ТАЛАНТТАР топ жарды

nv0a4846 Мәдениет

«JAS TOLKYN» АЙМАҚТЫҚ ЖАС ТАЛАНТТАР БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ. БҰЛ ТУРАЛЫ БАЙҚАУДЫҢ ӨТУ БАРЫСЫ МЕН ГРАН-ПРИ ИЕГЕРЛЕРІН ЖАРИЯЛАҒАН БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА АЙТЫЛДЫ. АТАЛҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖОБАСЫ «КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН 2019 ЖЫЛДАН БЕРІ ӨТІП КЕЛЕДІ. ЖӘНЕ ОЛ АТЫРАУ, АҚТӨБЕ, МАҢҒЫСТАУ МЕН БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТАРЫНЫҢ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРЫН ҚОЛДАУҒА, ТАЛАНТТАРЫН ШЫҢДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Алдымен, конкурсанттар jas-tolqyn.kz сайтында қашықтан қатысып, онлайн сынға түсті. Бұл кезеңнен сүрінбей өткендер Атырау қаласындағы аймақтық турға жолдама алды. Енді «Хореография» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болған Исатай ауданының Аққыстау ауылының «Ақ қайың» ансамблі, маңғыстаулық дәстүрлі әнші Әбіш Жансейіт пен аспаптық жанрда алдына жан салмаған жерлестеріміз «Құлан саз» ансамблі, жеке орындауда дараланып, шашашына шаң жұқтырмаған ақтаулық жетігенші Аслима Шакхат, «Вокал» жанры бойынша Гран-при иегерлері – Батыс Қазақстан облысының үкілеген үміті Санжар Дәукенов пен атыраулық дарабоз Дінмұхамед Нұрқабаевтар Мәскеу қаласында өтетін «КҚК – дарынды балаларға» атты халықаралық фестивалінде бақтары мен баптарын сынға салады. – «Каспий құбыр консорциумы» өз қызметін жүргізетін аймақтарға қолдау көрсетіп келеді. Компания жыл сайын әлеуметтік-қайырымдылық қызметі аясында облыстың әлеуметтік саласын дамытуға инвестиция салады. Бөлінген қаражат денсаулық сақтау, білім беру, балалар спорты, қала мен аудандар инфрақұрылымы салаларын қолдауға жұмсалады. Мәдениет саласындағы ауқымды жоба ретінде еліміздің шалғай аудандарындағы және ауылдарындағы дарынды балаларды қолдауға арналған «Jas tolkyn» жас таланттар байқауын айтуға болады, – дейді компания бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурсқа дейін қатысушылар танымал өнер майталмандарының шеберлік сыныптарына қатысып, жаңа дағдыларды үйренуге мүмкіндік алды. Байқауға қатысуға 600 өтініш түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан екен. Яғни, жоба сұранысқа ие. Баспасөз конференциясында сөз сөйлеген қазылар алқасының төрағасы Раиса Мұсаходжаева өнер бәйгесіне қатысқан ансамбльдерде қазақтың барлық ұлттық аспаптарының болғанын ерекше атап өтті.

– Бұрын оркестрге асатаяқ таба алмаған кездер болды. Ансамбльдердің орындау мәнері, аспапты меңгеру деңгейі анағұрлым өскен. Онлайн форматта өткен бірінші кезеңде 254 шығармашылық жұмыс келіп түсті. Бұл – 600-ден астам бала мен жасөспірім. Биыл осындай тамаша жобаны толыққанды форматта өткізу мүмкіндігіне ие болғанымызға қуанып отырмын. Өйткені, жобаның кішігірім тарихы «Jas tolkyn» жаңа есімдерді ашатынын көрсетті. Әр қатысушының таланты бар, бірақ оны дамытуға мүмкіншілігі жоқ. Олар үшін «Jas tolkyn» – үлкен шара. Мұқият дайындалады, көп жаттығады, костюмдерін тігеді, сахналық бейнелер ойлап табады…», деген қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Раиса Мұсаходжаева мұндай шараларадың жиі өтіп тұруы қажет екенін айтты. Әріптесінің сөзін жалғаған биші, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақова, әсіресе, ауылда жүрген дарынды балалардың талантын паш етуде керек байқау болғанын айтады.

«Осындай үлкен байқауға шет мемлекетке конкурстанттарлы алып барғаным есіме түсіп отыр. Бұрын ұшаққа мініп көрмеген жасөспірімнің қорқынышы мен қуанышын айтып жеткізе алмаймын. Мен біздің елде кез-келген әлемдік би ансамблімен бәсекелесуге болатын ансамбльдер барына қуаныштымын. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді ғой. Талантты ұл-қыздарды жарыққа шығаруымыз керек. Талантқа тұнып тұрған жастарымыз көп,- дейді ол, – талапкерлердің өнер әлеміне жайдан жай келмегендіктерін дәлелдеуге талпыныстары ерекше байқалды. Орындау шеберлігінен бастап сахнаға киіп шыққан костюмдеріне дейін бір нәзік талғампаздық көзге ұрып тұрды». Би ханшасы КҚК ұйымдастырған шараны жоғары бағалап, дәстүрге айналып, «жалғасын тапса» деген тілегін жеткізді. – Мені өнер мектебіне алып келген анама алғысым шексіз. Алғашында скрипка, қобыз аспаптарына қызығып жүргенмін. Жетігенді қолыма алғаннан бастап, оған деген қызығушылығым ерекше болды. Оның әр ішегінен төгілген нәзік үні жүрегімді елжіретті. Болашақта елімнің атын, ұлттық аспап – жетігенді әлемге танытқым келеді. Арманым – жетігеніммен жер жүзін шарлап, шет елдердің додаларында топ жару, – дейді өнер додасының бас жүлдесін жеңіп алған Аслима Шакхат.

