ЕЛОРДАДАҒЫ ЕРЕК КҮНДЕР

Дина атындағы оркестр өнеріне тың серпін берді

Қашан да, мейлі жеке адам, болмаса кәсіпорын, мекеме жаңа жыл алдында өткен он екі айда не істеп, не қойдым, қандай жетпестігіміз бен жетістігіміз бар деген ой жетегінде болатыны белгілі. Егер осындай сұрақ қойылса, облыс асып, республикалық деңгейде көрікті табыстарымен көңіл тоғайтар ұжымдардың бірі – атыраулық Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрі екені белгілі. 1957 жылы негізі қаланып, 1990-нан бері кәсіби ұжымға айналған, тәжірибелі де табысты оркестрдің әр қадамы сәтті. Түркия мен Ресей, Катарда өткен әлемдік, аймақтық фестивальдардың бас жүлдесі, басқасын да иеленген бұл оркестр – «Серпер» халықаралық фестивалінің дипломанты. Біз оркестр директоры Қамбар Дүйсембайға жолығып, ұжымның өткен жолы, сондай-ақ жылан жылғы қол жеткен табыстары жайлы сұрадық.

– Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының сіздің оркестр жайлы пікірі ұдайы жоғары. Қызметке отырған сәттен «осыған дейін өнерімен танылған Дина оркестрінің шеберлігін бұрынғыдан да биіктету үшін ұжымға қажетті құрал-аспаптар, лайықты киім алып беру керек» десе, жақында өткен Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясы басында «Егер Дина оркестрі болмаса, Астанадағы тәуелсіздік мерекесіне арналған гала-концерт өз деңгейінде жоғары мәнге ие болмас та еді. Өңірдегі қалған ұжымдар да сол деңгейге жетуі керек» деп ерекше мән берді. Ұжым шындығында осындай құрметке қалай ие болды?
– Облыс басшысының бұндай бағасына рахмет. Бір қарағанда, бұл – бір адамның, не бір жылдың жемісі емес, кәсіби атанғаннан бергі ширек ғасырлық маңдай тер, өнерпаздар мен жетекшілердің табанды еңбегі арқылы келген нәтиже. Әрине, бұл істің басында алғашқы ұйымдастырушы, дирижер Қазақстанның халық әртісі Рысбай Ғабдиевті атар едік. Ол бастапқы кезеңде өнерлі жастарды ойдан-қырдан жинап, оларға мүмкіндігіне қарай тұрмыстық жағдай туғызу, үй алып беру, жатақханамен қамту секілді әлеуметтік жағдайына көмектесті. Сондай-ақ саз ұжымын тәрбиелеу, музыкалық репертуар таңдау, оркестрдің орындау шеберлігін арттырып, жоғары деңгейге жеткізуге көп үлес қосты. Оркестрдің қаз тұрып, бұрынғы таптаурын еуропалық симфониялық сипаттан ұлттық нақыш, халықтық үлгіге көшуіне кезекті дирижерлер Жұмагелді Нәжімеденов, Құрманғазы атындағы республикалық конкурстың лауреаты, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Тынышбек Естаевтардың еңбегі көп. Ал, жекелеген өнерпаздар арасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, республиканың батыс өңіріндегі дәстүрлі әншілердің, Мұхит мектебінің ірі өкілі Мекес Төрешов, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нариман Үлкенбаев, Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, жазушы-өнертанушы, композитор Илья Жақанов, Кеңес Одағының халық әртісі Шамғон Қажығалиев, халық әртісі Әзидолла Есқалиев, белгілі әншілер Сәуле Тапақова, Алтын Жұмағұловалар да осы ұжымда еңбек етті.
– Атап айтқанда, кімдер? Шығармашылық құрам туралы айтсаңыз?
