«Тектілік тұғырынан таймаған» кітабының тұсаукесері өтті

screenshot 3 3 Мәдениет

Екінші дүниежүзілік соғыстың сардары, мәдениет майталманы Орынғали Қарасаев – ұрпаққа өнеге көрсеткен, айналасына алтын шуақ шашқан Атыраудың абызы. Өмір жолында небір қиынқыстау кезеңдерді көріп, от пен оқтың ортасынан аман оралған, еңбектің қазанында қайнап, шыңдалған қайсар жан – осыдан екі жыл бұрын бақи дүниеге аттанған еді.

Жуырда Атырау облысының «Құрметті азаматы» Орынғали Қарасаевқа арналған «Тектілік тұғырынан таймаған» атты естеліктер кітабының тұсаукесер шарасы өтті. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов өмір жолында Орынғали Қарасаевтай еңбек адамымен кездесіп, пікірлес болғандығын мақтанышпен еске алды.

– Атырау топырағында кесек болмысы, кемеңгер келбеті, кемел істерімен ел жадында мәңгі орын алған тұлғалар аз емес. Солардың бірі де бірегейі, саналы ғұмырын туған халқының тағдырына арнап, қоғамның дамуына, әлеуметтің өсуіне өшпес үлес қосқан – Орынғали Қарасаев болатын. Бозбала ғұмырын тағдыр тауқыметі жалмаған Орынғали ағамыз соғысқа да өзі сұранып кеткен еді. Отан үшін от кешіп, ортамызға оралды. Азамат қадіріне алтын басын иген қасиетті жұртымыз асыл ағаны әрдайым құрмет тұтып, тереңнен танитыны белгілі. Қарапайым кісіліктен бедел биігіне көтеріліп, тұлғаға айналу – ұлы үдеріс, қиын жол болса керек. Ал, Орынғали аға осы жолдан текті болмысымен өте білген жан. Ғұмыр жолы ғибратқа толы Орынғали Қарасайұлы – кісілігімен көптің көңілінде, қайраткерлігімен елдің жүрегінде қалған жан. Ендеше, оның есімі ұрпақтан ұрпаққа жетері сөзсіз . Ағамыздың өмір жолы кейінгі жастарға өнеге болуы керек. Бүгінгі іс-шара осының дәлелі. Біз осы өңірдегі қазыналы қарттарымызбен мақтанамыз, – деді Серік Жамбылұлы.

screenshot 2 6

Орынғали Қарасаевтың азаматтық сипатына арналған, қатпары терең, өнегесі мол өмір жолын қамтыған, үзеңгілес замандастары мен іні-қарындастарының ақжарма тілектерін ақтарған естеліктер жинағының тұсаукесер рәсіміне облыс басшысынан өзге, Орынғали Қарасаевтың жан-жары Дәметия Қарасаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Атырау облысының «Құрметті азаматы» Нұғыман Қарабалин, еңбек ардагері, Орынғали ағамыздың немере інісі Бақытжан Мүбәраков қатысты.

– Орекеңнің көзін көрген замандастары, үзеңгілес достары, кейінгі інілерінің естелік әңгімелерінен құралған, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Тектілік тұғырынан таймаған» атты кітабының тұсаукесеріне қош келдіңіздер! Жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын! Осы кітаптың шығуына басынанаяғына дейін атсалысқан барша азаматтарға Орекеңнің отбасының, ағайын-туысының атынан зор алғысымды білдіремін, – деді Дәметия Қосалықызы.

Салтанатты іс – шарада Дәметия апайдың иығына камзол жауып, облыстық ардагерлер кеңесі бекіткен «Ардақты ана» алтын белгісі табысталды. Бір кезеңнің тұтас тарихындай тағдыры бар, бір елдің мәңгілік сағынышына айналар бағасы бар, ұмытылмас бейнесі бар Орынғали Қарасаев – өмірде ұлы мақсатын, перзенттік парызын орындаған адам. Соңында сөнбес оты, өшпес ізі қалған. Ол – туған жерінің, туған елінің мәңгілік жүрегінде

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз