Жарнама
Мәдениет

«Соңғы үкім» фильмі кинотеатрда көрсетіледі

Қазақтың ұлы гуманист-күрескері Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильм жарыққа шықты. Толықметражды тарихи драма  Ақаңның сұлу да қасіретті тағдырының мәлім-беймәлім қырларын паш етеді.

Мамырдың 23-інен бастап еліміздің кинотеатрларында «Соңғы үкім» толықметражды көркем фильмі көрсетіледі. Бұл фильм бар білімі бастауыш мектеп мұғалімі ғана, бірақ Россия империясы мен Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған білімпаз қазақ зиялыларының  алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған әзіз тұлға туралы. Туынды ана тілінің  қыр-сырын танып, жоқ жерден терең ғылым жасаған, сол тілді туған елінің өнер-білім игеріп, озық жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге бар білігі мен қайратын жұмсаған  ғажайып ғалым туралы. XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны өздеріне тең тұтқанмен, ол мұғалім деген сөзді өзі үшін ең құрметті атақ деп білді.

Қарапайым ауыл мұғалімі өз елінің теңдігі мен хақысын талмай жоқтаған күрескерге, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтқанда, «Өз сенімінің қайтпас қайсар пайғамбарына, алғашқы ұлт газеті «Қазақтың» редакторы һәм негізін қалаушы, шығарушысына» қалай айналды? Күрестің зорлықтан тысқары, бейбіт жолын ұстанған ізгінің алты рет абақтыға қамалып, екі мәрте жер аударылып, екі рет өлім жазасына кесілуінің сыры неде? Қандай ғұмыр кешті, неге сенді, нені көкседі, достары кім еді, не үшін күйді, қалай сүйді? «Соңғы үкім» кинотуындысы осыны өзек етеді. Көрерменнің көз алдында ұлы тұлға өмірінің ең бір қияпатты бұрылыс-бұрмаларынан елес беретін көріністер тіріледі. Басына небір қиындық түскенмен, аласапыран заман тезінен адамшылық қалпын айнымай өтіпті.  Фильм

«Мен өлсем де, өлемін жөнімменен,

Тәннен басқа не алар өлім менен?

Өлген күні апарып тығары – көр,

Мен жоқ болман көміліп тәнімменен», —

 деп өткен қайран Ақаңның ақтық демі үзілер шаққа дейін жалғасады.

Кинотуындыны республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Folklore media студиясы түсірді.

Фильм Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарының жерінде түсірілді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button