– Оркестр құрамында бұл күнде 70 адам еңбек етеді. Шығармашылық құрамның бәрі де арнаулы оқу орындарын бітірген кәсіби тәжірибелі мамандар. Олар оркестрдің кезекті дирижерлері – Орақ Жауыров, түрлі халықаралық фестивальдардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері болса, Рахила Құлсариева – Құрманғазы атындағы республикалық конкурстың лауреаты, республикалық дирижерлер сайысының жүлдегері. Домбырашылар тобының бұрынғы концертмейстрі Темірбек Қайдаров – Құрманғазы атындағы республикалық конкурстың лауреаты, республика Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иесі. Әнші Қайрат Кәкімов – түрлі халықаралық және республикалық фестивальдардың әлденеше дүркін жүлдегері болып табылады. Бұлбұл көмей әнші Маржан Төреханова мен оркестрде алғашқы күннен еңбек етіп келе жатқан Аманжан Басығараевтар да – түрлі жүлделерге ие болған халық қошеметіндегі жандар.
Оркестрге біраз уақыттан бері республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Талғат Камалиденов – бас дирижер және көркемдік жетекші.
Сонымен қатар, Е.Райысов, Г.Әуезовалар жеке орындаушы ретінде де көптің қошеметіне бөленген.
– Қашан да өнер халыққа арналады. Ендеше, ол тыңдаушысын таппаса ғұмырсыз. Ұжым қай жерлерде өнер көрсетті?
– Өткен уақытта оркестр облыс аудандарын түгел аралап, Теңіз кенішін игеріп жатқан шетелдік өнер сүйер қауым арасында талай рет концерттер берді. Сондай-ақ іргелес Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, көршілес жатқан Ресей елінің Астрахан облыстарында әлденеше рет болып, өнер көрсетті, ұлттық музыка аспаптарының құдірет-күшін танытты.
Д.Нұрпейісова атындағы оркестр ұдайы өз атына сай болып, туған халқына қызмет көрсету, халқымыздың ұлттық музыка дәстүрінің озық үлгілерін тыңдарман назарына ұсыну, тәнті ету үшін жұмыстанады.
Осындай дәстүрмен Астананың Конгресс-Холл залында Еуразия университетінде Елбасы алдында өнер көрсетті. Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрында оркестр өзінің есептік концертін берсе, кейін осы театрда Исатай Тайманұлының туғанына 200 жыл толуына орай мемлекет қайраткерлері мен оңтүстік астана көрермендері алдында өнер көрсетті. Алтынжарда (Ресей) Құрманғазының жаңғырған кесенесінің ашылу салтанаты мен ұлы ақын Абайдың туғанына 150 жыл, қазақтардың «Жолдастық» қоғамының 10 жыл, Дина Нұрпейісованың 130 жылдықтарына арналған түрлі деңгейдегі салтанаттарда концертін қойды.
Оркестр өміріндегі ерекше кезең – бұл Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ұйғарымымен 1994 жылы ұжымның Түркияда өткен «Жерорта теңізінің қиял-ғажайыбы» атты халықаралық фестивальге қатысып, бас жүлдені жеңіп алуы.
1998 жылы оркестр ұжымы Астана қаласының туған күнін атап өту, ұлықтау салтанатына қатысса, 2000 жылы ұжымға «Академиялық ұлт аспаптар оркестрі» деген құрметті атақ берілді. 2002 жылы ұжым Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ұсынысымен Катар елінде өткен Қазақстанның мәдениеті күндеріне қатысып, өзге жұртқа халқымыздың ұлттық музыка аспаптарының құдіретін танытты.
2007 жылы академиялық оркестр «Серпер-2007» республикалық халық аспаптар оркестрлері фестиваліне қатынасып, дипломмен марапатталды. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай құрамында оркестр мүшелері бар 650 әртістен тұратын құрама оркестр керемет қойылым көрсетті. Ал, 2011 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының 20 жылдығына арналған Астанадағы облыстар шеруі шеңберінде өткен «Бейбітшілік және келісім» сарайында Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары өнер шеберлерінің біріккен концерті болды. Бұл шараға Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық ұлт аспаптары оркестрі және Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының оркестрлері қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
– Оркестр репертуары туралы айтсаңыз?
