БҰЛБҰЛ ҮНДІ БАҒЛАНОВА

Дүлдүл  әнші  рухы  халқымен  қайта  қауышуда

 

Қазақтың сопрано дауысты әншісі, КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланованы білмейтін жан кемде-кем. Роза Тәжібайқызы өмірінің жетпіс жылын сахнада өткізіп, әлемнің 54 елін аралап, талантымен халықты тәнті етті. Бүгінде әншіні елі ұмытқан жоқ. Республиканың түкпір-түкпірінде аты аталып, рухына тағзым етілуде. Роза Бағланова өмірден өткен соң Алматы, Астана, туған жері Қызылорда қаласында еске алу кештері өткізілді. Халықтың өтініші бойынша Атырау қаласында да әншіні ұлықтау мақсатында қайырымдылық концертін өткізу жоспарланып отыр.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің  жарық жұлдызы Роза Бағланова 1922 жылы Қызылорда облысында туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Оның шығармашылық жолы Ұлы Отан соғысы жылдары басталды. 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі Жеңіс концертіне қатысқан. 1947-1949 жж. Абай атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қызмет етеді. 1949 жылы Бухарестте өткен бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің II фестивалінің лауреаты атанды. 1949-1960 жылдар аралығында Жамбыл атындағы республикалық филармонияда жұмыс істеді. 1960 жылдан «Қазақконцерттің» әншісі болған. Роза Бағланова сирек талант, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Р.Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі туындыларды үйренеді екен. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауында тыңдау ләззатына ештеңе тең келмейді.

Табиғат берген таңғажайып даусымен, тамаша орындаушылық шеберлігімен, азаматтық және отансүйгіштік асыл қасиеттерімен халқымыздың ерекше құрметі мен махаббатына бөленген оның орындауында кез келген әлем халықтарының әндері өзгеше құлпырып, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын. Роза Тәжібайқызы Ұлы Отан соғысы жылдарында да майдан даласын аралай жүріп ән шырқап, жауынгерлерді ерлікке жігерлендірген. Аты аңызға айналған әншінің орындауындағы шығармалар Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, бірнеше рет күйтабаққа жазыл-ған. Әсіресе, «Әдемі» (Әні Е. Хасанғалиевтікі, сөзі Ә. Тәжібаевтікі), Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М.Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндерін халық әлі күнге дейін радионың алтын қорынан тыңдап келеді.

Әншінің көзі тірісінде құрылып, негізі қаланған қайырымдылық қоры бүгінде Роза Бағланова мұрасын халық арасында насихаттап жүр. Қайырымдылық қорының жұмысын қазір Роза Тәжібайқызының қасында өнер қуып, жиырма төрт жыл бойы бірге жүрген ҚР Мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов жалғастырып отыр. Қайырымдылық қорының бас менеджері Қуаныш Өтешұлы белгілі әншінің 1992 жылдан 2007 жылға дейін продюсері де болған. Жезтаңдай әншінің кезінде айтқан ақыл-кеңестерін де жадынан мәңгі шығарар емес. Атырауға келген сапарында Қуаныш Өтешұлы біздің редакцияға арнайы бас сұғып: «Осы естелік газет бетінде жарияланса, батыс өңірінің түкпір-түкпіріне Роза Бағланова туралы тағы бір әңгіме тарар, әнші рухы ұлықталар, есімі жаңғырар еді», – деп өтінішін білдірген-ді. Қуаныш Әбдіқалымов атақты әнші жайында әңгімесін былай өрбітіп еді:

– Кеңес кезінде әр бригада жоспармен жұмыс істейтін. Тоқсанына 57 концерт қойылса ғана, жоспар орындалдыға саналып, толық жалақы төленетін. Ауа райының қолайсыз сәттеріне де қарамай, межеге жетуді басты мақсат еткен Роза Бағланова да екі жарым ай ел мен жерді аралап, концерт қойып, арасында жиырма шақты күнін ғана үйде өткізіп отырды. Бұл – өнерге деген сүйіспеншіліктің нақ өзі болса керек. Кәсібіне шын берілген адам ғана осылай жұмыс істейтіні белгілі, – дейді ол.

Арманы тоқсан жасқа жетіп, сахна төрінде көз жұму еді. Бірақ, өкінішке орай, межеге шамалы уақыт жете алмады. Әншіден талай жақсылық пен мейірімділіктің нұрын көрген азамат Қуаныш Өтешұлы соның қайтарымы ретінде қайырымдылық концерттері мен еске алу кештерін ұйымдастыруды өзінің парызы санайды: «Қазір зейнетке шықсам да елдің ақсақалдары өтініп шақырған соң, сөздерін жерге тастамай, Көкшетау, Петропавл, Қостанай қалаларына барып, халықтың «ерке қызын» еске алдық. Міне, Атырауда да тағылымды кеш өткізуді жоспарладық».

 1967 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін өнер саласында жүрген продюсердің тағылымы мол, тәжірибесі көп. Қазақконцерт ұжымында табан аудармай қызмет етіп, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришат, Мүсілім Абдуллиндер, Ермек Серкебаев сынды Халық әртістерінің концерттерін де өткізген көрінеді. Ал, жиырма жылдан астам Роза Тәжібайқызының қасында жүрудің өзі кез келген жан үшін зор мақтаныш емес пе?!

ТҮЙІН:

 Сандуғаш үнін сағынатын елі барда Роза Бағланованың аты өшпейді. Ғасыр әншісінің ғажайып мұрасын Қуаныш Әбдіқалымов ағамыздай келер ұрпаққа насихаттау, жастарға үлгі ету баршамыздың ортақ міндетіміз болса керек.

 Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жұма күні, яғни, 17 қазанда Роза Бағланованың еске алу кеші Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында сағат 19.00-де өтпекші. Оған Қазақстан Республикасының Халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Сара Тыныштығұлова, ҚР Мәдениет қайраткері Құрмаш Маханов қатысады деп күтілуде. Кеш барысында Роза Бағланованың орындаған әндерімен әнші туралы арнайы бейнефильм көрсетіліп, естеліктер айтылады. Бұдан кейін бұл игілікті іс Батыс Қазақстан облысында жалғасын таппақ.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз