СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ

Белгілі қаламгер, киноактер Сәтімжан Санбаев түскен кинолардың апталығы басталды 

Кеше Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда қазақтың көрнекті жазушысы, киноактер, жерлесіміз  Сәтімжан Санбаевтың туғанына 75 жыл толуына киноапталықтың салтанатты ашылуы болды. Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған бұл шараға өнерсүйер қауым өте көп жиналды.

Көрнекті жазушы, белгілі киноактер болған Сәтімжан Санбаев тірі болса, өзінің 75 жасын тойлап отырар еді. Даң-қты жерлесімізді еске алуға арналған киноапталықтың шымылдығы ол туралы түсірілген деректі фильммен ашылды. Фильмде елімізге белгілі қаламгерлер, өнер адамдары – Дулат Исабеков, Мұрат Әуезов, Мереке Құлкенов, Дүйсенбек Нақыпов және басқалары үзеңгілес азаматтың өмірі мен шығармашылығы туралы әсерлі әңгімелейді. Жүрек тебірентер естеліктер айтады.

Айталық, оның атақты «Ақ аруана» повесін жай оқи салу мүмкін емес. Онда қаншама ой, туған жерге, елге деген қаншама сағыныш жатыр. Еуропаның көптеген тіліне аударылған бұл шығарманың желісімен түсірілген фильм түрлі себептермен он бес жылдан кейін ғана экранға шыққан. Деректі фильмде бұл туралы сөйлеген кинорежиссер Виктор Пұсырманов: «Басқа адамдарды білмедім, ал, мен үшін бұл шығарманың орны бөлек болды. Неге десеңіз, мен балалар үйінде тәрбиеленген, өз туғандарымды білмейтін адаммын. Маған бұл фильм менің өз тағдырымдай әсер етті…» – дейді. Ал қазақтың қара сөзінің зергері, елге танымал қаламгер Мереке Құлкенов: «Талай жақсылар мен жайсаңдарды өмірге әкелген киелі Қызылқоға топырағы Сәтімжандай ұлымен марқаяды, оны сағына еске алады» – деді.

Деректі фильм аяқталысымен сахнаға Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев көтерілді. Ол өтіп жатқан шараның мән-маңызына тоқталып, жиналғандарды Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген мәртебелі меймандармен таныстырды. Ардақты азамат, елдің мақтанышы болған Сәтімжан Санбаевқа арналған шараларға сәттілік тіледі.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан өз сөзінде:

– Сәтімжан Хамзаұлы – Қазақстанға ғана емес, ондаған шет мемлекеттерге танымал тұлға. Ол кісінің оннан астам повесі дүние жүзінің отыздан астам елінде басылған. Осындай талантты қаламгер, киноактер былтыр өмірден өтті. Сол кезде біздің облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов еске алу кешін өткізсек деп жоспарлаған болатын. Енді, міне, сол күнге де жетіп отырмыз. Киноапталық басталды. Алты күн бойы Сәкең түскен фильмдер көрсетілетін болады.

Туған елім, жерім деп өткен қаламгер қызметінің ақысын сұрамаған, елі, туған халқы үшін еткен еңбегінің зейнетін дұрыс көре алмаған азамат. Ол осындай абзал азамат ретінде халықтың жүрегінде қалды, оның есімі ел есінен ешқашан кетпейді. Өйткені, оның өзі өмірден өткенмен, оның артында тамаша туындылары мен өзі түскен кинолары қалды, – деп, оның асыл жары – Светлана Мәуленқызына үлкен гүл шоғын табыстады. 

Талантты жазушы, аудармашы, актер, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы азамат Сәтімжан Хамзаұлы туралы жора-жолдастары, Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, ғылым докторы Серік Негимов, жан досы Алмас Жұмабековтер сөйлеп, естеліктер айтты. «Түйе малы – Мұхаммед пайғамбарымыздың ақ батасын алған мал, – деді олар өз сөздерінде. – Сондықтан, ол киелі, есті. Сәтімжан – жай жазушы емес, бейнегер жазушы. Оның «Ақ аруанасының» терең философиялық мәні бар, әрбір сөзі атан түйеге татиды. Халқымыз «Ай – ортақ, Күн – ортақ, Жақсы – ортақ» деген ғой. Ортақ жақсымыздың еске алу кешін ойдағыдай өткізіп жатқан сіздерге алғыс айтамыз!»

Бір апта бойына атыраулық көрермендер Сәтімжан Санбаев түскен «Балалық шақтың аспаны», «Дом у соленого озера», «Бауыр», «Необычный день», «Там, где, горы белые», «Батыр Баян» фильмдерін тамашалайтын болады.

Апталық аясында кеше кешкісін облыстық  музейде Сәтімжан Санбаевтың өмірі туралы көрменің тұсауы кесілді.

(Сәтімжан Санбаев және ол түскен кинофильмдер апталығы туралы газетіміздің келесі санында толығырақ жариялайтын боламыз).

 

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз