«Өнердің жолы аумалы-төкпелі келеді»

өнер Жаңалықтар

Әдемі Сисекенқызы бала кезінен өнерді сүйіп өскен. Жастайынан көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, Алматыда өнер көрсеткен. Бала кездегі арманын Қарақалпақстанға барып жалғайды. Нүкіс қаласының ән-би ансамблінің әншісі атанып,  1965 жылы сол елдің Еңбек сіңірген әртісі, 1968 жылы Қарақалпақстанның  Халық әртісі атақтарын иеленген. Республика алдындағы ерен еңбегі үшін  Еңбек ардагері төсбелгілерімен марапатталды. 1971 жылы туған еліне оралған.

өнер

Алғашқы қадам

– Әдемі Сисекенқызы, Сіз туралы әңгіме қозғалғанда, көпшілік «Қарақалпақстанның Халық әртісі ме?» деп сұрап жатады. Өзге елге қалай кеттіңіз? Ең жоғары атақты қалай алдыңыз?

– Иә, «қарақалпақсың ба?» дейтіндер бар. Қазақпын ғой. 1939 жылы Махамбет ауданының Сорочинск ауылында туып, судың жағасында өскен қазақтың қарапайым қызымын. Әке-шешем балықшы болды. Әкем Сисекен Ділханов 1954 жылға дейін қыста балық аулап, жазда колхоздың малын бағып жүрді. Алты жасымда Рухия атты анам дүниеден өтіп, әкем екеуміз қалдық. Әкем төрт жылдан кейін қазіргі шешеммен бас қосты. Одан тоғыз бала тарады. Араласып тұрамыз. Мектепті бітірген соң қаладағы апамның үйіне кеттім. Ауылда тезек теріп жүріп Роза Бағланова, Жамал Омароваға еліктеп ән айтудың пайдасы тиіп, қаладағы көркемөнерпаздар үйірмесіне жазылдым. Үйірмеде жүріп «Ақ сұңқарым» мен «Қарагөзді» шыр-қап, 1958 жылы бірінші рет Алматыда өнер көрсеттім.

Алматыдан келгеннен кейін балық консерві зауытына жұмыс-қа кірдім. Балықшының бұрынғы клубында ән айтып, өнерлі жастардың ортасында жүрдім. Бір күні зауытқа Қарақалпақстанға тәжірибе алмасуға зауыттан кісі керек болды. Ол жақта да балық зауыты жаңадан салынған екен. Бес қыз баратын болып жазылдық. Жатақхана, жолымыз, жүріп-тұруымыз тегін болғандықтан, онда бес айға қалатын болып шештім. Бірге келген қыздар екі айдан кейін кері ауылға қайтты.

өнер2

Лиза  Петровская – екінші  анам

– Қыздардың бәрі Атырауға кері кетті. Танымайтын елде, өзге ортада өзіңіз ғана қалдыңыз. Қорқыныш бол-ған жоқ па?

– Өзіме қатты сенетінмін. Сол себепті ешқандай қобалжу болған жоқ. Бала шағымнан анасыз өскесін бе, көңілім жүдеу болып, жалғызсырап жүретінім рас. Ауылда қарайлайтын адам болмаған соң жырақта қалғаным дұрыс деп шештім. Қарақалпақстанның Мойнақ ауданында тұратын Ақжарқын есімді қызбен дос болып кеттім. Үйде жалғыз қыз екен. Ата-анасы екінші қызы ретінде бірге тұрғызды. Өте қарапайым, ақкөңіл жандар еді. Балық зауытында жүріп, бос уақытымда көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Қарап жүрмей, дирижерлік білімім болмаса да бес өнерпаздан оркестр ұйымдастырдым. Нүкісте өткен байқауға қатысып, үш қыз жүлдемен оралдық. Одан кейін Ташкенттен бірінші орын алып келдім. Бәрі «әртіс болып туғансың» дейтін. Сахнаға шыққанда өзімді ұмытып кететінім рас еді. Ташкенттен келгенде балықшылықты біржолата тастап, Нүкістегі филармонияға дипломым болмаса да әншілік қызметке орналастым.

Лиза ханым Петровская – сол кезде филармонияның көркемдік жетекшісі. Ол кісі мені анамдай қамқорлады. Жақсы адамның арқасында жолым болды. Талантымды танытуға Лиза көп еңбек сіңірді деп айта аламын.

өнер3

Өнердің алтын қазығы

– Жағдайыңыз жақсы, Сізді бәрі таниды. Әртістік оқуды бітіруге талпынып көрмедіңіз бе?

Ол кезде тамыр-таныстық деген атымен жоқ. Мықты танымал бола бер, оқуға қатыспасаң, диплом алмайсың.

– Өнер иесін ортасы өсіреді. Өнеріңізді бағалайтын ортадан неге кетіп қалдыңыз? Атырауға қалай жеттіңіз?

