Атырауда «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өтті (+ФОТО)

MIRU8884 Жаңалықтар

Atr.kz/10 шілде, 2019 жыл. Ұлттық домбыра күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолөнер шеберлері арасында «Үкілі домбыра»  республикалық байқауы өтті.

 Байқау домбыраның әуендік, әуездік жоғары мүмкіндіктерін анықтау, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сан ғасырлық тарихы бар саз аспаптарын жасау өнерін жандандыру және насихаттау мақсатын көздеді. Жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін арттыру да басты талап болды.

Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында домбыра жасау шеберлері сайысында жүлделі орындарға ие болған 30 үміткер қатысты. Өнер додасында домбыраның үні таза, тембірі жұмсақ,  құлаққа  жағымды, ішектің тербелісі жиі болуы, дыбысының неғұрлым алысқа жетуі, бет қақпағының жаңғырығы мол болғаны, басы мен аяғы бірдей «сөйлеуі», сырт пішіні эстетикалық тұрғыдан әсем және үйлесімді болуы  секілді барлығы 7 түрлі талап қойылды.

MIRU8921

Сондай-ақ, музейдің «Этнография» және «Өлке табиғаты» залдарында қолөнер шеберлерінің домбыра жасаудан шеберлік сағаттары және тері, ағаш бұйымдарынан көрме жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

      Екі күнге созылған байқауҚұрманғазы атындағы мәдениет сарайында мәресіне жетіп, жеңімпаздарды марапаттау шарасы өтті. Алматы қаласының тұрғыны Әсима Иманғалиева бас жүлдені жеңіп алды. Алматылық Азат Үзенбаев  І орынды иеленсе, оның жерлестері Талант Тежекенов пен Әсет Исекеев екінші орынмен марапатталды. Ал, ІІІ орынды қызылордалық Мейірбек Ділманов, алматылық Ғани Жұмабаев және шығысқазақстандық Ерасыл Уалиев иеленді. Барлық жеңімпаздардың домбыралары музей қорына қабылданды.

Сая ҒАЗИМОВА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейі директорының орынбасары

MIRU9550 1
 
 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз