Жарнама
Мәдениет

«ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН ҰЛЫ ЖЕҢІС»

Екі күнге созылған өнер аламаны Атырау жұртына зор рухани серпіліс, ерекше көңіл-күй сыйлады. Өнер кешінде театрда ине шаншар орын болмады. 5-6 сағат бойы аяғынан тік тұрып тыңдаған көрермендер сөз өнеріне шын мәнінде шөлдеп қалғанын байқатты.

Айтысты белгілі ақын, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізсе, қазылар алқасына Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сонымен қатар, әнші, сазгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев, әнші, сазгер Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекболат Тілеухан, белгілі айтыскер, филология ғылымдарының кандидаты Мэлс Қосымбаев, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев қазылар алқасының мүшелері болды.

Айтысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен келген сөз өнерінің 27 майталманы жарысқа түсті. Олардың арасында талай жүлдеге ие болып жүрген Қарағандының белгілі ақыны Мақсот Ақанов, Жетісу өңірінен өмірден ерте озған Оразалы ақынның туысы Болатбек Оразбаев, Шымкенттің атақты ақыны Бекарыс Шойбеков,  Алматыдан Еркебұлан Қайназаров, Семейден Әсем Ережепқызы, Астанадан Мейірбек Сұлтанхан, Ақтөбеден Аян Сейітов, Қытай Халық Республикасынан Зура Шаймұрат және басқалар болды. Сонымен қатар, Атыраудан Шалқарбай Ізбасар, Өнербек Дәулекенов, Аманкелді Панабердиев, Салауат Исахаев, Сырымбек Сәрсембаев, Әсел Таушанова осы додаға тұңғыш рет қатысты.

Жыр кешін Жүрсін Ерман ашып, бұл айтыстың Атырауда өтуі тектен-тек емес екенін атап айтты.

— Ұлы Отан соғысы кезінде соғыс өртінің шарпуы тиген екі облыс болса, оның бірі Атырау еді. Екіншіден, осы шараның ұйымдастырылуына «Нұр Отан» партиясы мұрындық болса, облыс әкімі тікелей қолдау жасады. Бақтықожа Салахатдинұлы осыдан бірнеше ай бұрын айтысты Атырауда өткізуді және оған атыраулық ақындарды қатыстыру жөнінде қолқа жасады. Себебі, Атырауда ұзақ жылдардан бері айтыс өтпепті. Ендеше, әкімі ақынын іздесе, оларға жанашыр болса қандай кедергі бар. Біз осында арнайы келіп, айтысқа қатысатын атыраулық ақындарды іріктеуге қатыстық. Міне, сол көптен күткен шараның бүгін басталар сәті туды. Сондықтан, осы шараны теледидар арқылы көретін миллиондаған көрермен атынан облыс әкіміне шын жүректен алғыс айтамын. Облысты басқаратын азаматтардың бәрі осы Бақтықожа Салахатдинұлы сияқты өнерге, мәдениетке қамқорлық жасаса, қазақ руханияты қағажу көрмес еді, — деді ол.

Бұдан кейін облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы сахнаға көтеріліп, қонақтарға Атырау жеріне қош келдіңіз айтты.

— Қазақ халқына ғана тән өнердің ішінде айтыстың орны тым бөлек. Себебі, адам ойындағысын сол бойда жырға қосу қанға біткен ерекше қасиет арқылы дариды. Әсіресе, соңғы жылдары айтыс өнері үлкен деңгейге көтерілді. Сондықтан біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Атырауда айтыс өткізуді жөн деп таптық. Бұл ұсынысты «Нұр Отан» партиясы қолдады. Екіншіден, соңғы он жылдан бері Атырауда айтыс өтпеген, халық бұл өнерді қатты сағынды. Оны бүгінгі зал толы көрерменнен де байқауға болады. Біздің бүгінгі мақсатымыз –сол айтысын сағынған халықты өзінің төл өнерімен қайта қауыштыру. Күні кеше ғана Қазақстан халқы Президентін қайта сайлап, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа 97.7 пайыз дауыс берді. Ел ерекше мереке, рухани серпіліс құшағында. Ендеше, сол көңіл- күй бүгінгі аламан айтыспен жалғассын, – деді ол.

Алғашқы сәттен бастап айтысқа қатысушылардың көмейінен сөз маржаны төгілген, әрбір сөзі әдемі ұйқастармен өрілген, талай биіктен көрінген тарландар екені бірден байқалды. Әсіресе, жетісулық Болатбек Оразбаевтың жас та болса түйдектете төккен жырлары көңілдерге керемет жол тауып жатты. Ал, қарағандылық Мақсат Ақановтың айтыс өнерінің мәдениетін керемет меңгергені көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, оның су басқан Қарағандыға Атыраудың көмекке алғашқы болып жеткені, сол үшін халықтың алғысын алып жеттім дегені жақсы әсерге бөледі. Бұл айтыстағы астаналық студент, 23 жастағы Мейірбек Сұлтанханның сөздері де, ой айтуы да, оның болашағынан зор үміт күттіреді.