– Айтып отырмын ғой, гастрольмен бармаған жеріміз жоқ. Мәскеуден бастап Украина, Белоруссия, Молдавия, Кавказ, Румыния, бәрін араладық. Орта Азиядан Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қазақстанға да келдік. Алматыдан кейін бірден Гурьевте өнер көрсеттік. Атыраулықтар менің Гурьевтің қызы екенімді біледі. Дайындалып қойыпты. Салтанатты жағдайда қарсылап алды. Далада тұрып, он екі әнді орындап бергенім әлі есімде.

Басшылар «өзіміздің қызымыз өзге елде неғып жүр, біз де жағдайын жасаймыз, жұмысқа келсін» деп Атырауға шақырды. Бірден келісім бере алмадым. Қазіргі Н.Жантөрин атындағы филармония  Алматының филиалы ретінде жаңадан ашылып жатқан кез. Әншілер керек екен. Сапарымызды аяқтап, Қарақалпақстанда жүргенде Нүкістегі филармонияға Атырауға жұмысқа шақырту туралы хат келді. Бес айдың ішінде баспана береміз делінген. Содан кәдімгідей абдырап қалдым. Үйім де, атақ-даңқым да, бәрі бар. Ақыры ойлана келе Атырауға алдына ала заттарымды жіберіп, ертеңгі күні өзім кетіп қалдым. Ол кезде жасым отыз бірде еді. Он жылдың үстінде Қарақалпақстанда тұрдым. Жолдасым жоқ. Осылайша туған жерге қайтып келдім.

– Өмірлік жар таңдауға неге асықпадыңыз? Әлде «түбінде қазақтың ғана жігітіне тұрмысқа шығамын» деген ұстаныммен ғана жүрдіңіз бе?

– Жар таңдауда белгілі бір ұстанымым болған жоқ.  Өнерді түсінетін адал азамат кезікпеген соң, біраз уақыт отбасын құрмай ұзақ жүріп қалдым. «Жал-ғыздық Құдайға ғана жарасқан». Жас ұлғайған сайын жеке дара жүре алмасыңды ұғасың. Екі-үш жылдан кейін Әділ Оразымбетов деген қазақ азаматына тұрмысқа шықтым. Көлік жүргізушісі болатын. Әртіс адаммен кез келгеннің бас қосқысы келмейді. Ең алдымен, әртістен дұрыс әйел шығатынына күмәнмен қарайды. Азаматым керісінше, маған сенді. «Нағыз таза, адал әйел – бұл әртістер» дейтін.

Жолдасымның қызметіне аса мән берген жоқпын, маған тек отбасы болып кететін, тәртіпті, ішпейтін, темекіге әуестігі жоқ адал жар керек еді. Бір қызымыздың қуанышына бөленіп, өзіміз оқымасақ та, қызымызды оқыттық. «Адам ұрпағымен көрікті» – дейді ғой. Қазір есепші болып қызмет етеді. Жиенім заңгер мамандығында оқиды. Бүгінде жолдасым өмірден өтті. Қазір қыздарыммен бірге тұрып жатырмын.

өнер4

«Дарыным болғанмен, дипломым жоқ»

 – Атырауға келгенде Қарақалпақстандағыдай жоғары атақтар бұйырмады ма?

– Өнер адамына қай кезде де қолдау керек. Қарақалпақстанда менің кәсіби білімім болмаса да, филармония басшылары дарынымды байқап, өнерімді бағалады. Бүкілодақтық гастрольдік сапарлардан қалдырмады. Қазақстанға, Атырауға келгенде ең алдымен, филармонияда, кейін театрда қызмет еттім. Филармонияда жүрген жерімнен сол кездегі директор Қуат Төлековтің шақыртуымен театрға актриса болып орналастым. Ол кезде шашым ұзын, жаспын. Ең алғашқы рөлім – «Қамбар батырдың» – Назымы, «Ана жүрегінде» – Гүлжан келіншекті, «Айман-Шолпандағы» – Айманды, «Жесірлердегі» колхоз председателінің әйелі рөлін ойнадым.

Замандастарыңызды сағынасыз ба? Жиі еске алатын боларсыз. Өзіңіз де жас болдыңыз. Аға буыннан үйрендіңіз. Ал, қазіргі театр әртістерінің бет алысы туралы қандай ойдасыз?

– Атырау театры елдегі ескі Қазақ     театрларының бірі болып саналады, ол 1938 жылы 5 наурызда «Мұнайшы» клубының негізінде ашылған. Театр баста-уында бір жылдық театр студиясын бітірген дарынды қазақ жастары болды. Қ.Төлеков пен З.Сүлейменова, А.Ахметова, Ж.Манапова, К.Иманғалиева, И.Иманқұлова –  өзіме ұстаз болған жандар. Әрине, қазір, оларды еске алып отырамын.

Театрда қызмет еткеніме қырық бес жылдан асты. Қазір зейнет жасындамын. Дүйсенбі, жұмада шығармашылық ұжымның жиналыстарынан қалмаймын. Фестиваль, спектакльдерді жібермей көремін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз