Жарнама
Мәдениет

ЖӘҢГІР ХАННЫҢ ЖАҢА ҚЫРЫ

 

Жәңгір хан – сыртқы саясатта көрегенділік танытумен қатар,  ішкі бірлікті нығайтуға күш салған, ағартушылық жұмыстар жасап, мектеп ашқан, қазақ халқының келешегін уайымдап өткен тұлға. Ол шиеленісі көп, шытырман оқиғаға толы ХІХ ғасырда өмір сүрді. Жәңгірдің елге жасаған көп жақсылығын сол кезде халық түсінбеді, бағалай алмады.

Туындыларымен дүние жүзінің көптеген еліне әйгілі драматург Р.Отарбаев Жәңгір ханның бейнесін беруде көбіне ішкі монологқа күш салған. Оның өзі суреткердің ойының тереңдігін, философиялық пайымын танытады. Ішкі монолог — көбіне кейіпкер тығырыққа тіреліп, айналасынан сенетін жан таппай, күйзелген кезде оның жан дүниесінде болып жатқан психологиялық күйзелісті беру үшін таптырмайтын көркемдік тәсіл.

Спектакльдің оқиғасы шиеленістен басталады. Исатай өлімін естіген ханның өзек жарды өкініші, жан күйзелісі көрермендерді соңынан ілестіріп жетеді. Негізінен көркем шығармалардың, соның ішінде пьесалардың да композициялық құрылысы экспозициядан, оқиғаға кіріспеден басталса, аталмыш туындының сюжеттік желісінің күрделенген шиеленістен басталуының өзі – драматургтың шеберлігі.

«Жәңгір хан» драмасының режиссері Камад Касенов, қырғыз режиссері. Жәңгір ханның рөлін сомдаған – Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрының актері Бекет Зинуллин. Әрине, Жәңгірдей тұлғаның бейнесін сомдау оңай емес. Оның үстіне, режиссердің өзі айтқандай уақыттың кемшіндігі де көрінбей қалған жоқ. Паңдық, ақсүйектік дағды, ханның кейбір ширығатын, кейде лирикалық шегініске ұласатын көңіл-күйінде актерлік шеберлік жағы жетіспей жатты. Ал, Фатима рөлінде ойнаған Нұрсат Арал-баева өзін жақсы актриса ретінде танытты деуге әбден болады.

«Жәңгір хан» сияқты күрделі драмалық шығарманы таңдап алып, оны жұртшылыққа ұсынудың өзі – өнердегі үлкен қадам. Сондықтан, режиссер мен театр ұжымы «Жәңгір ханға» әлі де тың даярлықпен, соны идеямен кері оралар деп сенеміз.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button