Ал, исатайлық «Ақ қайың» би ансамблінің кіші тобы талай сайыстарда топ жарып жүр. Бүгін де көптің арасынан ерекшеленіп, байрақты бас жүлдені иеленді. Ансамбль жетекшісі Қамажай Заинованың айтуынша, түрлі ұлттың биін билеп жүрсе де, қазақтың ұлттық биіне басымдық береді екен. Ансамбльде 100 шақты биші бар. Олар үш топта өнер көрсетеді.

«Барған байқауларда бас жүлдені қанжығамызға байлап жүреміз. Бүгінгі додада балаларымыз жарысып та, қалаға келіп демалып та қалды. Алда үлкен дайындық күтіп тұр», – деген ансамбль жетекшісі шет елге шығып, өнер көрсетулеріне мүмкіндік беріп отырған «Каспий құбыр консорциумы» акционерлік қоғамына алғысын жеткізді.

Бұл байқауда сан ғасырлар өтсе де сыры мен сынын жоғалтпай, саф алтындай с ақт а лып келген халықтық асыл мұра – дәстүрлі музыка жаңғырды. Үш күнге созылған фестивальдің гала-концерті мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков пен «Каспий құбыр консорциумы» акционерлік қоғамының бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профе ссор, қазылар алқасының төрағасы Раиса Мұсаходжаевалар сөз сөйлеп, өнер додасының дарабоздарын марапаттап, жылы лебіздерін білдірді. Сөйтіп «жас толқындық» сайыпқырандар бар өнерлерін паш етіп, сахна төрін сазға бөледі. Алдымен М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Рахымның «Қазағымай» туындысын орындаған «Jas tolkyn – 2019» конкурсының бас жүлдегері, Мәскеу қаласында өткен «КҚК – дарынды балаларға» атты халықаралық фестивальдің бірінші орын иегері Дана Мажитова жұртшылықтың жүрек тамырын жібіте түсті. Бүгінгі кеште байқау лауреаттарымен қатар әділқазылар алқасының мүшелері де өнер көрсетті. Аст ана қа ласының «Шабыт» ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің деканы, алқа мүшесі Марат Нукеев және «Jas tolkyn» байқауының «Аспаптық жанр» бойынша лауреаттары Әділет Естаев, Руслан Қажмұратов және Айда Қисметова, Әлқадыр Шақақов, Әміржан Байжановтар «күй тартысып», көптің көңілін бір серпілтіп алды. Әдебиеттерде терме-жырдың құдіреті халықтың рухани емі, насихат құралы ретінде жоғары баға береді. Ал, жыр-термені нақышына келтіре тыңдарманға жеткізу шығармашылық шеберлік пен кең тынысты дауыс ырғағын қажет етеді. «Дәстүрлі әншілер шеруінде» – қазылар алқасының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Қайрат Кәкімов және «Жас толқын -2022» «Дәстүрлі ән» номинациясының лауреаттары Әбіш Жансейіт, Әмина Асгатова, НұрсезімГүлсезім Дайыровалар мен Айнұр Омаровалар көпке әдемі әсер қалдыра білді. Өнерде шекара жоқ. Өнерде тіл жоқ. Rossiniдің «Ditantipalpitiсын» жүрекке жеткізген халықаралық конкурстардың лауреаты, опералық әнші, Қазақ Ұлттық өнер университетінің халықаралық шығармашылық бөлімі басшысы, алқа мүшесі Батыржан Смаков жиналғандардың жанын еріксіз жадыратып жіберді. Өйткені, классикалық туынды өнер атаулының төресі саналады. Жас таланттардан құралған «Еркелер» және   «Шұғыла» би ұжымдары да мың бұралып, ырғақтармен астасқан әсем билерімен көрерменнің көз қуанышына айналып отырды. «Аспаптық жанр» ансамбльдері арасында бас жүлдені жеңіп алған «Құлан саз» фольклорлық ансамблінің өнері шараны шат-шадыман ете түсті. Ал, гала-концерттің қонағы, халықаралық Түрквижн байқауының жеңімпазы, «Жыл таңдауы» марапатының иегері, «Stars of Asia» байқауының жеңімпазы Бейбіт Көшқалиев пен «Hellcats» би тобы жерлес ақын Е.Қарақойшының «Лауласын» орындап, өнерсүйер қауымның рухын асқақтатты. Жүректен шыққан шығармалар жүрекке жетті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз