
Ұлттық мұра айрықша ұлықталды
Кеше Атырау қаласындағы Абай орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған “Наурыз – ұлылықтың ұйытқысы” атты мерекелік концерт өтті. Атырау қаласының білім бөлімінің ұйымдастыруымен, қала педагогтерінің қатысуымен өткен іс-шарада ұлттық дәстүрлер мен салт-дәстүрлер дәріптеліп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан ұлттық құндылықтар ұлықталды.

Мерекелік кештің алғы сөзінде Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Байғанинқызы құттықтау сөз сөйлеп, ата-бабамыздан қалған асыл мұралардың маңыздылығына тоқталды.

-Наурыз мерекесі – біздің бірлігіміз бен татулығымыздың символы. Бүгінгі іс-шарада біз ұлттық дәстүрлерімізді сахнада көріп, оларды қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Қала мектептерінің оқушылары мен ұстаздары ұлттық салт-дәстүрлерімізді шеберлікпен көрсетіп, бізге ерекше көңіл-күй сыйлайды, – деді А.Байғанинқызы.

Іс-шара барысында Атырау қаласының мектептері өздері дайындаған ұлттық салт-дәстүрлерді сахнада көрсетіп, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Мектептердің қойылымдары арасында Көрісу дәстүрі, жарапазан айту, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, бастаңғы сынды дәстүрлер театрландырылған қойылымдар арқылы көрініс тапты.

Іс-шараның соңында қатысушыларға наурыз көже ұсынылып, Ұлыстың ұлы күніне арналған ұлттық әндер мен әуендер шырқалды. Мерекелік кеш қазақ халқының бірлігі мен татулығын насихаттай отырып, көпшіліктің көңілінен шықты.



Тоғжан ЕРМЕК