«ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ БАР!»

Мәдениет

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Жазушылар Одағының облыстық филиалы ұйымдастырған айтысқа 18 ақын қатысты. Оларға Жазушылар Одағы облыстық бөлім-шесінің басшысы Қойшығұл Жылқышиев, «Нұр Отан» партиясы облыстық бөлім-шесі басшысының орынбасары Кеңес Қосыбаев, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, Жазушылар Одағының мүшелері, ақындар Жаниба Қарасаева мен Қаржау Оразбаевтар қазылық жасады.
«Қызылқоғаның шоумэні» атанып жүрген Шалқарбай Ізбасаров пен ақтөбелік Оразбек Кенбаев алғашқы жұпты құрап сахнаға шықты. Оралдың оғыланы Айнабек Бисенғалиев атыраулық ару Әсел Таушановамен сөз таластырды. Маңғыстаулық Абай Жолмағамбетов пен атыраулық Нұрбейбіт Нұғымановтың арасындағы айтыс та көрерменнің қошеметіне ие болды. Ерболат Қарақойшиев маңғыстаулық Жомарт Оразовпен келісті де, көркем айтыс жасады. Батысқазақстандық Мұрадым Мирланов пен жерлесіміз Жәнібек Садыровтың арасындағы айтыс сүбелі сөз, салмақты ойға құралды. Өзіміздің өрендер Серік Қойшығұлов пен Нұрбек Сарбасовтар да сөз майданының көркін қыздырды. Ақтөбелік Ершат Қайболдин мен атыраулық Серікбол Панабердиев жұбы нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер екенін көрсете білді. Оралдық Жансая Мусина мен Атыраудың намысын қорғаған тағы бір жігіт Нұрболат Нұғмановтың арасындағы айтыс ұтқыр сөз, ұтымды ойымен ерекшеленді. Салауат Исахаев пен маңғыстаулық Азамат Орынбасаров елдік пен бірлікті алтын қазығы қылған айтыстың алғашқы айналымына нүкте қойды.
Әрине, тақырыптан ауыт-қып кету, тақырыпқа жете бойламау, қарсыласқа қарымта жасап, жауап беру, ұйқас, келісті сөз айта білу жағынан ақындардың олқы түскен тұстары болмай қалмады. Қазылар алқасы олардың бәріне де ескерту жасап, бағыт беріп отырды. Күнұзаққа созылған аламан айтыстың тағы бір ерекшелігі қазылар алқасы мен көрермен халықтың пікірі бірдей дәрежеде есепке алынды.
Қорытындысында, жүлделі үшінші орынды Серік Қойшығұлов, Абай Жолмағамбетов, Шалқарбай Ізбасаровтар иеленді. Екінші тұғырдан ерен жүйрік Ерболат Қарақойшиев көрінді. Бірінші орынға Жайықтың жампозы Жәнібек Садыров лайық деп танылды. Бас жүлдені Батыс Қазақстанның ақын қызы, бұған дейін де талай дүбірлі додаларда топ жарып жүрген Жансая Мусина жеңіп алды.
– Аймақтық, республикалық айтыстарға шыққан жоқпыз деп сенімсіздік танытатынбыз, бірақ бұл додада атыраулық ақындар жарқырап көрінді, өздерінің ешкімнен осал емес екендерін, қандай сайысқа салсаң да қара үзіп шығатындарын дәлелдеді, – дейді Жазушылар Одағы облыстық бөлімшесінің басшысы Қойшығұл Жылқышиев, – Бұл айтыста қазылармен қатар көрермен пікірі де ескерілді. Бәрі ашық, жария түрде болғанын қаладық. Ақындар жақсы дайындықпен келген, үлкен әсер алдық.
Расында да, сөз аламаны – ауыр жүк. Жүздеген адамның алдында жаңылмай, өрнекті сөз, өрелі ой айта білу үшін де ерекше қабілет керек. Ақындар осы үдеден шыға білді.

Бақытгүл ӘМІРЖАН,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған