«ЖЫРЫМ ЖЕТСІН ЖАЛПЫҒА МӨЛДІРЕГЕН БҰЛАҚТАЙ…»

Мұнайлы  астанадағы  тұңғыш   жыраулар  сайысы

Жексенбі күні Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен тұңғыш рет облыстық жыраулар сайысы өтті. Сайысқа «Теңізшевройл» ЖШС демеушілік көрсетті.

 Шараның беташар сөзін айтып, қатысушыларға сәттілік тілеген аталмыш кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев халық өнерін насихаттауда компанияның қолға алған жұмыстары туралы баяндады.

Айтыс өнерін насихаттауға «Теңізшевройл» ЖШС үнемі қолдау білдіріп келеді. Енді жыраулық өнерді дамытуды алғашқы болып қолға алып отырмыз. Өңір тарихында талай мықты жыраулар болғанымен, бұл өнер кенже қалып қойғаны жасырын емес. Себебі, өзге облыстарда жыраулық өнер даму үстінде, әртүрлі жыр сайыстары ұйымдастырылып, жастарды тәрбиелеп, халықтың ең қымбат қазынасы – ұлттық өнердің өшуіне жол берілмеді. Осыған орай Атырауда ұлттық өнерді жандандыру басты мақсатымыздың бірі деп есептейміз, – деді ол.

Ал, белгілі жырау Тұрлан Бисенғалиев өз өнерімен сахна шымылдығын ашып, жырдан шашу шашты, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жыраулардың бұл дүбірлі сайысына қатысқан он екі жырау тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды. Жыршылар сөз алысымен өздерін өлеңмен таныстыра келіп, Қашағанның, Нұрымның, Шернияздың, Шынияздың және басқалардың ел аузында кеңінен тараған шығармаларынан үзінділер айтты. Атырау топырағында туып, өсіп-өнген Шернияз, Шынияз, Нұрым жырау, Досжан ақын, Махамбет және т.б. салып кеткен өнердің әлі де ізі суымағандығын байқатты. Жыраулардың шығармаларындағы ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын жеткізді. Ал, жыраулық өнерге шөлдеген қалың көрермен жыраулар сайысын көре отырып, қазақ жырының өлмегендігінің, ел ішінде талай өнерпаздың жүргендігінің куәсі болды.

Сайыскерлердің өнеріне, сөзге шеберлігіне, дауыс ырғағына баға берген қазыларға жеңімпазды анықтау оңай соқпады. Айта кетсек, қазылар құрамында ақындар, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Жеңіс Аронов пен Бекет Қарашин, Орта Азияға белгілі жырау Тұрлан Бисенғалиев, облыстық мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының директоры Баязи Әбдешев және Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлде қоры – 1 миллионнан астам  теңгені құрады. Сайыс қорытындысында Нұрым Шыршығұлұлының, Қашағанның, Шынияздың жырларын домбырамен орындаған жылыойлық жырау Қожахмет Ниязов бас жүлдені иеленіп, 300 мың теңгені ұтып алды. Ал, бірінші орынды жеңіп алған Нұржан Сағынаев 200 мың теңгеге қол жеткізді. Ал, ең алдымен, өзін-өзі таныстырудан бастаған атыраулық Манарбек Дәулетов пен исатайлық Перизат Сапаева екінші орынды өзара бөлісті. Оларға берілген сыйақы көлемі – 150 мың теңге. Перизаттың орындауындағы Шынияздың Мақаш әкімге айтқан жыры қазыларға ерекше әсер қалдырса керек. Өйткені, сахнада өнер көрсету арқылы жас өнерпаз тарихты да көз алдымызға әкелгендей болды. Жүлделі үшінші орын және 100 мың теңге қаржылай сыйақы үш сайыскерге бұйырды. Олар – Фатима Тұрниязова, Айнаш Забиханова және Болатбек Құбашев.

Бұл сайысты өткізу жөнінде Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалынан ұсыныс келіп түскенде, шындығын айтқанда, үрей болды, – дейді мұнай компаниясының бас менеджері Р.Артығалиев бізге берген сұхбатында. – «Атырау өңірінде заман шындығын өзінің ақылды, жалынды сөзімен тебірене жырға қосып, домбыраның үнімен жеткізу өнерін ұмытпаған жыраулар қалды ма екен?» деген сұрақ туындады. Ал, бүгін бұл сауалымызға жауап алып, ұлттық өнер әлі де өз күшін жоймағандығын көріп, қуанып отырмыз. Мұны әлі де дамыту керек, қолдауды аямауымыз қажет. Жыраулар сайысын өткізу де енді дәстүрге айналмақшы.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз