
Ұлттың рухани тірегі
Бүгінде мәдениет пен өнер саласына қатысты алға қойылған талап-міндеттер – ел руханиятының жаңа кезеңге қадам басуына бағытталған маңызды бағдар. Президенттің бұл салаға қатысты нақты тапсырмалары – біздің қоғам үшін айрықша мәнге ие.
Қазіргі цифрлық ғасырда ұлттық мәдениетті жаңа технологиялармен ұштастырып, оны кең ауқымда насихаттау – басты міндет. Бұл ретте, Атырау өңірі де өз үлесін қосып келеді. Аймақта музейлерді цифрландыру, виртуалды экскурсиялар, заманауи мультимедиялық жобалар арқылы халықтың мәдени құндылықтарға деген қолжетімділігі артып отыр.
Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы да осы үрдістен шет қалмай, ұлттық өнерді заман талабына сай жаңғырту жолында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Онлайн-концерттер мен цифрлық платформалар арқылы көрермендермен байланыс нығайып, мәдени іс-шаралар халықаралық аудиторияға да жол тауып жатыр.
Бүгінде филармония сахнасы тек өнер көрсету орны ғана емес, жас таланттарға жол ашатын шығармашылық алаңға айналды. Халық музыкасы мен классикалық өнердің үндесуі – еліміздің мәдени көпқырлылығын көрсететін айқын мысал.
Президент Жолдауында мәдениет пен спорт саласын қолдау – елдің стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде аталды. Бұл – шығармашылық ұжымдар үшін үлкен жауапкершілік әрі жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Біз осы сенімді ақтау үшін алдағы уақытта да тынымсыз еңбек етеміз.
Бақытбек САРТБАЕВ,
Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының директоры