– Оркестр алғашқы күннен өз репертуарының жан-жақты, тақырыптық шеңбері кең, мазмұнды болуына көңіл бөлді. Қазір тыңдаушылар халық композиторлары Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей мен Қазанғап, Түркештің күйлерімен бірге Қазақстан композиторлары Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Кенжебек Күмісбеков, Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәлім Қойшыбаев, Нұрғиса Тілендиев, Айтқали Жайымовтың шығармаларын құмарта тыңдайды.
Өткен уақыттар ішінде осындай сегіз жүзден астам шығарма оркестр орындауында тыңдаушылар назарына ұсынылды. Елімізге, әлемге белгілі өнер саңлақтары әншілер Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Ғафиз Есімов, күйші-композиторлар Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайымов, белгілі қоғам қайраткері, әуесқой композитор, ғылым докторы Мырзатай Жолдасбеков, Италия консерваториясының профессоры, сырнайшы Владимир Зубидскийлер оркестр сүйемелдеуімен өнер көрсетті, әңгіме айтып, дәріс оқыды, шеберлік сабақтарын өткізді.
– Енді әңгімені оркестрдің бүгінгі аяқ алысына арнайықшы. Биылғы жылы не істеп, не қойдыңыздар?
– Алдымен ауыз толтырып айтарымыз, оркестр құрамы жаңа музыкалық жабдықтар, аспап, киім үлгілерімен толықты. Репертуар жаңарды.
Оркестрдің басшылық құрамы, жекелеген өнерпаздар Атырау қаласында Құрманғазының 190 жылдық мерейтойына орай өткізілген оркестрлердің халықаралық фестивалін ұйымдастыруға белсене араласты. Бас дирижер Т.Камалиденов мың адамдық оркестрдің концерттік шымылдығын Құрманғазының «Серпер» күйімен ашып, Динаның «Әсем қоңырымен» сабақтады. Жалпы, мың адамдық оркестр – республика үшін үлкен жаңалық, ғажайып құбылыс. Сонысымен ол Гиннестің рекордтар кітабына кірді.
Өнер ұжымы – қаладағы, облыстық деңгейдегі қандайма бір мерекелік шаралардан қалып көрген емес. Аудандарға, ауылдарға да шығып, өнер көрсетеді. Биылдың өзінде Исатай, Махамбет, Мақат, Жылыой аудандарында болып, концерттер берді. Дина оркестрінің негізін қалаған белгілі дирижер, композитор Сейілхан Құсайынов атындағы алғашқы республикалық дирижерлер конкурсы және республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Раушан Нұрпейісова атындағы республикалық қобызшылар байқауы да біздің ұжымның ұйымдастыруымен өтті.
Биылғы жетістіктеріміздің бірі – екі рет Астананың орталық «Қазақстан» концерт залында толық құрамда өнер көрсеттік. Оның бірі Астана қаласы күніне орай өткізілсе, екіншісі Тәуелсіздік мерекесіне арналды. Екеуін де бас қаланың Елбасы бастаған талғампаз көрермендері асқан қошеметпен қарсы алды, ризашылықпен қол соқты. Сайып келгенде, мұндай құрмет (бір жылда екі рет үкіметтік концертке қатысу) өте сирек кездеседі.
– Келесі жылға да белгілеген жоспарларыңыз мол шығар?
– Болмаған нәрсені алдын ала жариялау қиын ғой. Бірақ Еуропа елдерінде өтетін бір турнирге Қазақстан атынан қатысу ниетіндеміз. Әйтсе де, оны уақыт көрсетеді ғой.
– Жеңіс жалғаса бергей. Жылқы жылы табысты, мерей жылы болсын!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз