«Театр тарландары» халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленді
Атырау қаласындағы Абай орталығы «Театр тарландары» үйірмесінің оқушылары жуырда Түркістан қаласында өткен Халықаралық «Қазақстан таланттары» атты көп жанрлы өнер байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.
Өнер додасына Ресей Федерациясынан және Қазақстанның әр түкпірінен домбыра, фортепиано, ән, би, актерлік шеберлік сияқты әр жанр бойынша жиналған шын таланттар қатысты. Атырау өңірінен аталған үйірмеден барлығы 15 оқушыдан құралған 2 топ бақ сынады. Үлкен топтағы оқушылар қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт» поэзиясынан қойылым көрсетті. Ал кіші топтағы жас таланттар «Театр тарландары» үйірмесінің жетекшісі Жайнар Қарабалинаның «Балалар үйі» атты авторлық шығармасынан композициялық қойылым қойды.
– Бұл екі туындымыз да сахнаға алғаш рет шығарылды. Осы конкурсқа екі ай бойы дайындалдық. Байқауға әртүрлі жанр бойынша барлығы 70-ке жуық команда қатысты. Біздің бас жүлдені жеңіп алғанда қуанышымызда шек болмады.
Жеңімпаздар кубок, медаль, дипломдармен марапатталды. Мұның барлығы – үйірме оқушыларының талмай еңбектенген жұмысының жемісі. Жалпы, сахна – киелі орын, шын таланттардың ғана мекені. Біздің жас өрендеріміз өте өнерлі. Әрқайсының бойында театрға, сахнаға деген сүйіспеншілік жанып тұр. Біз олардың осы қасиеттерін әрі қарай шыңдап, үздіксіз дамыта береміз. Бұл бағытта алда атқарар жоспар көп. Қазір желтоқсанда Атырау қаласында өтетін «Atyray Fest» республикалық көп жанрлы конкурсына дайындық үстіндеміз, — деді Жайнар Нұрманғалиқызы.
Айта кету керек, «Театр тарландарының» оқушылары бұған дейін Өзбекстанның Ташкент, еліміздің Астана, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент қалаларында өткен конкурстарда сахналық ертегілерді сомдап, бас жүлделерді жеңіп алған. Біз өнер бәйгесіне қосса, қашан да жеңісті қолдан бермейтін жас дарындардың алдағы қадамдарына да сәттілік тіледік.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