Көрермендерді Қытайдан келген ақын қарындасымыз Зура Шаймұраттың өнері ерекше тәнті етті. Ол залға басқа елдегі қандастарымыздың ғажайып сағынышын алып келгендей әсер қалдырды. Ал, Бекарыс Шойбеков Атыраудың батыр ұлдары мен қыздарын жырға қосқанда тебіренбеген жан қалмады. Әрине, көрермендер атыраулық ақындарға зор көңіл аударғаны анық. Екінші турға жерлестерімізден Шалқарбай Ізбасар, Амангелді Панабердиев, Әсел Таушанова шықты. Бірақ, аузымен құс тістеген ордалы ақындардың қасында Шалқарбайдан басқа жерлестеріміздің «бір қайнауы ішінде» болғаны жасырын емес. Шалқарбай бұл айтысқа жақсы дайындалғанын екі турда да анық байқатты. Мысалы, оның қарсыласының:

«Сегіз сері дегенді естіп едім,

Семіз сері, мен сені алғаш көрдім» деген әзіліне «Атыраудың халқының бәрі осындай, мен олардан қалайша кем боламын», деп ұтымды жауап қайтарды. Бірінші турда жерлесіміз Әсел Таушанова жақсы әсер қалдырса, өкінішке орай, екінші турда қатты абдырап ойын жеткізе алмады. Мұндай кемшілік Амангелді Панабердиевте де болды.

Ақындардың кейде тақырыптан басқа жаққа кетіп қалған сәттері де аз болмады. Осындай бір сәтте Асанәлі ағамыз «Айналайындар, темадан ауытқымаңдар» деген ескертуі де орынды шықты.

Айтыс кезінде тағы бір таң қалғанымыз, залда жастар өте көп болды. Әншейінде жастар салт-дәстүрді түсінбейді, кітап оқымайды, әдебиеттен хабары жоқ деп ренжіп жатамыз ғой. Бірақ, екі күн бойы тапжылмай отырған жастарды көріп, ол ойымыздан айнығандай болдық. Көрермендердің сөз қадіріне айрықша назар аударатыны да ерекше байқалды.

Тек қана өз ақындарымызды қолдамай, тауып айтылған тіркестері үшін басқаларға да ерекше құрмет жасап отырды. Мысалы, аузы дуалы Болатбек, Мейрамбек, Аспанбек, Аян сияқты жас ақындарға тыңдармандар ұзақ қол соқты.

Сонымен екі күнге созылған аламан айтыс мәреге жетті. Жүлделі үшінші орын Бауыржан Халиолла, Мейірбек Сұлтанхан, Еркебұлан Қайназаровқа бұйырып, олар «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаты мен 400 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орын жерлесіміз Шалқарбай Ізбасар мен Бекарыс Шойбековке бұйырды. Олар да Алғыс хат пен 700 мың теңге сыйақы алды. Бірінші орынға Мақсат Ақанов ие болып, бір миллион теңгені қанжығасына байлады.

Ал, бас жүлдеге Болатбек Оразбаев ие болып, екі миллион теңге және «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапатталды. Бас жүлдегерге байрақты «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тапсырды.

Қорытындысында Бауыржан Байбек сөз сөйлеп, өте маңызды шараны жоғары дәрежеде ұйымдастырып, халыққа зор рухани сый жасағаны үшін облыс әкіміне алғыс сезімін білдірді.

— Мәдениетсіз, руханиятсыз еш жетістікке қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан, осыдан екі жыл бұрын партия съезінде қабылданған «Нұр Отан» партиясының доктринасында мәдениетке, руханиятқа, мемлекеттік тілге, ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінген болатын. Осы бағытта нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – осы айтыс. Өткен жылы республика өңірлерінде партия қолдауымен жеті айтыс өтсе, ағымдағы жылы төрт айтыс өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді ол.  

Соңынан облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы сөз сөйлеп, айтысқа қатысқан барлық ақындарға, қазылар алқасына, барлық көрерменге зор алғыс сезімін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

— Екі күн бойы асыл өнерді тамашалаған Атырау жұртының Сіздерге деген ықыласы маған да зор қуаныш сыйлады. Рухы мықты елді ешбір қиындық мұқата алмайды. Ал, халық рухани күшті өнерден алады. Ендеше, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра түсеміз. Мен осы айтыста ерекше көрінген қазақтың ақын қыздары Әсем Ережепқызы мен атыраулық Әсел Таушановаға арнайы сыйлығымды табыс етемін, — деп ақын қыздарға бөлек құрмет көрсетті. Тосыннан жол тауып кеткен әкімнің мәрттігі көрермен  тарапынан да зор қолдауға ұласты. Жалпы елдің түкпір-түкпірінен келген елуге тарта қонаққа үш күн бойы Атырау жұртының бар ыстық ықыласын көрсету оңай шаруа емес. Бұл істе сөз жоқ, облыс әкімдігі мен мәдениет саласы қызметкерлерінің тік тұрып тынымсыз қызмет етуі үлгі тұтарлық іс болды.

Бұл шара Жеңіс мерекесі алдында ерге құрмет, ерлікке тағзым етудің тамаша өнегесі ретінде көптің ойында ұзақ сақталары сөзсіз.

 

Нұрлан ҚАБЫЛОВ, Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button