Ұлттық құрылтай — қазақтың ынтымағының көрінісі
Кез келген тағдыршешті мәселе қоғаммен, халықпен барынша ашық диалог арқылы талқыланғаны жөн. Міне, бұқараның басын біріктірген Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелер айтылып, шешу жолдары ұсынылатын алаңға айналды. Мұны Елордада Ұлттық құрылтай мүшелерімен қатысуымен өткен кездесуде ерекше байқадық. Сол себепті де, Мемлекет басшысының өзі арнайы қатысатын алқалы отырыстарда елдік мәселелердің көтерілгені дұрыс-ақ.
Елдік мүдде бәрінен маңызды
Алқалы жиында еліміздегі білім беру мен тәрбие жұмыстарын дамыту перспективаларынан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық, экология секілді қылышынан қан тамып тұрған, тыңнан түрен түрткен тақырыптар қаузалған екен. Аталған отырысқа біздің өңірден барған Ұлттық құрылтай мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мақсым Ізбасов азаматтық қорғаныс секциясында аймаққа қатысты күйіп тұрған мәселелерді санамалап, ұсынғанын айтады.
Жеті қат жер астындағы «қара алтынды» қотарған шетелдік компаниялар қаншама жылдар бойы біздің табиғи ресурстарымызды толығымен пайдаланып келгені және пайдалы қазбаларды өндіруде өз талаптарын теліп те үлгергені белгілі. Мақсым Шапихұлының айтуынша, инвесторлар біздің жердің қойнауынан шетел валютасына шаққанда соншама мол қазынаны сыртқа әкетіп жатыр. Ал, сол Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында мұхит асып келіп алған компаниялардағы үлесіміз өте аз көрінеді. Рас, олар қазақстандық компания ретінде тіркеліп, салық төлеп келеді. Дегенмен, сол салықтан қалған пайда мұртымызды майламай тұр.
– Ол ол ма, ел экономикасына қосқан үлесті айтпағанда, қыруар залал келтіріп, есепсіз байып отырған компаниялардың жергілікті халыққа заңды өтеуін өтейтін уақыты жетті. Атырау экологиясы апаттық жағдайда болуына байланысты халықтың өмір сүру сапасы жақсартуды қажет етеді. Осы орайда аталған компаниялар өздерінде қызмет ететін қызметкерлердің ғана емес, сол аумақтағы халықтың денсаулығын зерделеп, медициналық көмекпен қамтамасыз етулері қажет. Осындай жағдайларға неге көңіл бөлінбейді? — деген ұсынысын да ортаға салғанын айтты.
Бұл мәселе бас ауруына айналғалы қашан. Қала іргесіндегі өндірістік кәсіпорындардан келетін зиян көп. Теңіздің тартылуынан ауа сапасы да нашарлады.
«Тәрбиесіз берген білім – қасірет»
Ұлттық құрылтай мүшесі отырыста жастардың тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігіне тоқталыпты. «Тәрбиесіз берген білім – қасірет» демекші, ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан алуан. Мақсым Шапихұлының айтуынша, солардың ішінде шешуші роль атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады.
– Оқу-ағарту министрлігіндегілер тек тәрбие ісімен айналысатын департамент құрғандарын айтады. Мұнда қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойларына сіңіру бағытында жұмыстар жүргізілуін ұсындым. Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген саналы көзқарастың болмауынан әскер қатарында түрлі келеңсіздіктер кездесіп жүр. Сондықтан да балабақшадан бастап, мектепте, жоғары оқу орындарында патриоттық тәрбие беруді қолға алудың қажеттілігі айқын байқалуда. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін қорғауға, азаматтық қасиеттерге баулитыны сөзсіз,- деді ол.
Кез келген халықтың болмысы оның әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен көрінеді емес пе?! Белгілі бір ұлтқа тән мәдени құндылық ұлтты ұйыстырып, біріктіреді. Дегенмен, заман өзгерген сайын, ұлттық сипаттағы дүниелер де өзгеріске ұшырап баратын секілді. Бұрындары қол беріп амандасу, бата беру секілді игі дәстүріміздің бұл күнде ұлттық бояуынан гөрі, діни сипаты басым болып бара жатыр. Олай дейтінміз, дінге ерген қыз-келіншектердің «Ассалаума алейкум уә баракатух» деп амандасатынын құлақ естіп, көз көріп жүр.
Тіпті, бүгінгі қазақтың бет-бейнесі мен киім киюінің өзінен де әсіре діншілдік байқалады. Қазақта «сақалы сапсиған», «шоқша сақал» теңеуі тек үлкен кісіге айтылатын. Ал, қазір жасына жетпей жігіттеріміз сапсиған сақалды. Кешегі құрылтай алдындағы басқосуда да осы мәселе айтылған көрінеді. Мақсым Ізбасов айтқандай, қоғамда бетін бүркеп, селдіретіп сақал қою сәнге айналып барады. «Қазақтың әйел-қыздары тізесін, санын көрсетіп қысқа кимеген, бетін де бүркемеген. Сондықтан, өзге елдің қаңсығын таңсық көріп, қара жамылып, теке сақал қойып еліткен «еркелерге» қарсы шара қолданылуы қажет» деген қоғамға ортақ мәселені тиімді шешу жөніндегі өткір сыны әбден орынды. Оның айтуынша, сол жерде де бұл мәселе үлкен қолдауға ие болған екен.
Түтінге тұншыққан Атырау
Біздегі мәселе мұнымен бітпейді. Мұнайлы мекеннің экологиялық ахуалы – республикалық деңгейдегі проблема. Көл-көсір байлықтың үстінде отырған Атыраудың қазіргі жағдайы көңілге кірбің ұялатады. Әсіресе, қарт Каспийдің тартылып, Жайықтың тайыздануы атыраулықтарды ерекше алаңдатып отыр. Сондықтан, су тіршілік көзі десек, тіршілік көзінен тапшылық болмауы тиіс.
Расында, жадағай сын мен көпірме сөзге ермей, қордаланған мәселелерді жедел шешіп, алға қарай ұмтылатын, келешекке жұмыс істейтін кезең туды. Ұлттық мүдде алға шығатын Ұлттық құрылтайда айтылған ой мен ұсыныс-пікірлер желге ұшпай, көрініс табатынына сенім мол. Бұл, айналып келгенде, тәуелсіздікке тәу еткен, елдіктің, бірліктің қадірін білетін қазақтың ынтымағының көрінісі болуы шарт.
Рита ӨТЕУҒАЛИ