ШӘМШІ ӘНДЕРІ МАХАМБЕТТЕ ШЫРҚАЛДЫ
Ауданымызда қонақта болған Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымының аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламасы шымылдығы «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Адай» күйімен ашылды. Бұдан соң оркестр Ермұрат Үсеновтің «Шәмші дастан» шығармасын, Мұзафар Әлімбаевтың «Ақмаңдайлым» әнін бірінен соң бірін орындады. Қазақтың музыка өнерінде Шәмші ағаның орны ерекше, оның 300-ге жуық әні бар. Ел аузында жүрген «Сағынышым менің», «Сыған серенадасы», «Қара көз», «Бақыт құшағында», «Ақ ерке-Ақ Жайық», «Ол жалғыз, біз екеуміз», «Әнім – сен едің» әндерінен орындалған попурриіне халық ерекше ықылас білдірді.
ҚР Мәдениет қайраткері Есіркеп Жолдасовтың дирижерлығымен сазгердің «Отырардағы той», «Теріскей», «Қарқаралы» таңғажайып тамаша әндерімен қатар, Құрманғазы бабамыздың «Махамбет» күйінің күмбірі көрерменді ерекше сезімге бөледі.
Алпыс жылдық тарихы бар филармонияда бүгінде 230 адам еңбек етуде. Мұнайлы өлкеге ұжымның 100-ге тарта өнерпазы келіпті. Оның ішінде құрамы 50 адамнан тұратын «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, тоғыз адамдық «Тұмар» фольклорлық ансамблі, ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Тәженова бастаған бір топ әнші және республикалық «Аймақтар аламаны» додасында бас жүлдені иеленген «Қазына» би ансамблі бар.
Концерттік бағдарлама соңында сөз алған Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев қонақтарға алғысын жеткізді.
Балнұр САПАРОВА.