КҮЙ ОЙНАЙДЫ ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҚАНЫНДА…

 022Кеше мың адамдық оркестр Атырау аймағын дүбірге бөледі
Кеше тарихы тереңде жатқан, қойнауы құтқа толы Атырау өңірінде дүбірлеген өнер тойы өтті. Адамзат мәдениетіне күй атты теңдессіз мұра қосқан қазақ халқының аса көрнекті күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына орай өткен республикалық күй фестивалінде мың кәсіби өнерпаздан құралған оркестр өнер көрсетті. Оған еліміздің Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан, Ресей елінің Астрахан облысынан келген «Атамұра» ансамблі және Атырау қаласы мен облыс аудандарының өнерпаздары қатысты. Құрманғазы бабаның халық арасында кеңінен танылған оннан астам белгілі күйлерін мың өнерпаз бір уақытта орындап, Жайық-Каспий атырабын күмбірлеген күйге бөледі.

«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ БАРДА ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ ЕСІМІ МӘҢГІ ӨШПЕЙДІ»

 

Күй шеруі басталмас бұрын ұлы күйші Құрманғазының күйлері күмбірлеп, фестиваль қатысушылары таныстырылды. Фестивальға қатысушы өнер ұжымдарының есімдері аталып, олар стадион алаңын шеру жасап айналып, көрермендермен амандасқан ізет танытты. Өнерпаз ұжымның алғашқы легін Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанас Бекентұров, заманымыздың заңғар күйшісі Қаршыға Ахмедьяровтың ұлы Ерболат Ахмедьяров бастап жүрді. Салтанатты шараға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, күй фестиваліне қатысушыларға «қош келдіңіздерін» айтып, тілегін білдірді.
– Құрметті қала қонақтары! Қадірлі өнерпаздар мен көрермендер! Бүгін сіздер мың адам қатысатын ұлт-аспаптар оркестрінің өнерін тамашалайсыздар. Киелі күй елі – Атырауға қош келдіңіздер! – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөйлеген сөзінде.
– Зобалаңға толы заманның жалынына күй құдіреті, күй атасы Құрманғазы да шарпылды. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Бұқтым-бұқтым», «Арба соққан» күйлері – Қазақ елінің басына түскен алмағайып аласапыран кезеңнің хал-күйіне, тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, әлеуметтік-психологиялық жағдайларға жарқын айғақ бола білді.
Құрманғазы бабамыздың шығармашылығына Ізмұхамбетовтер отбасының да қатысы бар екенін мақтанышпен айтып жүремін. Мәселен, фестивальде ойналатын Құрманғазының «Көк ала ат» күйін алғаш нотаға түсіріп, бүгінге жеткізген менің анам Әсима Қалиқызы болатын.
Әлемдік музыка мұрасынан орын тапқан Құрманғазы бабамыздың шығармашылығы ғасырдан-ғасырға ұласып, күй құдіретін түсінетін ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын.
Ел тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай жаңалықты Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін арнайы мамандар келіп, қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Құрманғазының құдіретті күйлері жайында «Қазақ халқы барда Құрманғазының есімі мәңгі өшпейді» деген болатын. Қазақ халқын әлемге танытқан Мемлекеттік рәміздерімізбен қатар тұратын Құрманғазы күйлерінің де мәртебесі асқақ. ХIX ғасырда дүниеге келген дәулескер күйшінің бүгінде сақталған жетпіске жуық күйін көпшілік жақсы біледі. Қай-қайсысынан да күйшінің замана қасіретін, қоғам шындығын жан-жүрегімен толғағаны анық білініп тұрады. Әсіресе, Исатай мен Махамбет көтерілісіне арнап шығарған ең алғаш¬қы «Кішкентай» күйінен бастап, «Кісен ашқан», «Түр¬меден қашқан», «Көбік шашқан», «Қайран шешем», «Кедей зары», «Қы¬зыл қайың – Серпер», «Адай», «Сары¬арқа» тәрізді күй¬лерінен қазақтың бол¬мысымен, арман-ойымен ті¬ке¬лей астасып жатқандығын көруге болады.

КҮЙ ҚҰДІРЕТІ
ТАНЫЛҒАН КҮН

Атырауда өткен мың адамдық республикалық фестиваль Құрманғазы бабамыздың күрделі күйлерінің бірі – «Серпермен» ашылды. Оркестрге Атырау облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Қамалиденов дирижерлік жасады. Қаншама иілтсе де, еңсесін басса да сынбайтын, мойымайтын, қайта серпіп, бұрынғы қалпына келе беретін, болаттай берік халықтың қайыспас ерекше ерлігіне арналған күйшінің бұл күйі мың өнерпаздың орындауында өте сәтті шықты.
Зерттеу деректерінде күйшінің Астрахан түбіндегі Сақма елді мекеніне 1880 жылы қоныс аударғандығы айтылады. Туабітті дарынды тұлға бұл ортада өнерімен ерекшеленеді. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов сынды мирасқорларын жанына жинап, сүйікті күйін күмбірлетеді. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Сүгірәлі, Тоғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері де күйсіз өмір сүре алмайтын Құрманғазыны көріп, ұстаз тұтқан.
Өнер адамы дарынды шәкірттерімен ғана бақытты болатыны белгілі. Сол себепті, көпшілік Құрманғазыны бақытты өнер иесі деп бағалайды. Өйткені, күйшінің негізгі орындау ерекшелігі күрделі күйлері біздің заманымызға шәкірті Дина Нұрпейісова арқылы жеткен. Фестиваль барысында күй анасының да «Әсем қоңыр» деп аталған шығармасы әуеледі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Құрманғазы күйлерінің өзіндік шығу тарихы бар. Мысалы «Саранжап» күйі қалмақ батырына арналған болса, қуғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын «Алатау» және «Сарыарқа», «Көк ала ат» күйлері арқылы жеткізген.
«Саранжап» күйі фестивальда Батыс Қазақстан облыстық Дәулеткерей атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетовтің, «Алатау» күйі Ақтөбе облыстық А.Жұбанов атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қайырғали Қожанбаевтың, ал, «Көк ала ат» деп аталған шығармасы Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжі оркестрінің дирижері, республикалық конкурстардың лауреаты Ержан Қитаровтың дирижерлік етуімен халыққа тарту етілді.

ЕЛБАСЫНА
АРНАЛҒАН
ШЫҒАРМА

Қазақ өнеріне өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор-күйші, жерлесіміз Шәміл Әбілтайдың Елбасына арнап шығарған «Қазақстан – Нұрсұлтан» деп аталған шығармасы Атырау жұртшылығы алдында алғаш рет орындалды.
Бұл күйді жарыққа шығару үшін Шәміл Әбілтай жеті жылын арнаған екен.
– Өткен жылы 1-желтоқсанда, – дейді композитор, – тұңғыш Президент күні мерекесіне арналған салтанатты шара «Қазақстан – Нұрсұлтанмен» ашылып, жұртшылықтың құлағына жетті. Ал, шығарманың еліміздің әр өңірінен келген мықты мың дүлдүлмен бірлесіп орындалуы авторға Алланың берген бағы деп есептеймін.
Концерттердің беташары ретінде орындалатын Түркештің бізге жеткен «Көңілашар» күйі де бұл фестивальда мың адамдық оркестрдің ойнауында, Қарағанды облыстық академиялық Тәттімбет атындағы оркестрдің бас дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері Ерлан Бақтыгереевтің дирижерлігімен көпшілікке ұсынылды.
Құрманғазы қазақтың күй өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосса, қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған Нұрғиса Тілендиевті атамай өтуге болмайды. Бес жүзден астам музыкалық төл туындылардың авторы атанған Нұрғиса Тілендіұлының «Көш керуен», «Ата толғауы», «Махамбет» симфониялық поэмасы мың адамдық оркестрдің орындауында дүбірлеген тұлпардың тұяғындай үдере көшкен, бірде айдын көлде қалықтаған аққудың дыбысындай бәсеңдеген дыбыстарды алып келді. Аталған күйлер орындалғанда дирижерлер Ерлан Бақтыгереев пен Қостанай облыстық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері Берік Оразалиннің мың өнерпазға бірдей таяқшадан таралған тылсым күшін шынайы шеберлікпен жеткізгенінің куәсі болдық.
Құрманғазы шығармалары ешбір күйге ұқсамайтындығымен ерекшеленеді. Мұны музыка зерттеушілері де кезінде таңданыспен айтқан. Дина Нұрпейісова деректерде «Ұстазым домбыраны қайысша илейтін», «Құрманғазы орындаған кейбір күйлерін өз дәрежесінде жеткізе ал¬мадым», – деп айтқан. Құр¬манғазының өзі: «Менің оң қолымды, Ди¬наның сол қолын бір адамға берсе, шіркін!» деп, арман еткен деседі. Әрине, Құрман¬ға¬зының көп күйі бізге Динаның орындауы арқылы жетті. Мұның бә¬рі Құрманғазының си¬рек кездесетін музыкалық дарынды жан болған¬дығын аңғартады.
Құрманғазы Сағырбайұлын XIX ға¬сыр¬дағы орыс журналисі Никита Савичев: «Егер еуропалық білім алғанда, ол музыка әлеміндегі ең алып жұлдызға айналар еді», – деп бағалапты.

ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ БАСТАУЫ

Күйшінің шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, өрлеуіне Бөкей Ордасының Байжұма, Баламайсаң, Соқыр Есжан сынды атақты күйшілері үлкен ықпал еткен. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері, «Күй атасы» атанды.
Белгілі күйші Қаршыға Ахмедьяровтың ұлы Ерболат Ахмедьяров дирижерлік еткен «Балбырауын» күйі ел, Отан тақырыбымен астасса, ерлік рухында батырлар бейнесін ашатын «Кішкентай» күйі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Жанас Бекентұров дирижерлігімен мың өнерпаздың орындауында ерекше қабылданды. Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың «Би күйі» туындысына Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Нарын» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Орақ Жауыров жетекшілік етті.
Фестивальдың соңына қарай белгілі күйші, сазгер, музыканттардың орындауындағы «күй тартысы» көрермендердің жүрегіне жол тапты. Күй тартысқа Дина ананың ізбасары, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева бастап шықты. Кейін кезекпен еліміздің жеті облысынан келген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Батыс Қазақстан облысынан келген Ермек Қазиев, қарағандылық ҚР Мәдениет қайраткері Полатхан Тәшімов, Маңғыстаудан М.Өскінбаев атындағы республикалық конкурстардың жүлдегері Ғазиза Ұзақбаева, Ақтөбе өнерпаздары атынан қатысқан Қазанғап атындағы республикалық конкурстардың лауреаты Жайлау Асылханов, Атыраудан республикалық конкурстардың лауреаты Серік Әлібеков, алматылық өнерпаз, республикалық конкурстардың лауреаты Батыржан Мықтыбаев, халықаралық конкурстардың лауреаты, астаналық композитор-пианист Арман Жайымов күй құдіретіне берілгені соншалық, ерекше шабыттанып, көптің көңілін бір серпілтті.
Жеті облыстан қатысқан өнерпаздар әр өңірде дүниеге келген дүлдүл күйшілердің шығармаларын нақышына келтіре күмбірлетті. Соңында Орақ Жауыров дирижерлік еткен мың адамдық оркестр Құрманғазы бабамыздың «Адай» күйін орындаумен күй мерекесі мәресіне жетті.
Республикалық фестиваль кейін оркестрдің орындауында шоқтығы биік Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» симфониялық поэмасына ұласты. Оның дирижері Астана қаласы әкімдігінің ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі Айтқали Жайымов болды.
Фестиваль шымылдығы мың адамдық оркестрдің орындауындағы Қазақ елінің мақтанышына айналған «Сарыарқа» күйімен жабылды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған фестиваль өнер қайраткерлері мен көрермендердің де көңілінен шыққаны анық. Шара аяқталысымен өнер жанашырларының күй шеруі жөніндегі пікірлерін білуді жөн көрдік

.
ЕКІ ЕЛГЕ ОРТАҚ ТҰЛҒА

Жұмекен ҒАТАУОВ, Ресей елінен келген «Атамұра» ансамблінің домбырашысы:
– Құрманғазы атамыздың мәңгілік мекені Астрахан облысының Алтынжар ауылында бабаға арналған мәдени кешенде өнер көрсетіп келеміз. Қазақ жерінде ұйымдастырылған мұндай фестивальға қатысу – біз үшін, әрине, үлкен мәртебе. Табиғи қоңыр үнді домбыраның хас шеберлері, мықты күйшілер және қобызшылармен танысып, тәжірибе алмасып, қарым-қатынасымыз нығая түсті.
Ресей жерінде тұрып, өзіміздің ұлттық рухани құндылығымызды, қазақ өнерін насихаттау арқылы ұлтымызға, төл тарихымызға деген сүйіспеншілігіміз арта түсуде.

ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ ДЕГЕН – ОСЫ!

Жақсылық АҚБАЛОВ, ардагер ұстаз:
Бүгінгі таңда Құрманғазы күйлері қазақ халқының рухани және мәдени құндылығына айналды. Атырауда 1957 жылы сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов пен қазақтың әйгілі дирижері Нұрғиса Тілендиевтің ұйымдастыруымен 507 адамдық оркестр өнер көрсеткені белгілі. Олардың қатарында ауылда тұратын малшының, сауыншының балалары болды. Техника да жетіспеді. Бұл тарихи оқиға өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздегі ұлттық музыка өнеріне жасалған бетбұрыстың басы болды. Кейін сол өнерпаздар іріктеліп, майталман музыка мамандары атанды. Сол кезде өнерімен жұртшылықты тамсандырған бес жүзден астам адамнан қазіргі уақытта он шақтысының ғана көзі тірі. Бүгінгі шара – сол дәстүрдің тамаша жалғасы.
ҰЛТТЫҚ РУХТЫ АСҚАҚТАТТЫ
Файзолла ЖАҢБЫРОВ, зейнеткер:
– Бұл шара өтеді деп естігелі бері осы күнді асыға күттік. Дайындық шараларына да қатысып келдім. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнер адамдарының басын қосып, мың адамдық оркестрдің күшімен жасалып жатқан бүкіл қазақ халқының күй тойы өте жоғары деңгейде өтті.
Құрманғазы бабамыздың рухани дүниесін, елге қалдырған мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – өте құптарлық іс. Әрине, мың адамнан құралған оркестр жасақтау – дүниежүзілік маңызы бар шара, сондықтан, рекорд деп тануға да тұрарлықтай. Алайда, бұл шараны, ең бастысы, Құрманғазы күйлерінің құдіреттілігіне, дарындылығына, қазақты әлемге танытқан тұлғаның рухына деген тағзым деп білемін. Оның үстіне, мұның Құрманғазының кіндік қаны тамған жері Атырауда ұйымдастырылуы да өте орынды.
ЕЛ МЕРЕЙІН ТАСЫТҚАН КҮН
Еркін НҰРЫМБЕТОВ, Батыс Қазақстан облыстық Дәулеткерей атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі, бас дирижері:
– Бұл шараға Батыс Қазақстан облысынан елу өнерпаз келді. Өткен жылы оркестр 25 жылдығын тойлаған болатын. Өнерпаздардың денін жастар құрайды. Ел тарихында алғаш рет өткізіліп отырған шарада өнер көрсету олар үшін үлкен мерей деп білемін. Өйткені, оркестрдің құрамындағы өнерпаздардың есімі ел тарихында қалады. Сонымен қатар, әр кезең ұрпақтары басын қосқан оркестрден мол тәжірибе де жинақтадық.
Мұнайлы өлкеде ұйымдастырылып отырған осы шараға шақырту алып, қатысуға мүмкіндік туғанына жан-тәніммен қуанып, мың адамдық оркестрдің құрамында болғанымыз үшін өзімізді бақытты санаймыз.
ТҮЙІН
Шаттық. Қуаныш. Асқақтаған көңіл-күй. Бойға күш-қуат қосып, қайрат-жігер беретін күй құдіретімен сусындаған жұртшылық рухани өрлеу үстінде, фестиваль аяқталысымен орындарынан тік тұрып, оркестр ұжымына айрықша қошемет көрсетті. Соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов фестиваль қатысушыларына түгелдей Құрманғазы атындағы республикалық күй фестиваліне қатысқандығын растайтын тарихи құжат ретінде арнайы сертификаттарды табыс етті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ, Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
*Суреттер Ерлан Алтыбаевтікі.
«Атырау газеті» №62. 30 мамыр, 2013 ж.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз