білгенін үйретуден танбайтын кәнігі ғалымдар тамыздың 5-інде басталған экспедицияның ойдағыдай өткенін айтты.

– Біз аралаған аудандардың том тарихын ғана емес, ауылдың да тарихын жазып, оқырманға ұсынып отырған өлкетанушылар бар екен. Егер әр ауылда екі-үш күн аялдасақ талай нәрселерді әкелуге болар еді. Алайда бізде уақыт тығыз болды, оның үстіне елді мекендерде қонақ үй жоқ. Бір үйде бірнеше күн қонақ болу қиын, әсіресе құмның ішіндегі ауылдарда қиынның қиыны. Құдайға шүкір, экспедиция құрамында осы аудандардың адамдары болып амалдадық. Сондай-ақ, ауыл тарихын білетін адамдардың көбі ауылда жоқ екен. Экспедиция жетекшісі Досымбек Қатран этнограф ретінде ауылдағы үйлену тойы, бесіктой, сүндет той, тұсаукесер секілді рәсімдерді көргісі келгенмен, ондай шаралардың көпшілігі аудан орталықтарында өткізілетін болса керек, қатысудың сәті түспеді. Құрманғазы ауданының Асан ауылындағы Серік Сариев деген азамат күйші Құрманғазы туралы, кезінде сол аймақта болған қалмақтың диверсанты туралы құнды әңгімелер айтты. Менің байқағаным, адам баласы жас кезінде қандай әңгімелерді құлағына құйып алса сол әңгімесі әсерлі шығады. Өйткені, негізгі жеткізушілерінен естігенін жеткізіп отыр. Ал, білмейтін адамдар ойларынан сөз қосып, қиял-ғажайып әңгіме қылып, түрлендіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан зерттеушілер сұлу сөзге алданып қалмай, сұрыптап алуы керек деп есептеймін. Неге екенін қайдам, Жайықтың сол жағында ескі дүниелер көп сақталғанмен, оң жағында аз екен. Бұған бірден-бір себеп, әр ауылдың өз мұражайы болуымен байланысты деп ойлаймын. Оларды өз ынтасымен жасақтап, сақтап отырған ауыл адамдары бар. Меніңше, ол жерлерге көп адам бара қоймауы мүмкін, сондықтан облыстық музейге түпнұсқасын алдырып, ауданға көшірмесін қойса да болады. Екі жылдық экспедицияның нәтижесі оң болды. Әлі де болса экспедицияларды жалғастыру керек деп ойлаймын, — деді Мақсат Әнесұлы.

Әдебиеттанушы қазіргі заманғы методиканың бірі – екі-үш ауданды мәдени ландшафтық тұрғыда зерттеу қажеттігіне де баса назар аударды. Тек жәдігерлер мен көне әңгімелерді жинаумен шектелмей, өзен-көл, үңгір, жыра-жылға, басқа да табиғи дүниелер мен қолдан жасалған бұйымдарды ұштастырып, барлығын ғылыми тұжырымдама аясында зерттесе бір ауданның тұтас тарихы шығатынын екшеп қойды. Оның сөзінше, бұл Еуропа елдерінде қарқынды қолданысқа ие. Ол үшін экспедиция құрамында білікті этнограф, спелеолог секілді мамандар болуын да қаперге берді. Әзірге Атырау өңірінің бұған шамасы жете қоймауы да мүмкін. Өйткені Алматының өзінде спелеолог мамандар қат көрінеді. Ғалымдар болашақта осы жұмыстарды жалғастыру бағытында әкімдік тарапынан қолдау тапса, музейдің жәдігерлерді сақтап, оны көріп кететін жер ғана емес, ғылыми ортаның ұясына айналатынын айтып қызықтырып қойды.

– Оң жағалаудың тарихы өте бай, көнеден белгілі өлке. Қазақтың нағыз марқасқалары шыққан Нарын құмы бар. Ол жақтың зерттеуші, өлкетанушылары да ерекше. Сол адамдарды көріп, көңіліміз марқайып қайтты. Экспедиция барысында байқағанымыз, бұрынғыдай көсіліп сыр шертетін адам жоқтың қасы. Біздің экспедициямызбен қатар, палеонтологиялық және археологиялық экспедициялар жұмыс істеп жатты. Бір музейдің бір маусымда сан салалы жұмыс жасап жатқаны – оның ғылыми зерттеу орталығына айнала бастағанының көрінісі. Алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Сол үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз керек, — дейді М.Тәж-Мұрат.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев болашақта мекеменің жаңа ғимараты салынуы жоспарланып отырғанын да жасырмады.

– Былтырғы экспедицияға қарағанда биылғы жәдігерлердің қоры аз. Өткен жылы ат-арба, шанаға дейін алып келді. Құрманғазы ауданында әрбір мектепте мұражай бар. Сол жерлердегі сирек кездесетін жәдігерлерді облыстық мұражайдың қорына алдыруға жұмыстанамыз. Мұндай экспедиялар жалғасын табуы керек. Осы экспедиция арқылы музей мамандары үлкен ғалымдардың қасында жүріп тәжірибе жинақтады, — деді М.Кипиев.

Аудандардан жиналған жәдігерлердің қатарында патефон, құман, керосин шамы, шыны бөтелке, монокуляр, сөмке, керамикалық ваза, кілт, қазан, қолсандық, көсеу, шалғы, таба, күрек, балта, үзеңгі, кісен, қақпан, тіреуіш, тұрба, қада, қанжар, пышақ, бөшке секілді ағаш, тас, темірден жасалған бұйымдар бар екен.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button