Құрманғазының күмбір күйлері
Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына – 200 жыл. Осыған орай, әйгілі Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Атырау облысына гастрольдік сапармен келді.
Құрамы сексеннен астам өнерпаздан құралған ұжым мұнайлы өңірде жарты құраммен ғана өнер көрсетті. 85 жылдық тарихы бар әлемге танымал оркестр бес күнге созылған гастрольдік сапарын алдымен Индер, Исатай, Құрманғазы, Жылыой аудандарынан бастады. Аудан жұртшылығын рухани сусындатқан бұл игі шараның өтуіне Атырау облысының әкімдігі мұрындық болды.
Өнер ұжымының облыс орталығындағы концерті Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті. Концерт Түркештің «Көңілашарымен» басталып, одан соң Динаның «Әсем қоңыры», Құрманғазының «Терісқақпайы», Сейілхан Құсайыновтың «Мерекесі», Қаршығаның «Күткендесі» орындалды. Жан-дүниеңе ерекше қуат беретін бұл шығармаларды орындау барысында оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев дирижерлік етті. Сондай-ақ, концерт барысында Илья Жақановтың «Еділ мен Жайық», А.Назаровтың «Праздник мелодий», Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» шығармаларына кезек берілді. Осыдан соң, халықаралық конкурстардың лауреаты, мәдениет қайраткері Есенгелді Ырза Т.Шамеловтың «Арманда кеткен ағалар», К.Күмісбековтың «Аяулы менің мекенім» шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Сонымен қоса, оркестрдің «Махаббат бекеті» кинофильмі мен Александр Гайдайдың киноларындағы музыкаларды орындауы көрермендерді ерекше тәнті етті. Ал, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Батыржан Мықтыбаев Құрманғазының «Байжұмасын», Дәулеткерейдің «Көрұғлысын» бебеулетіп, Жантөренің «Шалқымасын» шалқытқанда тыңдармандарда дегбір қалмады.
Әсем кештің тосын ерекшелігі қазақ эстрадасының әншісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Индира Расылханның оркестр сүйемелдеуімен қазақтың халық әні «Ахау керімді», Р.Аллисонның «Жотем» әнін орындауы болды. Жиналғандарды әсем әуендермен сусындатқан оркестр концертті Нұрғисаның «Махамбет», Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерімен түйіндеді.
Хамит ӘубӘкІров, Атырау қаласының тұрғыны, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы:
– Күй өнері – қазақ қазақ болғалы бері келе жатқан ұлы өнердің бірі. Күйсіз халқымызды, өнерімізді елестету мүмкін емес. Өйткені, күй тыңдаған кезде бүкіл жаның жадырап, керемет ойға шомып, бойыңда бір ғажайып серпіліс пайда болады. Құрманғазы бабамыздың атындағы сарайда өткен кеш өте тамаша болды. Күйдің неше атасын тыңдап, бойға қуат жинап, рухани сусындап қайттық.
Фархат Байдаулетов, Атырау тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану инспекциясы бастығының орынбасары:
– Әйгілі оркестрдің әсерлі концерті жанымызға ерекше рух дарытқандай болды. Біз күмбірлеген күйге, әуезді әуенге, шалқыған шығармаға шөліміз қанған керемет кешке куә болдық.
Мұратбек Жаңабай